Тоқаевтың "қаңтар оқиғасынан сабақ алдық" дегені "билік сабақ алды" дегені ме, әлде...

/image/2022/12/23/photo1671774275.jpeg

Алматыдағы Республика алаңында қаңтар оқиғасының құрбандарына арналған "Тағзым" мемориалы ашылды. Кешеннің ашылу рәсіміне президент Қ.Тоқаев қатысты.

Президент жиналғандар алдында сөйлеген сөзінде қаңтар оқиғасы туралы біраз ой қозғады. Бірақ халықтың бейбіт наразылығы бүлікке айналып кеткенінің артында кім тұрғанын бұл жолы да ашып айтпады. Қаңтар оқиғасы "ешқашан қайталанбауы үшін біз қолдан келгеннің бәрін жасап отырмыз" деген сөзіндегі "біз" дегені билікті меңзегені ме, басқа ма, ол жағы да түсініксіз.

Президенттің жұмысшыларды, фермерлер, дәрігерлер мен медбикелер, мұғалімдер мен оқытушылар, ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері, кәсіпкерлер мен спортшыларды батыр деп атап, бұзақыларды, радикалдар мен лаңкестерді батыр етіп көрсетудің қажеті жоқ дегені бір қарағанда дұрыс. Алайда Қазақстанда саяси белсенділік үшін азаматтар радикал, лаңкес атанып кету ықтималдығы жоғары екенін ескерсек, президенттің бұл сөзі азаматтық қоғамға қарата айтылған болуы да ғажап емес.

Тоқаев "қаңтар оқиғасы бәріміз үшін үлкен сабақ болды" деген сөзінде де көпше түрді қолданды. "Билік үшін үлкен сабақ болды" емес, "бәріміз үшін" деп, сөзін тыныштық пен тұрақтылықты басты байлық екенін айтумен сабақтады.

"Біз құт-берекенің бастауы тұрақтылық екенін ұғындық. Ел тыныштығын сақтай білмесек, дүние бір сәтте астаң-кестең болатынын көрдік. Тәуелсіздігіміз бен мемлекеттігімізді күн сайын қорғауымыз қажет екенін сезіндік. «Жау жоқ деме, жар астында» деген сөздің мәнін де жете түсіндік. Ынтымақ пен бірлік болмаса, басқа жетістіктің бәрі бекер екеніне көз жеткіздік" деген сөздері "Ескі Қазақстан" жиі қолданған шүкір етуге шақыру арқылы қоғамды саяси оқиғаларға белсене қатыстырмауға тырысу риторикасына ұқсайды.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар