Мұнай-химия өндірісін дамытуды үйрену керек

/uploads/thumbnail/20170708200055683_small.jpg

Рашид ЖАҚСЫЛЫҚОВ, Қазақстанның сервистік компаниялары одағының алқа төрағасы:

– Рашид Хасенұлы, еліміздің мұнай-газ саласы қанша адамды жұмыспен қамтып отыр?
– Статистикаға сүйенсек, нақты мұнай өндіру ісімен 50 мыңнан астам адам шұ­ғылданады. Ал мұнайға қызмет көрсету са­ласында 1 мұнайшыға 5 адамнан келеді. Бұл саланың тікелей өндірістен басқа да маша­қаттары көп қой. Яғни, ғылыми-зерттеу жұ­мыстары, құрылыс нысандары, ас-суы, логистика, бұрғылау, скважинаны дамыл-дамыл жөндеу жұмыстары, жерасты жөн­деу, құрал-жабдықтар жеткізу сынды осы секторға қатысты қыруар жұмысқа 300 мың­нан астам адам тартылып отыр. 
300 мың адамның отбасы бар дейік, әрқай­сының жоқ дегенде 2-3 баласы бар. Яғни, 
1 миллион 200 мыңнан астам адам мұнай-газ секторының арқасында ел қатарлы ең­бек етіп, отбасын асырайды деген сөз. Осы аза­маттар Үкіметке алақан жаймай, кері­сін­ше, өзі салық төлеп, елдің дамуына, ны­ға­юы­на үлес қосып жатыр деп айта аламын. 
– Халық арасында «Мұнайы көп араб неге бай, қазақ неге кедей?» деген әңгіме жиі айтылады. Осыған қатысты не айтар едіңіз?
– Сауд Арабиясы мен Қазақстанның мұнай секторын салыстыру қиын. Екеуінің ерекшелігін санамалап берейін. Біріншіден, араб мұнайының тарихына көз жүгірту керек. Араб елдерінде мұнай табылып, пай­даланыла бастағанына 100 жылға жуық уақыт өтті. Олар ондаған жыл бойы жи­на­ған тәжірибесінің арқасында шикізатты кәдеге жаратып отыр. Бұл – бір деп қой­ы­ңыз. 
Екіншіден, қазақтың өз қолымен мұнай өндіре бастағанына жиырма-ақ жыл бол­-ды. Бұл салада білетінімізден білмейтіні­міз көп. Кеңес кезінде мұнай-газ секторы­на қатысты шешімдердің бәрі Мәскеуде қабылданды. Сол кездегі геологиялық де­ректер, инженерлік шешімдердің барлығы Ре­сейдің архивінде қалды. Қазақстанда білікті мамандар дайындау түгілі, мұнай өндірісінің толық циклын қамтитын үрдіс те болмаған. Толық цикл деп отырғаным – шикізаттан бастап, жанар-жағармай сатуға дейінгі аралық. 
Араб елдеріндегі, АҚШ-тағы сияқты тарихы терең компаниялар кеніштерді он­даған жыл бойы зерттегеннен кейін ғана онсыз да жердің бетіне жақын орналасқан, химиялық құрамы оңай шикізаттан пайда көрді. Олар геологиялық барлаудан бастап, барлық өндіріс жүйесін өздері жасады, тә­жірибе жинақтады. Ал бізде мұның бірде-бірі болмағанын жоғарыда айтып өттік. 
Қазақ қарамайының тарихында қа­зақ­тар немен шұғылданды? Ең алдымен кеніш­терді ағылшындар тапты, одан кейін пат­шалық Ресей қожайын болды. Қазақтар со­лардың бұйрығына бағынып, шикізатты шелектеп тасып, қара жұмыс атқарды. Ке­ңес кезінде мұнай-газ секторын зерттеген ғылыми база да болған жоқ. Басқару ісін Мәс­кеу түгелдей өз қолында ұстады. Геоло­гиялық барлаудан бастап өндірістің толық циклын өзі жасаған елдерде мұнайдың өзін­дік бағасы төмен болуына бұл да ықпал ете­ді. Арабтар 8-10 доллар арзан мұнайды со­ның арқасында алып отыр. Олар 100 дол­ларға сатқан мұнайдан 90 доллар таза пайда көреді. 
Үшіншіден, геосаяси және геогра­фия­лық ахуалды есепке алу керек. Қазақстанның теңізге шығатын мүмкіндігі жоқ. Қытай мен Ресейдің ортасындамыз, бір жағымызда мұнайы көп Иран орналасқан. 
Төртіншіден, Қазақстанның мұнайы өте тереңде орналасқан. Оны тереңнен тар­тып алу үшін үлкен күш-жігер, ақыл-ой, тех­ника, қаражат керек. Жердің бетіне ғи­марат салудың өзі үлкен жұмыс, сапасыз са­лынып, жарты жылдан кейін құ­лап жат­қа­­нын да көріп жүрміз. 5 ша­қырым те­рең­нен шикізат алудың қиын­ды­ғын өзіңіз елес­тете беріңіз. Ол үшін бар­лау, ұңғы са­лу, бұрғылау, жөндеу сияқты жұ­мыс­тар-ды айтпағанда, экологияға зиян ти­гізбеудің өзі оңай шаруа емес. 
Бесіншіден, Каспий мұнайының құ­ра­мында парафин, күкірт сияқты заттар өте көп. Арабтар сияқты өндіре салып, сатып жіберу мүмкін емес. Арабтар мұнайды ши­кізат қалпында танкіге құйып тәжірибе жа­сапты, танкі жүре берген екен. 
Алтыншыдан, мұнай өңдеу зауыт­та­рының тапшылығы. Еліміздегі МӨЗ-дер Кеңес кезінде салынған, ол өз еліміздегі мұнайды өңдеуге емес, Ресейде өндірілген мұнайды өңдеуге арналған. Біздің шикі­затты Ресейдегі МӨЗ-дерде өңдеуге тура келеді. Сол кездегі теріс саясаттың салдары күні бүгінге дейін кесірін тигізіп жатыр. Логистикалық жүйелердің дұрыс жасал­мауы да бағаға әсер етпей қоймайды. Қазір еліміздегі МӨЗ-дерді өзіміздің мұнайды өң­деуге бейімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол да қаржыны қажет етеді. 
– Сіз айтып отырған себептер мұнайдың өзіндік бағасына қаншалықты ықпал етеді? 
– Қазақстандағы «қара алтынның» өзіндік бағасы өндірілген өңіріне байла­нысты 30-50 долларды құрайды. Бұл – біршама қымбат. Егер мұнай өндірісінің про­цесін журналистер өз көздеріңізбен барып көрсеңіздер, шеті мен шегі көрін­­бейтін жұ­­мыстың көптігіне өзіңіз де таң­ға­лар еді­ңіз. 
Қазіргі мұнай кеніштері орналасқан жер осыдан 15-20 жыл бұрын шөл дала бо­латын. Қазір қайнаған қызу тіршілік. Қа­зақстанның мұнай-газ секторы уақытқа, та­рихи ахуалға сай дамып келе жатыр. Ол салада да елге жаны ашитын патриоттар жұмыс істейді.

Мұнай өндірісін жетік меңгерген аме­рикалық инвесторлардың өзі қазақ мұ­найын өндірудің қиындығын мойындай­-ды. Оларға ең бірінші маңыздысы ақша, олар бизнесмендер ғой. Тезірек өндіріп, көбірек өндіріп, табыс табуға, олар өздері де мүдделі.
– Инвесторлар демекші, қазақ мұнайын шетелдіктерге беріп қоймай, өзіміз өндіруге, кәдемізге жаратуға болмай ма? 
– Қазақстанда ең тереңде орналасқан мұнай 5 мың метрден астам тереңдіктен алынады. 5 шақырымнан әріде орналас­қан шикізатты алу «ауыр мұнай өндіруге» жатады. Экономикасы дамыған елдердің өзі мұнай секторын бірден дөңгелентіп әке­-ту қиынға соғады. Өзіңіз айтқандай, то­қы­рау кезінде бұл тіптен қиын шаруа болғаны түсінікті. Егемендік алған жылдары елі­міз­дегі кен орындарының барлығы жабық күйінде жатты. Оларды іске қосу үшін инвесторларға тәуелді болдық. Инвестор тарту үшін мемлекет оларға заңнамалық, эконо­микалық тұрғыда және саяси жа­ғынан ың­ғайлы жағдай жасауы керек бол­ды. Қан­дайда бір компания жобаға ақша құймас бұрын, ақшасының кепілдігін қам­тамасыз ететіні түсінікті. Қазір бюджеті­міздің 80 па­йызын мұнай мен газдан түскен табыс құ­райды. Ал тоқсаныншы жылдары қанша­лықты мол қаражат пен ерік-жігер қажет болғанын өзіңіз бағамдай беріңіз. Осы тұрғыда Елбасымыз бен Үкімет үлкен жұ­мыс атқарды. Геологиялық барлаудан кейін инвестиция тарту еліміздің мұнай-газ секторын көтерудегі ең басты жұмыс болды деп санаймын. 

Ал бұл саладағы Қазақстанның үлесін арттыру, жұмысшылардың жағдайын жа­-сау – біртіндеп жүзеге асырылып келе жат­қан шаруа. Қазір мұнай кеніштерінің ба­сында жұмысшыларға жасалып отырған жағдай осыдан бірнеше жыл бұрынғымен салыс­тыр­ғанда әлдеқайда жақсы. Жалақы­лары да жоғары. 
– Инвесторларға иек арта беру өзіміз­дің отандық компанияларға кедергі келті­руге әкеліп соқпай ма? 
– Керісінше, отандық компаниялар­ға қолдау деп айтар едім. Мәселен, шетел­дің бір инвесторы келіп, қазақстандық 200-300 компанияны аяғынан тік тұрғызды. Ол қалай? Жердің астындағы мұнайды тартатын скважиналар керек. Шыққан мұ­найды сақтайтын қойма керек. Мұнай таза күйінде шықпайды, құрамында су, құм, парафин, күкірт, газ болады. Оны тазарту үшін мұнай өңдейтін зауыттар керек. Ол да қып-қызыл қаражатты қажет етеді. Осы скважина, қойма, зауыттарды айтпағанда, мұнай мен газды тасымалдайтын логистика, ең аяғы жұмысшылардың жататын жері, ішетін ас-суы, байланысы, бәрі қыруар жұ­мыс. Сол қыруар жұмысты атқаратын сер­вистік компаниялар бар, олардың барлы­ғы отандық компаниялар. 
Мәселен, олар басқа да қазақстандық компаниялардың дамуына үлкен үлес қо­сып отыр. Солардың вахталық қала­шық­тарын салатын құрылыс компаниялары бой көтерді. Солардың қағазын, ас-суын, мұ­найын тасып қаншама адам жұмыс

тапты. 
Біздің экономикамызға қаражатын құйып, пайдасыз жатқан кеніштерімізден шикізат өндіріп, оны сатып, бізге салық төлеп отырғаны тағы бар. 
Құрылыспен айналысу да бірден бола салған жоқ. Сол жұмыстардың арқасында елімізде дүниежүзілік бәсекеге қабілетті екі-үш жобалау институты бой көтерген. Инвесторлар қазақстандық құрылыс ком­панияларына, жобалау институттарына тап­сырыс береді. Дегенмен, инвесторлар әрқайсысымен жеке-жеке жұмыс істегісі келмейді. Берілген тапсырманы толығымен орындап, «кілтін тапсыратын» компания іздейді. Ол компаниялар жобалауды да, құрылысты да өзі атқарып шығуға тиіс. Сол себепті, біздің компаниялар осындай ірі компанияларға айналуға тырысты. 
Тағы бір мәселені айта кетейін. Инвес­торлар мұнай-газ секторын дамытқаннан кейін логистика жолға қойыла бастады. Қазақ қарамайы құбыр, темір жол, танкер, автокөлік жолдары арқылы тасымалда­нады. Сол үшін де логистикамен айналы­сатын ірі ком­паниялар құрылды. Біздің мұ­най Еуропаға жеткенше бірнеше елдің шекарасынан өтеді. Соның бәрін мүлтіксіз атқару үшін логистиктер дипло­мат болуға тиіс. Мұнай өтетін мемле­кет­тердің заңын жетік білуі керек. Сонымен қатар сол елдегі жалпы ахуалдан хабардар болуға тиісті. Демек, мұнай-газ секторының дамуы, инвестор­лардың келуі қазақ жас­тарының білімге деген құштарлығын оятып жатыр. Яғни, инвесторлардың Қазақ­стан­ның экономи­калық дамуы ғана емес, ин­тел­лектуалдық дамуына қосқан үлесін мойындауымыз керек. 
Біз бұрын-соңды мұнай-газ саласымен айналысып көрмегендіктен, бұл салада ма­ман әзірлемек түгілі, қандай мамандар қа­жет екенін де мардымсыз білетінбіз. Бұл тұрғыда инвесторлар қазақ жастарының білім алуына, мұнай-газ маманы болуына жағдай туғызды. 
– Мұнай бағасы құлдырап барады. Ши­кі­зат қымбаттайды деген болжамдар сол-
ғын естіледі. Еліміздің мұнай секторының жай-күйі не болмақ?
– Қазақстандық мұнайдың 1 баррелі­-нiң құны – 30-50 $. Өндірілетін өңіріне қа­рай құ­рамы осы көрсеткіш ара­лығында. Шикі­зат­тың бағасы тағы да ар­зандамасына ешкім кепілдік бере алмай­ды. Мұндай жағдайда «мемлекет мұнай-газ ком­па­ния­ларына оң көзбен қарап, салық­тық, әлеу­меттік режим­дерде жеңілдік жа­сау ке­рек» деген ойдамын. Неге? Қара­пайым мы­сал келтірейін. От­басын асырап отырған сүт­ті сиырдың са­палы өнім беруі үшін жем-шөптің жақ­сы­сын соның аузына тосамыз. Ол сүт бер­ме­ген маусымда бір­ден сойып, сатып жібер­мейміз ғой. Сол сияқты мұнай-газ секторы да мемлекеттің қамқорлығын, жылы қа­бағын қажет ететін уақыт туады. 
Мың метр тереңдіктен мұнай соратын скважинаның жұмысы тоқтайтын болса, оны қайта қосу үшін 1 миллион доллар қа­ра­жат қажет. Егер бұл салаға 1-2 жыл көңіл бөлінбесе, онда жиырма жыл бойы жүріп өткен жолымызды қайта жүріп өтуге тура келеді. Осы салада еңбек етіп жүрген 300 мың адам мен олардың отбасын қай­да қоя­мыз? Сондықтан қандай қиындық болса да, мұнай-газ секторына мемлекеттің қолдауы қажет. Еліміздің Үкіметі қолдан кел­генше қамқорлық жасап келе жатыр. 
– Жиырма жылдан астам уақытта мұ­-най-газ секторы қалай дамыды? Алдағы уақытта қандай бағытта дамуға тиіс?
– Жиырма жылда біз мұнай өндіруді үйрендік. Ілеспе газды кәдеге жаратуды үйрендік. Енді мұнай-химия өндірісін да­мыту керек. Мұнайдан қалған қалдықты тауарға айналдыруға кәсіпкерлер бет бұ­-руға тиіс. 20 жыл бір адамның өмірінің үлкен бөлігі, бірақ мемлекеттің эко­номи­касында үлкен орны бар сала үшін өте қыс­қа мерзім. Алдағы уақытта мұнай-химия өндірісін дамытсақ, мұртымызды балта шаппайды. 
Мұнай секторы – үлкен ғылым. Сол үшін бұл саланы барынша терең зерттеу керек. Өндірістің геологиядан бастап, жа­нармай сатуға дейінгі циклын өзіміз атқа­руымыз керек. Мұнайдан алынатын дүние­лер ұшан-теңіз. Қазақстан көмірсутегін не­гізінен, шикізат ретінде сатудан және жа­нар-жағармай ретінде өңдеуден пайда көріп отыр. Сондай-ақ бірнеше жылдан бері фармацевтика дами бастады. Бұл басы ғана. Мұнай-химия саласын дамыту керек. 
Елімізде мұнай-газ секторына балама болып, экономиканы өрге сүйрейтін сала әлі қалыптасқан жоқ. Сиыр сапалы сүт беру үшін де, оның жем-шөбін, қорасын сай­лай­сың. Сол сияқты мемлекеттің табысының 70-80 пайызын беріп отырған салаға қо­лай­лы ахуал жасау керек. 
Сөз соңында айтарым, қарапайым ха­лық мұнай-газ секторын сынауға емес, ба­лаларын мұнай-газ мамандықтарына оқы­туға құлшынса екен. Экономиканың тірегі болып отырған саланы сынау патриоттыққа жатпаса керек. 

Дереккөз: http://aikyn.kz/

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар