Ұлы ұйымдағы ұтымды ұсыныстар

/uploads/thumbnail/20170708200106855_small.jpg

Қазақстан Рес­пуб­ликасының Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөздерінде жал­пы әлемдік қоғамдастыққа ортақ мәселелерді көтерді, келелі ұсы­ныстарды ортаға салды.

Осы ғасырда адамзаттың ең басты міндеті әлемді соғыс қатерінен арылтатын және оның себептерін жоятын стратегия – Жаһандық Стратегиялық бастама – 2045  жоспарын әзірлеуді ұсынды. Оның басты мәні – адам­заттың дамуы үшін жалпыға ортақ жауапкершілікті орнықтыру болып табылады. Сонымен қатар, Елбасы Ұйымның биік мінбесінен БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік кеңесін Жаһандық даму кеңесіне айналдыру қажеттігін атап өтті.

Мемлекет басшысы біздің еліміз ядролық полигонды жапқан және қуаттылығы жағынан төртінші орындағы атом қару-жарағынан өз еркімен бас тартқанын айта келіп, БҰҰ-ның ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі жалпыға ортақ декларациясын қабылдауды және Ұйымның қолдау көрсетуімен халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы тұра алатын бірыңғай әлемдік желі құруды ұсынды. Елбасының ұсыныстарының барлығы әлемдік маңызға ие, өткір әрі өзекті мәселелер екендігін танымал саясаткерлер мен сарапшылар атап өтуде.

Қазақстан басшысы жаһандық жиын барысында еліміздің бүгінгі қол жеткізген жетістіктерінен, Арал теңізіне қатысты қазақстандықтардың жүзеге асырған жобаларынан да хабардар етті. Елбасы сессия аясында, сондай-ақ, бірқатар мемлекеттердің басшыларымен екіжақты кездесулер өткізіп, ынтымақтастықты тереңдету жолдары жөнінде пікір алмасты. Соның бірі – Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев пен АҚШ Прези­денті Барак Обаманың кездесуі болды.

Газеттің бүгінгі нөмірінде Елбасының БҰҰ Бас Ассамблеясы сессиясында көтерген мәселелеріне қатысты пікірлер жарияланып отыр.

ТЫҢ ОЙЛАР, жаңа БАСТАМАЛАР

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ-ның мерейтойлық сессиясында сөйлеген сөзінен

·         Қазақстан халықаралық қатынастардағы өзара сенімді қалпына келтіруге, халықаралық құқықтың негізінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған барлық бастамаларды қолдайды.

·         Мен жер бетіндегі өркениет таяудағы отыз жылда соғыстар мен қақтығыстардың шиеленген түйінін даналықпен тарқату үшін күш-жігер таба алатынына сенімдімін.

·         ХХІ ғасырда адамзаттың ең басты міндеті әлемді соғыс қатерінен мүлде арылтатын және оның себептерін жоятын стратегияны жүзеге асыру болуға тиіс.

·         Біріккен Ұлттар Ұйымының 100 жылдығына Жаһандық Стратегиялық Бастама – 2045 жоспарын әзірлеуді ұсынамын. Оның мәні – әлемдік дамудың жаңа трендін қалыптастыру.

·         Мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Экономикалық және әлеуметтік кеңесін Жаһандық даму кеңесіне айналдыруды ұсынамын.

·         Жобасы Астана экономикалық форумы аясында қызу талқыланып келе жатқан Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік жоспар идеясы өте өзекті болып көрінеді.

·         Әлемді алаңдатып отырған терроризм, мемлекеттердің күйреуі, көші-қон және өзге де келеңсіз құбылыстар экономикалық дағдарыстың, кедейшіліктің, сауатсыздық пен жұмыссыздықтың салдарлары.

·         ХХІ ғасырда әлемге сапалық тұрғыдан жаңа қаржы құралдары керек. Осы орайда, жаһандық орнықты даму мен өсіп-өркендеудің мақсаттары мен міндеттеріне сай келетін ұлтүстілік әлемдік валюта қажет.

·         Хиросима мен Нагасакиді атом қаруымен бомбалаудан соң 70 жыл өткенде ядролық қарусыз әлем қалыптастыру ісін адамзаттың ХХІ ғасырдағы басты мақсаты етуге шақырамын.

·         БҰҰ-ның ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі Жалпыға ортақ декларациясын қабылдауды ұсынамын.

·         Жаһандық антиядролық қозғалыс құру маңызды міндет болып отыр. Жер бетіндегі әрбір адам ядролық сынақтарға тыйым салу ісіне өз үлесін қоса алады.

·         Санкцияларды БҰҰ-ның Жарғысы мен халықаралық құқық нормаларына қайшы келетін әрекет ретінде бағалап, олардың өз бетімен қолданылуын болдырмау қажет.

·         Миллиондаған адамдардың игілігіне әсер ететін халықаралық санкциялар қолдану құқығы Қауіпсіздік Кеңесінің ерекше құзырында болуға тиіс.

·         2016 жылы БҰҰ-ның халықаралық құқықтың арқаулық қағидаттарын бекітуге арналған жоғары деңгейдегі халықаралық конференциясын шақыруды ұсынамын.

·         Терроризм мен діни экстремизмнің қаупі жаһандық ауқымға айналып барады. БҰҰ-ның қолдауымен халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы тұра алатын бірыңғай әлемдік желі құруды ұсынамын.

·         Болашақты ескеріп, «ЭКСПО-2017» көрмесі инфрақұрылымы негізінде Астанадан БҰҰ-ның қолдауымен Жасыл технологияларды және инвестициялық жобаларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық ашуды ұсынамын.

·         ХХІ ғасырда Даму орталығы әлемнің ең үлкен континенті – ғаламшар тұрғындарының үштен екісі мекендейтін, ірі ресурстар шоғырланған Азияға қарай ойысады.

·         БҰҰ-ның штаб-пәтерін Азияға көшіру мәсе­лесін ойластыруды ұсынамын. Қазақстанның бастамаларын Ұлттар қауымдастығы қабыл­дай­ды деп зор үміт күтемін.

Ұмытылмайтын күн

Қазақ сөзі Атлант мұхитынан айбарлы естіліп, Тынық мұхитына, одан әрі Үнді мұхитына, әлемнің түкпір-түкпіріне  жетіп жатты. Сүйінбай Аронұлы, ХІХ ғасырда «Бөрілі менің Байрағым» өлеңінде: «Бөрілі Байрақ астында, Бөгеліп көрген жан емен! Бөрідей жортып кеткенде, Бөлініп қалған жан емен!» – деген екен. Біріккен Ұлттар Ұйымының 70 жылдық мерейтойында Қазақ елінің  әлемдік үрдістен бөлініп көрмегендігін, айтар асыл ойдан бөгелмегенін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халқымыздың жүйрік тілімен, терең ойымен, салиқалы сұлу сөзімен жеткізе  білді. Мәңгілік Ел болуға бағытталған асыл мұраттарын  айтып берді.  Қазақ елін әлемге тағы да бір қырынан танытты. «Арыстанмын айбатыма кім шыдар? Жолбарыспын маған қарап кім тұрар? Көкте – бұлт, желмен гулеген, Жер еркесі желдің жөнін кім сұрар?» – деген Мағжан Жұмабаев ақын секілді саралағандай болды Елбасы.

Адам өміріне қара таңба салған, адамзатты қиянатпен ластаған, орынсыз қырғынға ұшыратқан  қан-қасап соғыстардың сұмдықтарынан сабақ алуға, әлемдік дүниені  ондай кесапаттардан құтқаруға деген ұлы ой-түйіндерін осы БҰҰ мінберінен айтқан да Елбасы. Ол жер жүзінде қоюлана түскен экстремизм, діни қақтығыстардың зардаптарын ашып берді.  Ядролық  қарусыз  әлемге  адамзат тарихында алғаш  қадам  басқан Қазақстанды дүние жүзіне тағы бір рет паш еткендігіне бойымызды мақтаныш сезімі биледі. БҰҰ әлемде бейбітшілікті сақтау, экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету, аштық пен қайыршылықтан адамзатты қорғау, тағы басқа көптеген мерейлі мақсаттарды қамтамасыз ету мәселелеріне әлемнің зейінін аударды. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстанның 2017-2018 жылдары өтетініне сенім білдірді. Осы үлкен, іргелі ұйымның штаб-пәтерін Азия құрлығына көшіру туралы ұсыныс айтты. Ассамблея мінберінен Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ елінің рухы таңғажайып, асқақ ойы өзіне тәңірдей сенімді, сөз құдіреті ұлы даламыздағы соғып тұрған жер жүрегінің қуаты секілді көрінді. Өзінің де, туған халқының да ірілігін көрсетті. Елбасының сөзі мені еріксіз ойландырып, баурап алды. Қазақ тілінде сөйлегендіктен айтылған сөздерді ерекше тебіреніспен қабылдадым. «Тура сөзден өзге сөзді сөз деме, Теріп түгел сөз сарасын таңдадым, Бір ғажайып құрастырдым, талғадым, Тілім болып, мәпеледім-бүрледі, Жұпар шашып, шешен айтып гүлдеді», – деп Жүсіп Баласағұни айтқандай, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев керек сөзді таңдағанына және ұлы сөзді айтқанына, сонымен бірге қазақ тілін әлемдік деңгейге көтергеніне патша ниетпен үлкен алғыс  айтамын.

Ниетжан БЕРІКҰЛЫ,

Құдайберген Жұбанов атындағы  өңірлік

мемлекеттік университетінің профессоры.

Ақтөбе.

Жаңаша ойлау машығы деген міне, осы!

Халықаралық қауымдастықта лайықты орны бар Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы сыртқы саясатын Елбасымыз асқан дәйектілікпен, салиқалы білгірлікпен жүргізіп келе жатқанын қазақстандықтар жақсы біледі, жоғары бағалайды. Нұрсұлтан Әбішұлының биік мінберлерден адамзатты толғандырып отырған өте ауқымды жаһандық мәселелер жөнінде ой бөлісумен қатар жүзеге асырудың нақты қадамдарын ұсынуы сарабдал саясаткердің ғана қолынан келсе керек. «Егемен Қазақстанның» кешегі нөмірінде жазылғандай осы кезең аралығында БҰҰ штаб-пәтеріне 7 рет ресми сапар жасауы, Ұйымның Бас Ассамблеясының жұмысына 6 рет қатысуы соның бір айғағы болса керек.

Ал Президентіміздің Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының сессия­сында әлемдік саясатқа қатысты жалпы пікірталаста сөйлеген бұл жолғы сөзінің бәсі де, толғамы да бөлекше естілді. Жаңашылдық сипатымен, проблемаларды нақты қоюымен ерекшеленді. Бәрінен де қазақ тілінің қуатты үні саңқылдай естіліп, ұйымдағы ресми алты тілге ілеспе аударылуы мерейімізді тасытты. Мұндай сезім күйіне өзгелердің де бөленгені анық. Ұйымның 70 жылдығына арналған саммитіне қатысқан Елбасымыздың негізгі сессиядағы, пікірталастар барысындағы әр сөзін үлкен ынтамен тыңдадым. Оларда Қазақстанның барлық саяси және экономикалық мәселелер бойынша ұстанымдары қаржылық дағдарысты, халықаралық лаңкестікті, кедейшілікті, азық-түлік қауіпсіздігін, бейбітшілікті реттеу секілді бірегей үнқатысулармен тығыз бірлікте байланысып жатты.

Мені ерекше қызықтырғаны БҰҰ-ның штаб-пәтерін Азияға көшіру туралы тың ұсыныс, соны бастама болды. «Азияның дамып келе жатқан экономикаларының қуатты серпіні жаһандық үдерістердің жаңа сипатын танытып отыр. Осы үдерісті ескере отырып, мемлекеттердің өзара қарым-қатынасына жаңа серпін беру үшін бұл тарихи мүмкіндікті пайдаланудың маңызы зор. Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерін Азияға көшіру мәселесін ойластыруды ұсынамын. Қазақстанның бастамаларын ұлттар қауымдастығы қабылдайды деп зор үміт күтемін»,–деді Н. Назарбаев әлем елдерінің басшылары алдында. Қазақстан журналистеріне берген сұхбатында көшіру туралы шешім қабылданса, Азияда дамып келе жатқан Шанхай, Сингапур, Сеул, Астана бар қай қалаға көшірілетіндігі ойластырылатынын, талқыланатынын жеткізді.

Бұл – орайын келтірсе, орындалатын шаруа. Әлемде соғыс өртін тұтандырмау, жанжалдарға жол бермеу, бейбіт өмірді орнықтыру мақсатымен Женевада Ұлттар Лигасы отау тігіп, құрамына 58 мемлекет кіргені, кейін БҰҰ-мен алмастырғаны, оған 193 ел мүше екені тарихтан мәлім. «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» демекші, осы уақыт аралығында халықаралық қарым-қатынастар саласы адам танымастай үлкен өзгерістерге ұшырады. Еуропадағы, мұхиттың арғы жағындағы жаһандық өрлеу Азияны да кеңінен қамтып, бөлекше дүние қалыптасты. Сары құрлық адамзат дамуындағы жаңа кезеңнің іргелі міндеттерін айқындауда жетекші рөлге ие. Ауқымды жауапкершілікті атқаруға экономикалық қуаты, ресурстық мүмкіндігі, адами капиталы еркін жетеді.

Ең бастысы, әлемдік саясаттағы Азияның рөлі күн өткен сайын өсіп бара жатқанын ескермей болмайды.

Қонысбек ЫБЫРАЕВ,

Қазақстан Республикасы прокуратурасының үздік қызметкері.

Солтүстік Қазақстан облысы.

Бұл – құбылыс. 

Ғажайып оқиға!

Жасыратын несі бар, елімізде қасиетті ана тіліміздің тұғырлы болуы жолында ұзақ жылдар көз майын түгесе тауысып, күш-қуатын талмай жұмсап жүрген талант иелері, тіл жанашырлары қаншама! Барлығының мұраты бір, ол – қазақ тілінің болашағы!

Күні кеше Америка Құрама Штат­тарын­да Біріккен Ұлттар Ұйымының 70 жыл­дық мерейтойына байланысты ресми сапары барысында биік мінберден сөз сөйлеген Елбасы сол бір ерен еңбектің өтеуін қайтарғандай әсерде қалдым. Биік мінберден баршамызға таныс Президентіміздің қоңыр дауысымен салмақты да салиқалы сөйлеген сөз мәнеріне ерекше тәнті болдым. Мен бұл оқиғаны құбылысқа, Қазақстан мен қазақ тілінің әлемдік биіктен көрінген мәртебесіне баладым! Ана тілі дегенде әлі де болса жан-жағына жалтақтап, бір шешімге келе алмай кібіртіктеп жүргендерге керемет бір ой салардай сезіндім!

Тіл үшін күрес – бұл нағыз мылтықсыз майдан! Мұның тарихи да саяси жік-жақпары тереңде жатыр. Ол күрес басталған ширек ғасырға жуық «шайқаста» ұлттың тілімен ғана емес ғылымның, өркениеттің тілімен күрескенде ғана жеңіске жетеріміз хақ екеніне көзіміз жетті.

Міне, оның бірден-бір жарқын дәлелі – кешегі Нью-Йорктегі БҰҰ ғимаратындағы қазақ үшін есте қалар ғажайып оқиға! Қазақ тілі әлем  мойындаған әлеуетті алты тілге  бір мезетте аударылып, Жер-жаһанды шарлады. Осының өзі біздің бәрімізді, әсіресе, тіл жанашырларын «барға – мәзір» деуге шақырғандай. Бұған да шүкір делік. Менің өз басым мұны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Тәуелсіз Қазақстанның  рухани саладағы әлемдік жеңісі дер едім! Ана тілін жанындай жақсы көріп аялаған, қазіргі қоғамға «назы»  таусылмаған барша тіл жанашыларын сол жеңісімен шын жүректен құттықтаймын!

Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ,

халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор.

АЛМАТЫ.

Арал тағдыры әлемдік мінберден тағы айтылды

Қазақстан әлемге имани, сауапты істің үлгісін көрсетіп отыр. Оны бір ғана Арал теңізінің мысалынан-ақ көруге болады. Кеңес Одағынан мұра болып қалған жаһандық проблеманы шешудің жолын тәуелсіздігін енді алған Қазақ мемлекеті тапты. 1992 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінде тұрып Арал теңізінің тағдырын айтып, жер жүзінің мойнын бұрғызды. Артынша бір жылдан кейін Қызылорда қаласында теңізбен шекаралас жатқан бес мемлекеттің басшысын жиып, арнайы мәжіліс өткізіп, адамзат баласына ортақ мәселені шешудің жолын қарастырды. Бұл өте тағдырлы қадам еді. Өйткені, Орталық Азия елдерінің басшыларын Арал теңізін толтыруға қатысты дәлелді сөзін келтіріп, олардың көзін жеткізбесе болмайтын. Судың сағасында отырған мемлекеттер Сырдарияның арнасын қысып тастаса, Аралдың табанын толтыру дегеніңіз арман болып қана қалатын. Нұрсұлтан Әбішұлының табанды еңбегінің арқасында бұл мәселе де оңтайлы шешілді. Солайша, «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» жобасы өмірге келді. САРАТС жобасының алғашқы кезеңі бойынша тартылып қалған теңіздің табанына су толды. Кіші Арал теңізі пайда болды. Теңіз Арал қаласына дейін жақындады. Енді жобаның екінші кезеңін іске асырғалы жатырмыз. Осы арада Сыр халқының Елбасына ерекше ілтипатпен алғыс айтатынын жеткізуіміз керек. Себебі САРАТС жобасының екінші кезеңін іске асыру үшін қомақты қаржы керек. Мынадай дағдарыс заманында, Қазақстан түгілі тұтас әлем қаржыдан тапшылық көріп отырған кезеңде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен жоба қаржыландырылып жатыр. Біле-білген адамға бұл үлкен жанашырлық.

Ал күні кеше БҰҰ-ның мінберінде таза ана тілімізде баяндама жасаған Елбасы әлем халқының назарын Арал тағдырына тағы да бұрды. Жаһандық мінберден Арал проблемасы және бір мәрте айтылды. Осының арқасында жаһан жұрты Аралға тиісті көмек көрсетеді деп үміттеніп отырмыз.

Қазақстан «Арал өлді» деген тіркесті тұтасымен өзгертті. Өйткені, бүгінде кіші Аралда теңіз толқып жатыр. Бұрын жоғалып кеткен балықтың түрлері қайта пайда болып, ол алыс-жақын шетелдерге экспортқа шығарылуда. Баяғыда үдере көшкен халық атамекеніне қайта оралуда. Ал осының барлығы Елбасының қажырлы еңбегінің арқасында іске асып жатқанын жұрттың бәрі біледі.

 

"Қамшы"сілтейді

Дереккөз: Егемен Қазақстан 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар