Әсем өмірдің әдемі жалғасы

/uploads/thumbnail/20170708200104230_small.jpg

Өткен ғасырдың орта тұсында дүниені дүр сілкіндірген алапат соғыстың жарасы құлан-таза жазыла қоймаған алма­ғайып уақыт еді. Есесіне соғыстан оралған жігерлі жігіттердің отызда орда бұзғандары енді қырқында қырқа асар шақта. Байтақ елдегі сияқты, қарт Қаратаудың қойнауындағы елді мекендерде жас отаулардың да қатары көбейіп, баланың базарлы ұясына айналған дәуренді мезгіл. Соғыстан жүдеп, отбасында баланың дүбірі азайған ауылдың ажары кіре бастаған. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай шақ десе, дегендей-ақ.

Алпысыншы жылдың шыжыған шілдесінде Шолақтаудағы сондай бір жұ­пыны шаңырақта және бір нәресте іңгәлап дүние есігін ашты. Әкесі құлағына азан шақырып сары шақалақтың есімін Әсемхан деп атаған. Енді бұдан былайғы әсем өмірдің діңгекті бір азаматы болғай деп көкседі ме… бәлкім, ырымдаған шығар. Бүгінде сол шал тіріліп келсе баламның атына тағдыры сай өрбіген екен деп қуанар да еді…

*  *  *

…Сол күні жылдап жұмбағының шешуіне жеткізбеген жұмысының түйіні шешілуге шақ қалғандай көрінді. Бұған дейін ше…

Бұған дейін сансыз ақ парақтың бетіне өзді­гінен жүретін машинаға арналған бола­шақтағы «ақылды» доң­ғалақтардың, адым­дағыш аяқтардың не­ше түрлі үлгі-макеті сан сызылған. Онда есеп жоқ. Бұйыртса, сол жаңа­лы­ғының сырын ашатын кілт енді табылғандай екен.

Әсемханның жанын бір қуаныш сезімі билей түсті. Іштегі жылы сезім ағысы алдамаса, бұл жұ­мысы да абы­ройлы бол­мақ. Солай деп сенімді ойлады.

Жанын толғап, түн ұйқысын тонаған күндердің қуанышпен қауышар кезде, бойында осындай сезім байқаларын көптен аңғаратын. Өткенде машинаны жылжытар доңғалақты жетілдіруге қатысты берген және бір бөлшегі әзір болыпты. Кеше соны жинастырып көрген. Көңілінен шықты.

Бірден ұстазы техника ғылымдарының докторы, профессор Әбіл Мұратұлына қуанып телефон шалды. Әбекең адым­дағыш аяқты да, доңғалақты да ертең машинаға кигізіп көріп сынақтан өткі­зуге шешім қабылдады. Солай жасады да. Екі жаңалық та бұлар күткендей ойла­ғандарындай болып шықты. Есептен де қателік кетпепті. Доңғалақтың секундтық айналымы, ады­­мының дәлдігіне екеуі де ойла­ғаннан бетер сәтті шық­қанына балаша қуан­ған. Дөңгелеуі, адым­дағыш аяқ­тың адымдауы есептік күт­кен нәтижені көр­сетті.

Әсемханның ғылыми ізденістерінің басты ба­ғыты осы сала болатын. Сол орайда ашқан жаңа­лық­тарымен әуелі техника ғылымдарының кандидаты, бертін докторлық ғылыми дәрежесіне ие болды. Са­ланың білікті мәскеулік ғалымдары да жұмысқа үл­кен баға берген.

Сонда, Әсемхан аза­матыңыздың жаңа­лығы – машинаға кигізер доңғалақтарының, адымдағыш аяқтарының сыры неде де­мексіз. Оны түсіндіру үшін бір мысал айтсақ ұғынықты болады.

Сіз теміржол бойында жүйткіп жүр­ген шағын машиналарды білесіз. Иә, оны дрезина дейді. Оныңыз жол жөн­деушілерге таптырмас көлік, қажет болса теміржол бойында болған апатты жерге шұғыл алып барады, материалдарды да жеткізеді. Бірақ, оның бір олқылығы бар, ол теміржол рельсі үстімен бір ғана бағытта – не алға, не артқа ғана қозғалады. Енді сол көлігіңізге Әсемханның әлгі ойлап тапқан доңғалағын немесе адымдағыш аяғын ауыстырып кигізер болсаңыз онда ол кез келген бағытпен, қандайда жолсызбен жүріп өтіп немесе адымдап сізге көп көмегін көрсетеді, қандай да ауыр жұмыс болсын бірге атқаруға септеседі. Ондай доңғалақ, адымдағыш аяқтарды теміржол бойындағы, ауыл шаруашылығындағы түрлі техникаларға кигізіп пайдаланса қиын деген таулы-тасты учаскелерде еркін жүріп, кез келген жұмысты атқарады, тапсырманы орындайды.

Жастар туралы айтқанда, профессор­дың жанары нұрланып тұрды. Ұстаз ретінде, елдегі іргелі жоғары оқу орны­ның бірі – Қазақ жол қатынастары универ­ститетінің оқу ісі жөніндегі прорек­торы ретінде жастар жайын жақсы біл­гендігінен болар. «Қазіргі жастардың бәрін бірдей кінәлай беруге болмайды, – деді, енді бірде. – Олардың ішінде білімге құштарлары жеткілікті. Оның үстіне бүгінгі ұрпақ жаңа технологияның қыр-сырын білуге, на­рықтық жүйенің талабын игеруге ынталы, икемді келеді. Бұрынғы жастар да өзінің заманы талаптарына сай болған…»

*  *  *

«Бұрынғы…»

Бұрынғы демекші, Әсемхан бала кезден Қаратау қаласының іргесіндегі Тамды орта мектебінде оқып жүргеннен техникаға үйірсек болды. Әрбір тетіктің шалт қимыл-қозғалысы қызық та, сиқырлы көрінетін. Сырын ұғуға құлшынатын еді. Содан ақыры мектеп бітірген жылы Шолақтаудағы жеміс-консервілеу зауытында қатардағы жай жұмысшы болғаны бар. «Ақылды машиналардың» жұмысын сонда көріп, сонда алғаш танысқан, таң-тамаша болған. Есінде бәрі.

Кейін Қазақ политехникалық институтында (1979-1984) оқыған жылдары, сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ мемле­кеттік университетінің жанын­дағы роботты техникалар жөніндегі респуб­ликалық ғылыми-әдістемелік орталықта (1984-1991) инженер болып қызмет атқар­ған жылдары Әсемханның техникамен «тамырластығы» тіптен күшейген.

Ғылыми ізденіске бейім жас назардан тыс қалмады. Бір күні ойламаған жерден М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясынан шақырту алсын. Бұл қуана келіскен. Өйткені, бұл академия теміржол саласындағы жаңа техника мен технологиялардың кең өріс ашатын үлгі ұясындай көрінген. Солай болды да. Ол туралы енді ғалымның көз майын тауысып жасаған еңбегіне қатысты мына көрсеткіштер айғақ.

Профессор Әсемхан Қайнарбеков бұған дейін КСРО тұсында ашқан жаңа­лықтары үшін 4 авторлық куәлікке ие болса, одан кейінгі жылдары 8 патент алды. Бұл жылдары ғалымның 1 монографиясы, 5 оқу құралы және 125 ғылыми мақалалары жарық көрді. 15 ғылым кандидатын, 2 ғылым докторын даярлады. Теміржол саласындағы жоғары оқу орындары студенттеріне арнап жазған «Машина бөлшектері және құрас­тыру негіздері» кітабы халықаралық оқулықтар байқауында дипломмен марапатталды.

Ғылыми қоғамдық жұмыстары да бір кісіге жүк болғандай. Н.Исанов атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің ғылыми атақтарды қорғау жөніндегі диссертациялық кеңес мүшесі, «Омбы аймақтық институ­тының хабаршысы» журналының редак­циялық алқа мүшесі, Халықаралық жалпы ресейлік жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар байқауының эксперттік комис­сиясының мүшесі, әрине «Нұр Отан» пар­тиясының қатарында.

Еңбектің өтеуі болмай қалған жоқ. «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапат­талып, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің озаты атанды. Елбасы Нұр­сұлт­ан Әбішұлы Назарбаевтан алған Алғыс хаттың да орны бөлек. Ол ұрпақ тәр­биесіндегі қызметін қанаттандырып, серпін бергендей. Бұл бүгінде жігіт ағасы атанған азамат үшін аз нәтиже болмаса керек.

*  *  *

«…Баламның аты тағдырына сай өрбіген екен деп қуанар еді». Бастапқыда солай дегенбіз.

Иә, әке арманы алдамапты. Өмір жолы өнегесімен өрбіді. Уақытының бәрі ғылымға, болашақ ұрпақ тәрбиесіне арналып келеді.

Ұрпақ демекші, жоғары білімді тарихшы Гүлләзат екеуі екі ұл тәрбиелеп өсірді. Екеуі де жан-жақты жақсы жоғары білім алды. Асылханы инженер-математик, екінші жоғары білімі экономист. Асыланы инженер-электроншы, оның да екінші жоғары білімі экономист. Екеуінен сүйген немерелері Дария, Дастан мен Диас жан шуағы.

…Әке аңсаған «әсем өмірдің әдемі жалғасы» дегеніңіз осындай болар.

 

Дерек көз: Егемен Қазақстан

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар