Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айқындаған «100 нақты қадам» – елімізді дамыған мемлекеттердің отыздығына кіргізу жөніндегі Ұлт жоспары қазақстандықтар тарапынан жоғары бағаланды. Ұлт жоспары мен «2050» Стратегиясын жүзеге асыру – мемлекеттілігімізді нығайтуға, күрделі кезеңнен сенімді өтуге жағдай туғызады. Осы жоспардың негізінде кәсіби мемлекеттік аппарат құру, заңның үстемдігін қамтамасыз ету, индустрияландыру және экономикалық өсім, біртектілік және бірлік, есеп беретін мемлекетті қалыптастырудың 5 институттық реформасы белгіленді.
Мемлекет басшысы әрдайым құқық қорғау органдарымен сот жүйесіне көңіл аударып келеді. Құқық қорғау жүйесінің сапасын арттыру, мемлекеттік институттар жүйесін жетілдіру міндетін алдымызға aқойды. Құқықтық жүйенің реформасы аясында Елбасы тапсырмасын орындауда прокуратура органдары маңызды рөл атқарады.
Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген кезеңіне көз жүгіртіп, өткен мен бүгінгіні салыстыра қарап отырсақ, саясатта, экономикада, мәдениетте, құқық қорғау саласында жер мен көктей айырмашылықты байқаймыз. Соның ішінде елдегі тәртіпті сақтау мен адам құқын қорғауда біраз жетістіктерге жеттік. Бұл орайда Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың құқық қорғау бағытына ерекше мән беруінің нәтижесі орасан зор болды.
Байтақ Қазақстанның батысында орналасқан Маңғыстау облысында азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық қол сұғушылықтан қорғаудың тиімді жүйесі қалыптасқан. Облыс аумағында тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы айтатын болсақ, үстіміздегі жылдың өткен алты айында 4 437 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 36,3 пайызға өскені байқалады. Тіркелген қылмыстардың 1 213-і онша ауыр емес қылмыстар, 2 366-сы орта дәрежедегі қылмыстар, 440-ы ауыр қылмыстар және 18-і аса ауыр қылмыстар санатына жатады. Қылмыстық қудалау органдарының, оның ішінде әкімшілік полициясы тарапынан жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстардың өз деңгейінде жүргізілуіне қарамастан, онша ауыр емес және ауыр қылмыстардың өсуі байқалады. Сонымен бірге, облыс аумағындағы тіркелген қылмыстарды жеке баптарға жіктейтін болсақ, адам өлтіру қылмысымен 8 дерек, денсаулыққа қасақана зиян келтіру қылмысы бойынша 18 дерек, зорлау қылмысымен 24 дерек, ұрлықпен 1 776 дерек, алаяқтықпен – 474, тонаумен – 123, қарақшылықпен – 20, бұзақылықпен 468 қылмыс тіркелген. Барлық тіркелген қылмыстардың өсу деңгейіне әсерін тигізген негізінен меншікке қарсы қылмыстар болып табылады. Яғни, тіркелген 4 437 қылмыстың ішінде меншікке қарсы қылмыстар 56,2 пайызды құрайды.
Аталған санаттағы қылмыстардың өсуі негізінен мынадай себептерге байланысты: біріншіден, Маңғыстау облысы аумағына миграциялық ағымның көп болуы, яғни жақын шетелдерден көшіп келушілер санының артуы мен олардың арасындағы жұмыссыздық салдары. Екіншіден, құқық қорғау органдарының профилактикалық жұмыстарды дұрыс деңгейде ұйымдастырмауы мен патрульдік полиция қызметінде бірыңғай жүйенің жоқтығы. Қала, аудан тұрғындарының арасындағы жұмыссыздық салдары. Үшіншіден, Маңғыстау облысы бойынша ішкі істер органдарындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алуда тікелей қызмет атқаратын аймақтық полиция инспекторлары мен патрульдік қызметінің жеке құрамындағы қызметкерлердің жетіспеуі салдарынан орын алып отыр. Бұл кемшіліктер ішкі істер органдарының қылмыстық құқық бұзушылықты болдырмаудағы шараларының жеткіліксіз және тиімсіз екенін айғақтайды.
Аталған заң бұзушылықтар мен кемшіліктердің көптеп орын алуына жол бергені үшін облыстық ішкі істер департаментінің өз міндеттеріне сай ведомстволық бақылауды жүргізбегені үшін Бас прокуратураның қолдауымен ішкі істер министрлігіне заң бұзушылықты жою туралы ұсыныс жолданды. Нәтижесінде Ішкі істер департаментінің 34 лауазымды қызметкері әртүрлі сипаттағы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Облыс прокуратурасы тарапынан биылғы жылы бірқатар талдаулар жүргізілді: қылмыстар, оқиғалар туралы арыздар, хабарламалар және өзге де ақпараттарды қабылдаудың, тіркеудің және қараудың заңдылығы талданды; тіркелген қылмыстардың өсу себептері мен орын алу жағдайларына талдау жасалды.
Облыс бойынша қала, аудан прокурорлары аса ауыр қылмыстар мен қоғамдық жаңғырық туғызған деректер бойынша оқиға болған жерге дер кезінде шығып, маңызды тергеу әрекеттеріне қатысып, құжаттар мен қылмыстық істерді оқып, қажетті нұсқаулар беріп отырады. Сонымен бірге, облыс прокуратурасы жергілікті қылмыстық қудалау органдарымен бірлесіп, жаңа Қылмыстық және Қылмыстық-процессуалдық заңнамалар нормаларының қолдану тәжірибесін бақылауға алып, мониторинг жүргізеді. Сол жүргізілген мониторинг нәтижесімен анықталған негізгі мәселелер туралы тиісті ақпараттар әр бейсенбі сайын Бас прокуратураға жіберіледі.
Аталған бағыттағы жұмыстар, оның ішінде заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмыстың алдын алу бағытындағы заңдылықтың сақталуы облыс прокуратурасының әрдайым бақылауында.
Маңғыстау облысында миграциялық, шетелдерден келетін жұмыс күштері туралы мәселе аз емес. Облыстың прокуратура органдары тарапынан осы жылдың өткен жартыжылдығында 7 рет тексеру жүргізіліп, 281 заң бұзушылық анықталып, 13 адамды тәртіптік, 55 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартып, 2 қылмыстық іс қозғады. Прокурорлық ықпал ету әдісімен ағымдағы жылы 10 заңды тұлғаға қатысты берілген 110 шетелдік жұмыс күшін тарту туралы рұқсаттары кері қайтарылды. Мысалы, «Чжунте Казахстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шетел азаматтарын жергілікті атқарушы органның рұқсатынсыз жұмысқа қабылдаған.
Тағы бір мысал, «Емир» ЖШС еңбек заңнамаларын бұза отырып, Қытайдың 11 азаматын рұқсатсыз жұмысқа қабылдаған. Нәтижесінде Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің көші-қон полиция басқармасына «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 517-бабының 5-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс жолданды. Бұдан басқа, прокурорлық ықпал ету актісі бойынша жергілікті атқарушы органның 15 шетел азаматына берілген рұқсаты кері қайтарылды. Сондай-ақ, Мұнайлы ауданының прокуратурасы осы ауданның ішкі істер бөлімін тексеру кезінде «Халықтың көші-қоны туралы» заңнама талаптарының бұзылуына жол берілгенін анықтады. Осы ауданның ішкі істер қызметкері шетел азаматтарын рұқсатсыз жұмысқа қабылдаған жұмыс берушіні әкімшілік жауапкершілікке тартпаған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, бүгінгі күні тергеу амалдары жүргізілуде.
Сондай-ақ, Ақтау қаласының прокуратурасы «АЛЗ» ЖШС-не тексеру жүргізіп, 10 шетел азаматының заңсыз елімізде жүргені анықталып, олар мемлекет аумағынан шығарылды. Жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Облысымызда кейде шекараны бұзу деректері де кездеседі. Жақында Қарақия аудандық сотында Қылмыстық кодекстің 392-бабының 1-тармағы (мемлекеттік шекараны заңсыз бұзу), 335-бабының 4-тармағымен (алдын ала ұйымдасқан топпен заңсыз бекіре тұқымдас балықтарды аулау) қозғалған қылмыстық іс қаралып Әзербайжанның 4 азаматы 2 жыл 6 ай бас бостандықтарынан айыру жазасына кесілді. Себебі, олар Каспий теңізінің Қазақстанға тиесілі аумағында 990 килограмм бекіре тұқымдас балықтарды аулап, заңсыз әрекеттерімен мемлекетке 8,4 миллион теңге залал келтірген.
Қандай да бір жетістіктің түп қазығы – тәртіп. Тәртіп бар жерде табыс бар. Елбасымыз құқық қорғау жүйесін әлемдік стандарттарға, қазіргі нарықтық жағдайларға сәйкестендіретін өзгерістерді нақтылап берді. Біздің ендігі міндетіміз Мемлекет басшысының сол тапсырмаларын орындап, тәртіп пен әділеттілікті орнықтыруға атсалысуымыз керек. Сонда ғана жұмысымыз нәтижелі болмақ.
Дерек көз: Егемен Қазақстан
Пікір қалдыру