Жалақыны төлеу тәртібі мен мерзімдері заң бойынша қалай реттелген?

/image/2022/12/23/crop-10_14_498x885_83573a56f31370334c77f4d7f2491c1f_xl.jpg

Жұмыс беруші мен қызметкер арасында жалақы уақытылы төленбеуіне байланысты мәселелер туындап тұрады. Осы ретте әрбір азаматқа жалақы төлеудің тәртібі мен мерзімдерінің заңдылығын білген артық етпейді.

ҚР Еңбек кодексінің 113-бабына сай, жалақы ҚР-ның ұлттық валютасында ақшалай нысанда белгіленеді және айына бір реттен сиретпей, келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірілмей төленеді. Жалақы төленетін күн еңбек шартында көзделеді.

Осы норма жалақыны төлеу тәртібі мен мерзімдерін айқындайды. Жалақыны төлеу тәртібі мен мерзімдері еңбекке ақы төлеу саласындағы мемлекеттік кепілдіктердің бірі (ҚР ЕК 102-б.).

Кейбір ұйымдарда жалақы беретін күн ұжымдық шартта айқындалады, ал кейбір ұйымдарда (көбінесе ол, ұжымдық шарты жоқ және штаттағы жұмыскерлермен еңбек шарттары жасалмайтын мемлекеттік органдарда) төлемақы нормаларын ұстанады. Өзінің нормативтік құжаттарында жалақыны төлеудің нақты мерзімдерін көрсете отырып, келесі айдың бірінші 10 күнінен кешіктірмей төлейді.

Көптеген ұйымдарда ұжымдық шарттарға немесе жұмыс берушінің актісіне сәйкес, жалақы төлеудің аванстық жүйесі пайдаланылады. Бұл ретте айдың жартысында тарифтік мөлшерлеменің (лауазымдық айлық ақының) бір бөлігін қамтитын аванс және тұрақты сипаттағы (еңбектің зиянды жағдайлары және т. с. с.) өтемақы төлемдері төленеді, ал келесі айдың басында-ынталандыру төлемдерін қамтитын қорытынды есеп айырысу жүргізіледі.

Сондай-ақ, түсіндірме беріліп отырған бапта жалақы беру күні демалыс немесе жұмыс емес күнімен сәйкес келетін, ерекше ережелер көздеген. Бұл жағдайларда жалақы демалыс немесе мереке күнінің алдында – жұмыстың соңғы күні немесе алдын-ала төленуге тиіс.

Жалақы төлеу кезінде жұмыс беруші әрбір жұмыскерге тиісті кезең ішінде оған тиісілі жалақының құрамдас бөліктері, жүргізілген ұстап қалулардың мөлшерлері мен негіздері туралы, оның ішінде ұстап қалынған және аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы, сондай-ақ төленуге тиісті жалпы ақша сомасы туралы мәліметтерді жазбаша немесе электрондық нысанда ай сайын хабарлауға міндетті.

Түсіндірме беріліп отырған бап жұмыс берушіні әрбір жұмыскерге тиісті кезең ішінде оған тиесілі жалақының құрамдас бөліктері, жүргізілген ұстап қалулардың мөлшерлері мен негіздері туралы, сондай-ақ төленуге тиісті жалпы ақша сомасы туралы мәліметтерді жазбаша немесе электрондық нысанда ай сайын хабарлауға міндеттейді.

Жұмыс беруші жалақыны толық көлемде және еңбек шартында белгіленген мерзімдерде төлемеген кезде жұмыс беруші Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.

Жұмыс беруші төлем кідіртілген кезең үшін жұмыскерге берешек пен өсімпұл төлейді.

Өсімпұл мөлшері жалақы төлеу жөніндегі міндеттемелерді орындау күніне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесін негізге ала отырып есептеледі және төлем жүргізілуге тиісті келесі күннен бастап мерзімі өткен әрбір күнтізбелік күн үшін есепке жазылады және төлем жасалған күнмен аяқталады.

Еңбек саласында еңбек заңнамасының нормаларын бұзу бойынша ҚР-ның заңдарында белгіленген тәртіппен сотқа, не мемлекеттік еңбек инспекциясына жүгінуге құқылы.

Жұмыс берушінің жалақыны толық көлемде және ҚР-ның еңбек заңнамасында белгіленген мерзімде төлемеуі, сол сияқты жұмыс берушінің кінәсінен төлемді кешіктірген кезеңін бұзғаны «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске сәйкес жауапкершілікке тартылады.

Смагулова Назым Мақсатқызы

Мемлекеттік еңбек инспекторы

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар