Әнұрандағы “Менің жерім” сөзі қайтарылуы қажет пе? (сауалнама)

/image/2023/04/19/crop-6_3_444x790_photo1681900972.jpeg

Жарты ғасырдан астам уақыт бұрын Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденов жазған "Менің Қазақстаным" әні 2006 жылы еліміздің әнұраны болып бекітілген болатын. Әннің шығу тарихы да, одан кейінгі тағдыры да қызық. Бұл ән ресми түрде бекітілмей тұрып та, барша халықтың ұранына айналған еді. Ресми түрде әнұран болып таныларда Нұрсұлтан Назарбаевтің есімі қосылып, әннің сөздеріне өзгеріс енгізілді. 

"Сталинді табалап, сүйегін мавзолейден алып, қара жер қойнауына көмген Хрущев қазақ жеріне қырғидай тиді. Қазақстанның солтүстіктегі 5 облысынан тың өлкесін құрды. "Түбінде ол өлкені Россияға қосады" деген сөз шықты. Бұл не деген сұмдық! Қазақ жерін талан-таражға салуға, бөлшектеуге бола ма? Ата-бабаларымыздың ақ найзаның ұшымен ұрпақтарына қалдырып кеткен ұлан-байтақ даласын кімдер таптамақ? Көкірегінде намысы бар, қазақ деген қаны бар әрбір азамат: "Бұл – менің Қазақстаным!" деп ту ұстап ұрандап көтеріліске шығуға тиіс. Қан қызды, көзден парлап жас ақты. Ал, менің қолымнан не келеді? Әуелі өзіңнен басташы, Шәмші! Жүрегіңдегі отың, жаныңдағы жалының қайда? Жаман қатынның жанында жантайып жата бермексің бе? Тұр, орныңнан! Бір өзің бір армиядай көтеріл… Марш… Марш жаз!"

"Менің Қазақстаным" – осындай толғаныстан туған тағдырлы ән. Барша қазақтың рухын оятып, намысын қайраған әнді 1986 жылы "қазақты қазақ қана басқарсын" деген ұранмен алаңға шыққан желтоқсаншылар да, 2022 жылы қаңтарда наразылыққа шыққан тәуелсіз қазақстандықтар да шырқады. Бұл ән биік тұғырларда да, қанды алаңдарда да айтылды. Бұл – ыза мен кектің жыры емес, егеменді ел болуды аңсаған қазақтың мәңгілік ұраны.

Әннің алғашқы шумағынан кейін қайырмасындағы "Туған жерім менің Қазақстаным" деген тармақ шыққанда Жұмекен Нәжімеденов пен Шәмші Қалдаяқов "Ой, дөңгеленген дүние-ай! Айналайын сенен. Ән туды ғой! Ән туды. Марш келді ғой әлемге. Дүңкілдеген, тарсылдаған, сартылдаған! Бұл миллион қол, миллион аяқтың жүрісі ғой. Бұл елін сүйген, жерін сүйген азаматтардың аяқ басулары ғой. Бұл – намыстың, ардың әні ғой" – деп тебіренген екен.

Алайда әнұран өзгеріске ұшырап, алғашқы нұсқасындағы "менің жерім" деген сөздер "менің еліме" ауысты. Жері жоқ жетім халық емеспіз. Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан бастап, кешегі желтоқсан көтерілісіне дейінгі аралықта тәуелсіздік үшін күрескен барша қазақтың қанымен шекарамыз шегенделді, тәуелсіз ел болдық. Алайда қазақ жерінің тұтастығына көз аларта қараушылар көбейген бүгінгі бейбіт заманда туған жердің кімдікі екенін есте ұстау керек–ақ.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар