«Этно-fashion» үздіктерді анықтады

/uploads/thumbnail/20170708200106199_small.jpg

Астана қаласындағы «Думан» ойын-сауық орталығында Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы іс-шараларының шеңберінде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған республикалық «Этно-fashion» фестивалі өтті.

Фестивальдің басты миссия­сы – ежелгі қазақ мәдениеті мен Қа­зақстан этностарының дәстүр­лерін танып-білу, ұлттық киім мен сәндік-қолданбалы бұйымдардың элементтері арқылы тарихтың жарқын беттерін көрсету. Аталған фестивальді ұйымдастыруда. Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, Мәдениет және спорт, Білім және ғылым, Сыртқы істер министрліктері мен Астана қаласының әкімдігі серіктес болды. Фестивальдің негізгі мақсаты – қазақстандық біртектілікті, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығай­туға үндеу.

Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚХА Хатшылығының мең­герушісі Е.Тоғжанов, Парла­мент депутаттары, «ЭТНО-ЭРАТО» халықаралық жоғары сән конкурсының төрайы­мы Р.Қанапьянова, ҚХА, дип­ло­матиялық миссиялар мүшелері, этномәдени бірлестіктер мен ғылыми және зиялы қауым өкілдері, сонымен қоса, танымал эстрада әртістері қатысты.

Өз сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов: «Қазақ хандығының 550 жыл­дығы – баршамыз үшін елеулі оқи­ға. Халқымыздың тарихы ежел­гі дәуірлерден бастау алады: сақ дәуірі, ғұндар, Түрік қаға­наты және т.б. Әр кезең біздің мәдениетімізде ойып тұрып орын алған. Еліміздің әр азаматы өз отбасының мүшесі ретінде бір-бірі үшін уайымдау керек. Тек біз ғана біртұтас болашақ пен мемлекеттіліктің негізін қалай аламыз», – деді.

Іс-шара барысында этнопе­да­гогика бойынша «Тіл – дос­тықтың алтын көпірі»; «Ерте­гі­лердегі ел даналығы: оқытамыз және бірге оқимыз»; «Қазақ ұлт­тық киімінің философиясы» тақырыптарына арналған «Ха­лық даналығының қайнары» атты ашық сабақтар өткізілді. Эт­нопедагогика бойынша өткен ашық сабақтарды Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия жанындағы Сараптамалық кеңестің хатшысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Камал Әлпейісова (Астана қала­сы), Ломоносов атындағы ММУ Қазақстан филиалы директоры­ның орынбасары, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғы­лыми-сараптама кеңесінің мүшесі, ғылым докторы Нұрсұлу Шаймерденова (Астана қаласы), Қазақ­стан Қол­өнершілері одағы­ның төрайы­мы, Қазақстан Сурет­шілер одағының мүшесі Айжан Бек­­құлова (Алматы қаласы) жүр­гізді.

Фестивальдің бірінші бөлі­мі­нің соңында Қазақстанның таны­мал дизайнерлері шеберлік сабақтарын өткізіп, өз тәжіри­белерімен бөлісті. Қатысушылар дизейнерлерге сұрақтар қойып, пікір алмасты, сондай-ақ, ди­зай­нерлер мен іс-шара ұйымдас­тырушыларына шексіз алғыс­тарын білдірді. «Батыр» балалар мен жасөспірімдер клубының жетек­шісі Қанат Айымбетов «Асық ату» тарихына тоқталып, бала­лар арасында «Алты ату» ұлт­тық ойынын өткізді.

Шара аясында «Асыл қазы­на» – дизайнер-сәнгерлер этно­графиялық деректер негізінде жасаған қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу дәуірлеріндегі ұлттық киімнің нобайлық (эскиздік) жобаларының көрмесі. «Ұлы Дала өрнектері» – Қазақ ханды­ғы тұсындағы ұлттық киім көр­сетілімі (ерлерге, әйелдерге, жастарға және балаларға арналған ұлттық киім үлгілерінің, дала элитасы мен батырлардың киім үлгілерінің көрсетілімі (дефиле). «Халық даналығының қайнары» – этнопедагогика бойынша «Тіл – достықтың алтын көпірі», «Ерте­гілердегі ел даналығы: оқытамыз және бірге оқимыз», «Қазақ ұлттық киімінің философиясы» тақырыптарында көпшілікке арналған ашық сабақтармен қоса, «Сәнді этнокиім!» киім үлгілерін жасауда этностық элементтерді пайдаланып жүрген Қазақстанның танымал дизайнерлерінің шеберлік сабақтары және «Кәу­сар бұлақ» – балалар алаңы: бала­ларға арналған ұлттық ойын­дар, «Ата өнері – ұрпаққа мұра» – қолдан жасалған бірегей тауар­лардың жәрмеңкесі және қол­өнершілердің түрлі шеберлік сабақтары, «Мәңгілік аманат» – Ұлы Даланың салт-дәстүр­лері мен мәдениетінің элемент­терін жаңғырту бойынша театр­лан­дырылған қойылым сынды іс-шаралар кешені өткізілді. Фес­тивальде еліміздің 12 өңірінен келген 70-тен астам сәнгерлер, дизай­нерлер мен халық ішінен шық­қан шеберлердің жұмыстары көрсетілді.

Фестивальдің салтанатты жабылуында Президент Әкімшілігінің ҚХА Хатшылық секторының меңгерушісі Нәзипа Ыдырысқызы «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 20 жыл» мерей­тойлық медальдарын Жанна Әубәкірова мен Венера Иси­наға табыстады. Өз сөзінде ол: «Мәдениет пен өнер бізді бірік­тіретін күш. Киім мен халық өнері­нің әсемдігі бірлік пен біртек­тілік философиясының негізі болып табылады», – дей келе, бар­ша қатысушыларға алғы­сын ай­тып, шығармашылық табыс тіледі.

Бірегей жұмыстар 12 аталым бойынша атап көрсетіледі. «ЭТНО-FASHION» респуб­лика­лық фестивалінің «Ұлы Дала рухы» аталымында – О.Таңсық­баев атындағы Алматы сәндік-қол­дан­балы өнер колледж студент­тері, «Этностық сарындар» ата­лымында – «Әдемі» және «Ға­жайып қала» балабақшалары, «Фестиваль жаңалығы» аталымында – Гүлнар Смағұлова, «ҚХА депутаттық тобы атынан ар­найы сыйлық» аталымында – «Райса» сән театры, «Этно-Эра­то» байқауы атынан арнайы сый­лық» аталымында – Ақмөлдір Тұр­ғанбек, «Көрермендер көзайы­мы» – Екатерина Ким, «Этно­стиль» аталымы бойынша – Зарина Жұмағалиева, «Ұлттық дәстүрді сақтағаны үшін» – Анель Ахметова, «Фестивальдің ең жас қатысушысы» аталымында Шолпан Әбдіқалық жеңімпаз атанды.

Ең үздік шеберлер Мәс­кеу қаласында өткізілетін халық­аралық «Этно-Эрато» конкурсы шеңберіндегі ұлттық киімдер фестиваліне Қазақстан атынан қатысатын болады.

"Қамшы"сілтейді

Дереккөз: Егемен Қазақстан 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар