Кореядағы Инчхон әуежайынан қашып кеткен екі қазақстандықтың әрекеті резонанс тудырып, 23 адам қазақстандық болғаны үшін жұмыстан шығарылған, деп хабарлады "korea_komek" Instagram парақшасы.
"Түркістан қаласының 2 азаматы 25 наурызда Өзбекстан халықаралық әуежайы арқылы Кореяға келген. Құжаттарының дұрыс болмағандығына байланысты Кедендік бақылау қызметкері оларды елге кіргізуден бас тартып, депортациялық ұшақ күту бөлмесіне жіберген. Бірақ олар күту бөлмесінің терезесін сындырып, биіктігі 3,6 метр болатын қоршаудан секіріп қашып кеткен", деп жазылған парақшада.
Қашып шыққан Үмижан Нарзуллаевті полицейлер сол күні Тэджон қаласынан ұстады. Ал 18 жастағы Нұрсұлтан Ирисбаев 3 күннен кейін өз еркімен полицияға берілді.
"Екі азамат та қылмыстарын мойындап, тергеу кезінде Қазақстанда күнкөріс қиын екенін, отбасын асырау үшін контрабандалық жолмен Кореяға өтіп, жұмыс істемек болғандарын айтқан. Полиция оларды өзге елдің шекарасына заңсыз өтіп, қашып кеткені үшін террорлық әрекет жасады деп айыптап жатыр. Казіргі таңда екі азамат та қамауға алынған. Бірінші ұсталған Үмижан Нарзуллаев Қазақстанға депортацияланады. Ал 3 күн бойы полициядан қашқан Нұрсұлтан Ирисбаев 3 айға Корея түрмесіне қамалуы мүмкін. Корея заңдары бойынша прокурор бұндай қылмыс үшін 15 жыл бас бостандығынан айыруды сұраған. Алайда Нұрсұлтанның өз еркімен берілгендігі есепке алынды", делінген хабарламада.
Пікір қалдыру