Жаңа жүйе

/uploads/thumbnail/20170708200103589_small.jpg

Мұғалімдер қауымы үшін айрықша ыстық мәуелі күздің бел ортасында «Өрлеу» педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру ұлттық орталығының құрылғанына үш жыл толады. Үш жыл: бұл көп пе, әлде аз ба? Аталмыш кезеңде біліктілікті арттыру жүйесінде ерекше не өзгерді? Алдымен, атап өту керек, осынау қысқа мерзімде көптеген шаруалар тындырылды. Қазірдің өзінде біліктілікті арттырудың қазақстандық жүйесін түбегейлі жаңартуға бағытталған іс уақытында және сенімді түрде қолға алынғанын айтуға тиіспіз.

Бүкіл әлемде үздіксіз білім жүйесін құруға басымдық бе­ріледі. Бұған дейінгі «Өмір бойы оқу керек» қағидасына керісінше, бүгінде «Бүкіл өмір бойы оқу керек» қағидаты іске асырылуда. Мұнда біліктілікті арттыру жүйесіне жетекші орын берілетіні белгілі. Қазіргі күні «Өрлеу» ұлттық орталығы, оның облыстық филиалдары өзіне жүктелген міндеттерді табысты орындап келеді дей аламыз. Бұған орталықтың тұғыр­намасын нықтау, қызметтің маз­мұнын анықтау нәтижесінде қол жет­кізуге мүмкіндік туды.

Соған орай халықаралық қоғамдастықтың тәжірибесі тео­рия жүзінде де, практикада да егжей-тегжейлі зерттелді. Мәсе­лен, Ұлыбританиядағы, Ко­реядағы, Син­гапурдағы, әлемнің басқа да дамыған елдеріндегі біліктілікті арттырудың ұйымдық жоспарлары мен оқу-әдістемелік кешендері әзірленіп, тек үшінші базалық деңгейдегі курстарда ғана емес, сонымен бірге, пән мұғалімдерінің қысқа мерзімдік курстарында да негізге алынды. Біздің филиалымызда осы жылы Кембридж бағдарламасы бойынша үшінші базалық деңгейдегі курстардан 781 педагог өтті. Ал ағымдағы жылдың қыркүйегінен бастап тағы 190 педагог оқуға кірісті. Қысқа мерзімдік курстарда 2456 педагог оқыды.

Институтта деңгейлік бағ­дарламалар орталығы жұмыс істейді, мұның өзі барлық сер­тификатталған мұғалімдерді шоғырландыруға мүмкіндік бе­реді. Ал желілік қоғамдастықты құру курстан кейінгі кезеңде пе­дагогтармен бірлесіп жұмыс істеуді жалғастыруға ықпал етуде. Сөйтіп, сертификатталған педа­гогтар оқу үдерісіне барлық жаңашыл істерді табысты енгізуге мүмкіндік алды. Мұнымен қоса, педагогикалық ұжымдарда оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыруға деген көзқарас елеулі түрде өзгерді. Тіпті, оқушылар білім үдерісінің белсенді субъектілері болып табылуда, өйткені, олар табысқа жетудің өзі жеке негіздеу мен оқудың нәтижелілігіне байланысты екендігін түсінеді.

«Өрлеу» жоспарына сәй­кес педагог жұмысының тағы бір маңызды аспектісі – элек­трондық оқытуға айрықша кө­ңіл бөлінуінде. Бүгінде бұл – уақыт талабы. Әлемдік білім ке­ңістігіне кіру үшін педагогтар инфокоммуникациялық әлеуетті жетік меңгеруі тиіс. Әсіресе, «E-learning» жобасы педагогтар үшін жаңа мүмкіндіктер ашатыны сөзсіз. Қазірдің өзінде саланы басқару жүйесін автоматтандыру енгізілуде: электрондық журналдар, кесте, күнделіктер, кітапханалар және т.б. Осыған байланысты, қыркүйек айынан бастап институтта «е-learning» енгізу жөнінде курстарды өткізуге кірістік. Биылғы жылы 301 пән мұғалімі және Ақмола облысы колледждерінің 25 оқытушысы арнайы курстардан өтеді. Бұл курстарда сабақ беруді аймақтық тренерлер, біздің институттың оқытушылары Р.Мұқанова, А.Омарова, Д.Сейпиев, С.Шөкі­мова жүзеге асырады. Олар Ал­матыда «Білім ұйымдарында «е-learning» электрондық оқыту жүйесін басқаруды үйретудің, оқытудың технологиясы» курс­тарында дәріс тыңдағаннан кейін тиісті сертификаттар алған болатын.

Біліктілікті арттырудың қа­зіргі қолданылып жүрген жүйе­сінде оқытушылар құрамын даяр­лауға айрықша мән беріледі. Курстарды жүргізуге рұқсатнама алу үшін алдымен оған жауапты әрбір адам тиісті оқудан, тестілеу процедурасынан өтіп, сынақ тапсыруы керек. Сондай-ақ, қысқа мерзімдік курстарда да оқу үдерісі сапалық жағынан өзгерді. Институт оқытушылары сертификатталған тренерлердің интерактивтік әдістемелерін пайдаланып, курс тыңдаушылары үшін оқу-әдістемелік кешендерді (мануалдар) әзірледі. Кіріспе және қорытынды тестілеу енгі­зілді. Осынау әдістер курстың қызметінің тиімділігін күшейтуге мүмкіндік беруде.

Бүгінгі тәжірибе Қазақстан Рес­публикасында білім жүйе­сін дамытудың 2011-2020 жыл­дар­ға арналған Мемлекеттік бағ­дарламасында белгіленген идеялар нақты жүзеге асып жатқандығын айғақтайды. Білім мекемелеріндегі инновациялық қайта құрулардың жандандыры­луына «Өрлеу» ұлт­тық орта­лығының бастамасымен өтіп жатқан шаралар – тұңғыш рес­пуб­ликалық педагогикалық оқулар, филология пәндері мұға­лім­дерінің съезі, «Жыл әдіс­кері» республикалық конкурсы, пе­дагогикалық инновациялар жәрмеңкесі, педагогтардың та­мыз кеңесі едәуір дәрежеде ық­пал етуде. Педагогтар өз жетіс­­тіктерін шеберлік сынып­тары­ның, баяндамалардың, пікір­таластардың, конкурстардың ба­рысында көрсетуге толық мүм­кіндік алды. Қазақстанның педа­гогикалық корпусы өткен фо­румдарда өз еңбегінің нақты нәти­желерін бағамдауға, шығар­ма­шылықпен жұмыс істеуге, өзінің кәсіби шеберлігін ұштауға қол жет­кізе білді.

Педагогика ғылымдарының докторы Гүлназ Ахметова жетек­шілік ететін «Өрлеу» педа­гоги­калық қызметкерлердің білік­­тілігін арттыру ұлттық орта­лы­ғының кәсіби білгірлігінің, об­лыстық филиалдардың белсенді жұмысының арқасында алғашқы жылдың міндеттерін табысты атқаруға қол жеткізілді. Қазіргі заманғы компьютерлік технологияны енгізу филиалдардың орталықпен тұрақты байланыс жасауына мүмкіндік берді – элек­трондық пош­та, әкімшілік кеңестер мен онлайн тәртібіндегі ілездемелер, вебинарлар жедел ақпарат алуға мүмкіндік жасап, жүргізіліп жатқан жұмысқа екпін берді. Осының нәтижесінде Біліктілікті арттырудың ұлттық жүйесінің қалыптасуы қарқын алып келеді. Мұның өзі Қазақстан Республикасында Білім жүйесін дамытудың мемлекеттік бағдар­ламасында қойылған міндеттер бұдан былайғы уақытта да табыс­ты шешілетінін айғақтайды.

Дереккөз: Егемен Қазақстан

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар