"Украина құлаған жоқ": Зеленский АҚШ конгрессінде сөз сөйледі

/image/2022/12/22/crop-8_8_652x1160_64181977_605.jpg

Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ-қа жасаған сапары кезінде конгресс отырысына қатысты. Зеленский АҚШ-тың Ресей әскеріне қарсы күресі мен Украинаға жасаған көмегін қайырымдылық емес, әлемдік қауіпсіздікті сақтау үшін жасалған инвестиция деп бағалайтынын атап өтті, деп жазады Reuters.

"Мен үшін АҚШ-тың конгрессіне қатысу, сіздердің және бүкіл америкалықтардың алдында сөз сөйлеу – үлкен абырой. Барлық қиындықтарға қарамастан Украина құлаған жоқ. Украина дін аман", – деді Зеленский.

Конгресске қатысқан шенеуніктер мен сенаторлар Зеленскийге қолдау білдіріп, қол соғу үшін бірнеше рет орындарынан тұрды. Мысалы, президенттің "Украина соңына дейін шекарасы үшін күресіп, ешқашан берілмейді" деп айтқан сөзі және қазіргі соғысты екінші дүниежүзілік соғыспен салыстыруы қатысушыларды қатты әсерлендірді.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, алдағы уақытта бейбіт келіссөздердің нышаны байқалмайды. Ресей де, Украина да соғысты жалғастыруға дайын екенін мәлім еткен.

Владимир Зеленский Джо Байденмен 10 тармақтан тұратын украиналық "бейбітшілік формуласын" талқылағанын жеткізді. 

"Байден біздің бейбітшілік жөніндегі бастамамызды қолдап жатқанына қуаныштымын. Бұл жиындағы әрбір қатысушы бастамаға үлесін қоса алады", деді Украина президенті. 

Владимир Зеленский конгрессте Украинаға екіжақты қолдаудың алдағы уақытта да жалғасатынына үмітті екенін айтып өтті.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар