Dalainside телеграм каналында "Дат" газетінің негізін қалаушы, журналист Ермұрат Бапи туралы "Қажыгелдиннің сенімді серігі Мәжіліске барады: Жаңа Қазақстан Бапиге депутаттық мандатты дайындап қойды" деген тақырыппен ақпарат шықты.
Телеграм канал мұндай болжам жасауына негіз болып отырған бірнеше себепті келтірген.
"Президент сайлауына үміткерлердің тікелей эфирде өткен трэш-тогы кезінде Ермұрат Бапи Тоқаевтың өкіліне өткір сауал қойды. "Қазіргі басшы Назарбаевтың қателігін айна-қатесіз қайталап жүрмей ме?.." деген қаупін жеткізді. Қошанов мұндай сауалдың қойыларын сезгендей, танымал журналиске барынша ашық, толымды жауап қатты. Ақорданың анау-мынау емес, сайлау алды дебатта биліктің оппонентін сөйлетіп, оған сауал қоятын мүмкіндік беруі – Жаңа Қазақстанның Бапидің санатындағы тұлғалармен тіл табысқанын аңғартады. Ерекеңе Мәжілістен бір орын бұйырып тұр" делінген ақпаратты.
Dalainside Бапидың есім-сойы Қазақстан билігі үшін 30 жылдан бері – "қара күйе" болғанын, ешбір шенеунік Бапиға жуымайтынын, ДАТ-қа сұхбат бермей, ДАТ-ты тығылып қана оқитынын атап өтіп, жаңа да әділетті Қазақстан мәжілісті "мәдилерден" тазартуға мүдделі деп санайды.
Сөз соңында "30 жылдан бері әділетсіз жүйемен баспасөз арқылы арпалысқан азаматтың Шерағаның заманынан бері ойсырап тұрған орынға отыратын кезі келгендей" деп журналиске тілектестік білдіреді.
Қамшы тілшісі ақпарат туралы Ермұрат Бапимен сөйлесіп, алдағы парламент сайлауы, елдегі саяси өзгерістер жайлы аз-кем әңгіме құрды. Журналист телеграм каналдағы ақпаратты оқымағанын, мәжілістің 30 пайызын мажоритарлық негізде жасақтау бойынша "ойын ережесі" айқындалмай жатып бірдеңе деу асығыстық екенін айтады.
– Қазақстан мажоритарлық сайлаудың соңғы тәжірибесін 1999 жылы көрді. Әзірге алдағы сайлауда қанша округ болатыны, тәртібі қалай белгіленетіні, халқы көп Алматы, Астана, Шымкент, сияқты қалаларда, Түркістан, Қарағанды секілді облыстарда неше округ құрылатыны, билік сайлауды нендей заң актілерімен реттеп, қандай регламенттер болатыны айқындалмай жатып бірдеңе деу әлі ерте. Сайлау тәртібі айқындалғанда қандай да бір пайым жасауға болар еді. Сондықтан телеграм каналдағы ақпаратты теріске шығарам. Өзімді ұсыну, ұсынбау жағын сайлау тәртібі жарияланған кезде көре жатармыз.
– Сіздіңше, мәжіліс сайлауының ішінара мажоритарлық жүйемен өтетіні қоғамдық-саяси өмірге қалай әсер етеді?
– Сайлау саяси-қоғамдық өмірге қан жүгіртіп, электоралдық компанияға қызығушылық тудырады деп санаймын. Сайлауға түсіп, "Жаңа Қазақстанды" құрам деушілер қатарында айтары, ұсынары бар танымал тұлғалар бой көрсетсе, тек қуанам.
– Кей саясаттанушылар мәжілістің 30 пайызын мажоритарлық жүйемен жасақтауды саяси реформа имитациясы, косметикалық өзгеріс деп бағалап, түптеп келгенде бұл – түбегейлі саяси реформаға жол ашпайды деп санайды. Бұған не дейсіз?
– Мәскеу бір күнде тұрғызылған жоқ қой. Назарбаев жүйесін жібіту үшін 30 мандат жеткілікті деп ойлаймын. Мандаттық тәртіппен сайланғандар ең болмағанда 15-20 болып топтасып, тәуелсіз депутаттар фракциясын құрса, заң шығару инициативасына, түрлі қоғамдық, саяси құбылыстарға баға беру мүмкіндігіне ие болар еді. Парламентте балама пікір қалыптасар еді.
– Сіз айтқандай, тәуелсіз депутаттар фракциясы күш алып жатса, бұған Ақорданың реакциясы қандай болады?
– Тәуелсіз депутаттар фракциясы үлгісінен қорқатын ештеңе жоқ. Егер бүгінгі билік шынымен де Жаңа Қазақстанды құрғысы келсе, онда одан қорықпауға тиіс.
– "Назарбаев жүйесін жібіту үшін 30 мандат жеткілікті" деп қалдыңыз. Мандат саны одан көп болса ше?
– Егер мандат саны 35 болса, онда олар конституциялық заңдарға блок қоя алатын, өзгеріс жасай алатын күшке ие болады. Ал қазір геосаяси жағдай күрделі екенін, биліктен кеткен "Ескі Қазақстан" өкілдерінің билікке қайтып келу үміті барын ескеру керек. Ал оларда миллиардтаған қаржы, мол мүмкіндіктер бар. Сайлаушыларға ақша таратып болса да, дауыс жинайтындай қаржылай күшке ие. Сондықтан 30 пайыздық меже реваншиздік пиғылдағы адамдардың билікке келу рискін төмендетеді. Бәлкім, осы сайлауды 70/30, кейінгісін 50/50 етіп өткізуге болады.
– Сіздіңше, "Ескі Қазақстанмен" қорқытуды бүгінгі билік монипуляция құралы ретінде пайдаланып отырған жоқ па?
– Жоқ. Бұл – қоғамда бар жағдай. Бәлкім, "Ескі Қазақстанды" құбыжық етіп көрсету байқалар, бірақ олардың билікке келгісі келетінін жоққа шығаруға болмайды. Тоқаев саясатында жыбыр-жыбыр болса да жылымықтың әлпеті сезіледі. Кей белсенділер Тоқаевты халыққа оқ атты деп айыптап, тіпті "қанышер" деп жатады. Бұрын мұндай мүмкін бе еді? Президентке осылай айта алатын ба едік? Түрлі заңдық кедергілер арқылы мұндайды бірден жаншып отырды ғой. Қазір сең қозғалды. Енді қоғам кері қайтпайды. Өзгертістер динамикасы мимырт қадаммен басталғанымен, кері баспайды деп ойлаймын. Кей азаматтар Тоқаевты қабылдағым келмейді, оның көзін құрту керек дегенді айтады. Бірақ бізде Марстан әкеле қоятындай басқа билік элитасы жоқ. Протестік бағытқа өткен белгілі саясаткерлердің өзі биліктен шыққанын, биліктің әрекетіне наразылық танытып бой көрсеткенін білеміз. Қазір Тоқаевтың өзі кадр тапшылығын тартып отыр. Одан да әлеуметтік желіде азаматтық қоғам болып билікті өзгерістерге ықпал етуге күш салу керек.
– Ал алаң арқылы билікті өзгерістерге ықпал етуге күш салу мүмкін бе?
– Мен 25 жылдан бері протестік жақта жүрмін, талай митингте болдым ғой. Бізде митинг мәдениеті қалыптаспады. Халықтың саяси ерік-жігері тапталып қалған. Алаңға ары кетсе, бір мың жарым, екі мың адам жиналар. Ал онымен биліктің тас-талқанын шығарам деу мүмкін емесін мойындауымыз керек. Бізде жүйелі оппозиция жоқтығын мойындау керек. Оппозиция өкілдері өткен президент сайлауында бір болып жұмылып, ортақ кандидат шығара алмағанын мойындау керек. Сондықтан қазіргі уақытта алаң арқылы өзгеріске жету мүмкіндігін көріп тұрғаным жоқ.
– Ел ішінде Тоқаев Назарбаевтан жаман болып шыға ма деген қауіп жоқ емес. Бұған не дейсіз?
– Тоқаев риторикасына құлақ түрсе, әзірге істен, сөз көптеу, бірақ өзгеріске деген ұмтылысты айқын аңғаруға болады. Тоқаев өзі табиғатынан шұғыл қимылдайтын адам емес сияқты. Дипломат болғаны бар, мінезі бар әліптің артын бағатын, екі шоқып, бір қарайтын, оқиғаларды кесіп-пішіп, оның параметрін, динамикасын бақылайтын адам сияқты көрінеді. Алдағы бір жылда осындай үмітпен Жаңа Қазақстанға үлес қосу туралы ниет бар.
– Бір жылда президент өзгеріске ұмтылысын іспен көрсете алмаса ше?
– Онда халық оның айтқандары бос сөз екенін, алдампазға салу қағидаты екенін түсінеді. Бірақ өзгерістен жалтаратын себеп жоқ. Президент Тоқаевтың билігі халықтың өзгеріске деген құлшынысын бұра алмайды. Қазақстан өркениет көшінен қалмауға тиіс.
– Сіздің мына сөздеріңізден кейін "Ермұрат Бапи билік жансызы атаныпты" дейтіндеп табылатын шығар.
– Олай айтатындар қазірдің өзінде бар. Солай айтатын адам алдымен өзі азаматтық қоғам жолында, демократия жолында бір істі бастап соны жүйелі жүргізіп, ақырына дейін жеткізіп көрсін. Ондай іріткі салатын әңгіме бір ел болам деген адамның әңгімесі емес. Ешкімнен қорқатын, жасқанатын жағдай жоқ.
Пікір қалдыру