Қарттарымыз аман-сау жүрсін!

/uploads/thumbnail/20170708200113918_small.jpg

* Бүгін – Қарттар күні
Үлкенін сыйлаған жерде қасиет бар

Бүгінгі күнде біздің еліміз сындарлы шақты бастан кешіп отыр. Бірақ та, соған қарамастан, халқымыздың бір атаның баласындай ынтымағы жарасқан. Соның арқасында еңсеміз түспей, елдігімізге сын келтірмей отырмыз. Жаратқаннан осы бірліктен, ынтымақтан айырмасын деген жалғыз тілегім бар!

Біз кешегі қанды қырғынды көз­бен көрген адамдармыз. Сол со­ғыста мемлекет пен халық бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығар­ғанының арқасында ғана жау­ды жеңіп шықты. Айтайын де­генім: мемлекеттің күші халықта!

Қазір жасым тоқсанға келсе де теледидар қарап, күнделікті жаңалықтардан хабар-ошарды үзбей көріп тұрамын. Күні кеше ғана Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен ана тілімізде сөйлеп, абыройымызды аспандатып тастады. Біле білсек, бұл – біздің жас мемлекетіміз тұғырлы елге айналып, дүниежүзі халықтарымен терезесі тең дәрежеде тұр деген сөз. Енді тіліміз осы шыққан биігінен төмендемесе екен деп тілеймін. Тіл дегеніміз – бүтін бір ұлттың ар-ұяты, абыройы.

Біздің облыстағы ардагерлер ұйы­мын Оралды Төреғожин деген азамат басқарады. Менің жасымды сыйлап жиі телефон соғып, өздерінің атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндап тұрады. Керек жері болса ақылдасып жатады. Яғни, ардагерлер ұйымымен байланысым тұрақты деп айта аламын.

Бұдан бөлек, облыстық әкімдікпен де хабарласып, жағдайымызды ұдайы біліп тұрады. Белгілі бір даталарда, мереке күндері облыс әкімінің өзі бас болып үйге келіп, құттықтап жатқаны. Жалғыз маған  ғана емес, ардагерлердің бәріне де көмек көрсетіліп, құрмет білдіріліп  тұратынынан жақсы хабардармын. Осылайша ел басқарған азаматтардың пейілдеріне риза болып, халқымыздың амандығын тілеп жүріп жатқан  жайымыз бар.

Атқа мінген азаматтарға айтарым: қарияларды мерекесінде ғана еске алмай, жайшылықта да ескере жүрсе екен. Мұның тәрбиелік мәні зор. Желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақ алдыңғы толқын ағалардың осы өне­гелі ісін бойына сіңірсе – еліміздің ертеңі жар­қын болады. Кәрісін сыйлап, төбе­сіне көтерген елден қасиет-кие деген дүниелер айналып өткен емес!

Кәмали ДҮЙСЕНБЕКОВ,

Ұлы Отан соғысының ардагері, «Даңқ» орденінің 

ІІ дәрежесінің екі мәрте және

ІІІ дәрежесінің иегері.

 ҚАРАҒАНДЫ.

Қарияларын ардақтай білген жұрттың абыройы биік

Қарап отырсаңыз, атқан таң мен батқан күннің арасы адам ғұмырының кішкентай көшірмесі сияқты. Жастық шақта шапқылап, қартайғанда басқаша күйге түсеті­нің – күннің еңкейіп барып ұясына батқанынан еш аумайды. Ал қарт­тық тыныштықты тілейді. Яғни, қарияларын ардақтай білген елдің рухы үстем, шаңырағы биік.

Жамбыл облысында қарттар мен мүгедектерге арналған үш интер­нат үйі бар. Оның екеуі Тараз, біреуі Қаратау қаласында орна­ласқан. Бүгінгі таңда №1 қарт­тар мен мүгедектер үйінде 146 қарт тіршілік көшін жалғастыруда. Олар­дың 33-і қазақ, 75-і орыс, 38-сы басқа ұлт өкілдері. Ал №2 қарт­тар мен мүгедектерге арнал­ған­ интернат үйінде қарттар саны – 205, олардың 61-і қазақ, 94-і орыс, 50-і басқа ұлт өкілдері. Осы №2 қарттар мен мүгедектерге ар­налған интернат үйінің бас мед­бикесі Гүлхан Тұрсынбаеваның ай­туына қарағанда, қарттар үйін паналаушылардың дені өз еріктері­мен келгендер.

– Мұнда барлық жағдай жасал­ған. Сәл ауыра қалсақ, дәрігерлер тек­середі. Дәрілермен де толық қамтылғанбыз. Тағамдары өте­ жақсы. Жыл он екі ай дастарқаны­мыз­дан жеміс-жидек үзілмейді. Күйеуім қайтыс болған. Алаяқ­тар­дың арбауына түсіп, бар дүние-мүлкімнен де айы­рылдым. Жалғыз қызым бар. Күйеу балам екеуі пәтер­ден-пәтерге ауысып жүр. Сон­дық­тан осындамын. Қызымның қо­лына барған күннің өзінде, ол бұл жердегідей маған күтім жасай алмас, – дейді осы қарттар үйі­нің тұрғыны Татьяна Гамзаева. Ал Георгий Пактың балалары Кав­казда тұрады екен. «Дәм-тұзымыз жа­распай, жұбайыммен ажырасып кеттім. Жақындарыма барар мүм­кіндігім болса да, осы үйде қалар едім. Себебі, қандай «алтын келінім» болсын, маған бұл үй­дегідей жағдай жасамайды. Киі­міміз таза, тамағымыз тоқ, ден­сау­лығымыз ұдайы бақылауда. Одан артық бізге не керек? Зейнет жа­сындағы қарияға, ең алдымен, дұрыс күтім қажет», деп ағынан жарылды қария.

Сондай-ақ, №2 мүгедектер мен қарттар үйіндегі Вера Науменко, Шайбүбі Шырынбекова мен Зоя Рябова байырғы теміржолшылар екен. Олардың бірі – өзінің еңбек жолының отыз жылын, енді бірі – 24 жылын теміржолға арнаған. Уақытында теміржолдың дамуына үлес қосқан бұл қариялардың айтуына қарағанда «Қазақстан темір жолы» ұлттық ком­паниясының өкілдері қарттар үйіне жиі бас сұғып, жағдайларын біліп тұрады екен.

– Әрине, әр адамның тағдыры өз қолында. Дегенмен, қарттар үйінде тұрып жатқан теміржолшы-ардагерлерді ардақтау – азаматтық парызымыз. Теміржол – ел экономикасын ілгері сүйреуші ірі сала. Ал уақытында осы салада еңбек еткен әрбір ардагердің қолтаңбасы осында сайрап жатыр. Жақында ғана №1 қарттар мен мүгедектер үйіне де арнайы барып, осында тұрып жатқан Сақтаған Сәрсенбаев пен Талғат Насыр сынды ардагер-қарияларымыздың да батасын алдық, – дейді бұл жөнінде Жамбыл жол бөлімшесі кадр­лар бөлімінің бастығы Меруерт Бейсенбекқызы.

«Жас кезімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деген, тағдыр тәлкегімен қарттар үйінде өмір сүріп жатқан жандар мемлекет тарапынан берілетін көмектер мен жеңілдіктерді толық түрде пайдаланып отыр. Қамкөңіл қарттарға қамқорлық ешқашан толастамайды.

Оралхан ДӘУІТ,

«Егемен Қазақстан».

 Жамбыл облысы.

Суреттерді түсірген

Ақәділ РЫСМАХАН.

Ақсақалына қарап ауылын таны

Қазанның 1-і халықаралық Қарттар күні болып есептеледі. Ал олар туралы бізде ауыз тұшытып айтарлық қандай туындылар бар дегенде, шыны керек ойланып қалатынымыз рас. Қарттыққа қатысты түйткілді мәселелерге көбіне шетелдік кинотуындылар арқылы көз тігіп жүрген жайымызды жасырып тағы тұра алмаймыз.

Жақында «Қазақстан» ұлттық арнасы осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында «Біздің ағай» атты 16 сериялы комедиялық хикаясын ұсынбақ. Көрерменге 12 қазанда жол тартады деп күтілген телехикая зейнеткерлікке шығып, танымал блогер және жастардың тәлімгері атанған ауыл ақсақалы туралы баяндайды.

Бұл қызықты оқиға заманауи өмірді бейнелейді. Оқиға Жам­был облысындағы Шу ауданында өтеді. Хикаяның бас кейіпкерлері Жомарт ағаның отбасы және сол отбасының жанына топтасқан ауыл­­дастары. Жомарт аға ауылдық мектепте тарих пәнінің мұғалімі. Өмір бойы сүйікті қызметімен ай­налысқан ақсақал зейнеткерлікке шығады. Мұндай адам үйде тыныш отыра алмайтыны белгілі. Аяқ астынан ауылдастарының ақылшысына айналғанын Жомарт ағаның өзі де байқамай қалады.

Ақсақал бұл – өскелең ұрпаққа үлгі боларлық жан болуы тиіс. Нағыз ақсақал болуды кім армандамайды дейсіз?! Бірақ, құрмет пен сыйға бөлену екінің бірінің қо­лынан келе бермейді. Бұның бар­лығын Жомарт аға жақсы түсінеді.

Сонымен қатар, бұл хикая адам жүрегінде туған жер мен елдің ерекше орын алатынын баяндайды.

Хикаяның тағы бір кейіпкері Еламан (Эдуард). Ол осыдан бірнеше жыл бұрын тарихи отаны Алманияға қоныс аударған, өз еліне қонаққа жиі келіп тұрады. Оған туған өлкеге деген сағынышы маза бермейді. Шетелдік курорттық жерлерден әбден жалығады. Ауыл адамдары мен ауылдағы шағын ғана үйі – жанына жайлы, ең ыстық мекені еді!

Туындының режиссері Мұрат Бидосов. Ол көрерменге осыған дейінгі «Әпке», «Агент Z» және т.б. телехикаяларымен танымал.

Туындының негізі әзіл-оспаққа құрылса да, отансүйгіштік, үлкен­дер­ге деген құрмет, Отанға, от­басыға деген махаббат тақырып­та­ры кеңінен насихатталады. Хи­кая барысында отандық өндіріс өнімі және заманауи технология жетістіктері көрсетіледі.

 

"Қамшы"сілтейді

Дереккөз: Егемен Қазақстан 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар