Қытайда коронавирустың таралуына байланысты жағдай нашарлап барады, деп жазады BBC. Сондай-ақ Қытай билігі вирус жұқтырып қайтыс болғандарға қатысты санақ жүргізудің жаңа әдісін енгізген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа әдісті қате деп санайды.
ДДСҰ-ның мәліметінше, Қытайдағы ауруханалар омикронның жаңа түрін жұқтырғандарға толы және орын жетіспеушілігі де байқалады. Қытай билігі осы аптада коронавирустан 7 адам қайтыс болғанын хабарлады.
Қытайда видустан қайтыс болғандарды санаудың өз шарттары бар. Билік ілеспелі аурулардан немесе вирустың басқа жанама әсерлерінен емес, тек COVID-19 тудырған респираторлық аурудың себебінен қайтыс болғандарды ғана есепке алмақ.
"Санақтың бұл әдісі ДДСҰ ұсынымдарына сәйкес келмейді. Нәтижесінде COVID-19-дан болатын өлім деңгейі төмен көрсетілетін болады", - дейді ДДСҰ.
Бейжіңдегі BBC агенттігінің дерегінше, Қытайдағы ауруханаларда ұзын-сонар кезек және дәрі-дәрмекке сұраныс өте жоғары. Ал Қытайдың CCTV ұлттық телеарнасы Бейжіңдегі Чаоян ауруханасы өз ресурстарын ұлғайтуға ниетті екенін, өйткені келген науқастардың саны 4 есеге өскенін хабарлады.
Осы аптада Шанхай үшін қосымша 230 мың аурухана төсегі бөлінген. Бұдан бөлек, 16-20 желтоқсан аралығында қалада өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жедел жәрдем шақыруларының саны екі еседен асқан.
Reuters сайтының хабарлауынша, Шанхайдағы аурухана басшылығы қызметкерлеріне COVID-19-ға қарсы "қасіретке толы шайқасқа дайындалыңдар" деп бұйрық берген. Өйткені, қаладағы 25 млн тұрғынның жартысы КВИ жұқтырады деп күтілуде. Себебі вирус қала арасында ешқандай жүйесіз таралып жатыр.
Британдық Airfinity зерттеу компаниясы Қытайда күн сайын 5 мыңнан астам адам коронавирустан қайтыс болуы мүмкін екенін мәлімдеген болатын. Ал Ұлттық жұқпалы аурулар орталығының директоры Чжан Вэньхун Қытайда бір апта ішінде COVID-19 жұқтырғандар саны артып, антирекорд орнайды деген болжам айтты.
Танымал ғалым әрі медик Алмаз Шарман қазақстандықтарды Қытайдағы дүрбелеңнен қорықпауға шақырды, деп жазады informburo.kz.
"Қытай "нөлдік төзімсіздік" саясатынан кейін карантин шектеулерін бірден алып тастады. Сол себепті қытайлардың көбінде ұжымдық иммунитет қалыптаспай, қорғансыз қалды. Ал бізде ұжымдық иммунитет жақсы қалыптасты. Бұл, әрине, біздің елде ешкім коронавирус жұқтырмайды дегенді білдірмейді. Тек жағдай Қытайдағыдан қарағанда жеңіл өтетін болады", деді Алмаз Шарман.
Пікір қалдыру