Мәртебелі бас ұйым мінберіндегі бастамалар

/uploads/thumbnail/20170708200243513_small.jpg

 

 

Бейбітшілік жолындағы берекелі істер

ERA_6069Виктор КИЯНСКИЙ,

Мәжіліс депутаты.

Біріккен Ұлттан Ұйымының 70 жылдық мерейтойына арналған Бас Ассамблеясының сессиясындағы сөзінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі бейбітшілікті сақтау жолында нақты ұсыныстар жасады. Соның ішінде ХХІ ғасырды ядросыз әлем тұжырымдамасын жасау туралы ұсынысы ең маңыздысы болды ғой деп ойлаймын. Қазақстанның ядролық жарылыстарға тыйым салған ел ретінде және ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан ел ретінде мұндай бастама көтеруге толық құқы бар.

Сонымен бірге, Президент атомды бейбіт мақсатқа пайдаланудың МАГАТЭ шеңберіндегі «ойын ережесін» жасауды да ұсынды. Бұл мәселеде экологиялық аспектілер де ұмыт қалдырылмауын атап көрсетті.

Елбасы өзінің ЭКСПО-2017-ге қатысты сөздерінде барлық мемлекеттердің көшбасшыларын оған белсенділікпен қатысуға шақырды. Осы қатарда ол ЭКСПО-2017 алаңын жасыл технологияның орталығына айналдырайық деген де ұсыныс түсірді. Қазақстан мұндай технологияларды үлкен тиражбен шығаруға дайын екендігі де айтылды. Біз мұндай кластерлерді «Назарбаев Университет», «ЭКСПО-2017» алаңдарының негізінде құруға дайын екеніміз де жеткізілді. Міне, осы аспектілердің бәрі біздің Президентіміздің өзі ұсынған бейбітшілікке қол жеткізу идеяларын жүзеге асыруда табандылықпен алға жылжып келе жатқанын көрсетеді.

Әрине, ұсыныс жасау оңай, бірақ оны өзі бас­тап іске асыру екінің бірінің қолынан келмейді. Біздің Президентіміз өзі жасаған ұсыныстарын іске асыруда белсенді әрекеттерге барып жүр. Соның ішінде 2009 жылы ұсынған «АТОМ» жобасын да ауызға алуға болады. Меніңше, кешегі идеялары да біртіндеп іске асатын дүниелер екендігіне мен сенімдімін.

Нақтылық

ERA_6062Қуаныш СҰЛТАНОВ,

Мәжіліс депутаты.

Осы күндері бүкіл дүниежүзі БҰҰ-ның мерейтойлық 70-ші сессиясында айтылған мемлекет басшыларының сөздерін талқылауда. Соның ішінде біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сөздері бүкіл әлемге ықпал ететін мемлекеттер басшыларының қатарында дүниежүзінің назарын аударды. Оған себеп болған Елбасы сөздерінің өте терең мазмұны және қазіргі заманның ең өзекті мәселелеріне қатысты ұсыныстары деп айтар едім.

Сонымен бірге, мен біздің ұлтымыз үшін бір арманның орындалғанын атап айтқым келеді. Ол – Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемнің ең жоғары мінберінен тұңғыш рет өзіміздің мемлекеттік тілде сөйлегені. Өздеріңіз білесіздер, БҰҰ-ның алты жұмыс тілі бар. Әрине, қазақ тілі бұл құрамға енбейді. Бірақ БҰҰ-ның ережесі бойынша аудармасы қамтамасыз етілген болса, барлық мемлекет басшылары өздерінің ұлттық тілдерінде сөйлеуге құқы бар. Осы талапқа сүйеніп, Елбасымыз ең биік мінберден біздің тілімізді, қазақы үнімізді бүкіл әлемнің құлағына жеткізді, осының өзі халқымыз үшін мақтан тұтарлық іс болды.

Елбасы өзінің сөздерінде аса маңызды бес бағытты қамтып өтті. Соның ішінде тек халықаралық құқық мәселесі туралы айта кететін болсақ, мұның өзі аса терең мазмұнды дүние. БҰҰ осыдан 70 жыл бұрын әлемдегі бейбітшілікті сақтауды, кез келген елдің басқа мемлекеттерге агрессиялық әрекеттеріне тыйым салу мақсатымен құрылды. Осы іске Ұйым әлемнің барлық мемлекеттерін жұмылдыруды өз мойнына алды. Елбасы өзінің сөздерінде БҰҰ-ның осы ең басты міндетін оның Жарғысына сәйкес еске салып өтіп, жасалған және істеуге тиіс шараларына сараптама жасады. Соның ішінде қазіргі етек алып бара жатқан лаңкестік әрекеттерге БҰҰ-ның және оның Қауіпсіздік Кеңесінің назарын аударып, өзінің осы тараптағы ұсыныстарын жария етті. Сондықтан да, Н.Назарбаевтың сөздерінің өте маңызды болғаны әлемдік БАҚ-тарда кәнігі саясаткерлердің, сарапшылардың аузымен айтылып жатыр. Оның айтқан ұсыныстарының бәрі де қызу талқылануда.

Біздің еліміз ядролық қарудан өз еркімен бас тартқанын айта отырып, Елбасы ХХІ ғасырды бүкіл әлем бойынша ядролық қарусыз ғасыр деп жариялау қажеттігін айтты. Сонымен қатар, БҰҰ-ның 2045 жылы болатын 100 жылдығына қарай «Жаңа Болашақ» атты стратегиялық жаңа бағдарлама жасауды ұсынды. Міне, осылардың бәрі де өте маңызды. Сонымен бірге, Елбасының БҰҰ-ның штаб-пәтерін Азияға көшіру туралы ұсынысы да орынды. Қазіргі Азия-Тынық мұхиты елдеріндегі дамуды ескере отырып, бейбітшіл мүдде-мақсаттарды сол жерлерге шоғырландыру арқылы жалпы өркениеттің дамуына ықпал ететін мүмкіндіктер бар екені айтылған бұл ұсыныс қолдауды қажет етеді. Қазір бұл ұсыныс бүкіл әлемнің аузындағы талқыға түскен мәселенің бірі болып отыр.

Кезінде Елбасымыз БҰҰ-ның жоғары мінберінен АӨСШК құру туралы да ұсыныс жасаған еді. Ол кезде Қазақстан жаңа ғана танылып келе жатқан мемлекет болғандықтан, бұл ұсыныстың орындалуына көптеген сарапшылар күмәнмен қараған. Алайда, ол қазір әлемге танылған ұйымға айналып отыр. Сол сияқты Елбасының кешегі ұсынысы да қолдау тауып, іске асады ғой деп ойлаймын.

Экономикалық қатынастар жүйесі жандануы тиіс

ERA_6086Владимир ТЕЛЬНОВ,

Еуразиялық интеграция институты экономикалық зерттеулер бөлімінің меңгерушісі.

Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясында айтылған мәселелерді сараптай келе, мынаған тоқталар едім: біз әлемде орын алып жатқан қандай да бір жайттарды тал­қыласақ та, міндетті түрде эконо­мика мәселесіне келіп тіреле­тініміз анық. Себебі, бүгінде қо­ғамдастыққа үлкен өзгерістер қажет. Ол өзгерістер әлемдік эко­но­микада жүзеге асырылып жат­қан үлкен қайта құру құры­лымдарымен тікелей байланысты болуы тиіс.

Осы орайда, БҰҰ Бас Ассамб­леясының 70-ші сессиясында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Н.Назарбаев жаһандық деңгейде күн тәртібінде тұрған мемлекеттер құрылымдарын қирату, терроризм, миграция, т.б. кері құбылыстар мен өзекті мәселелердің барлығының өзегінде экономикалық дағдарыс, оның ішінде кедейшілік, сауатсыздық, жұмыссыздық секілді күрделі жайттар жатқанын атап өтті. Сондықтан, егер біз алдағы онжылдықтарда әлемде бейбітшілік орнағанын қалайтын болсақ, ол үшін экономикалық тетіктердің мықты болғанын және Жер шарындағы елдердің эко­но­микалық жағынан бай-қуат­ты бол­ғанын назарда ұстауға тиіспіз.

Мәселен, қазір «Еуропада ешқандай соғыс бастай алмайсың» деген түсінік қалыптасқан. Неге? Себебі, барлық экономика бір-бірімен біте қайнасып, өзара «шырмалып» кеткен. Егер, сен қандай да бір елге қарсы шығатын болсаң, ал ол елде сенің қандай да бір кәсіпорындарың жұмыс істеп жатса, онда сен өз-өзіңе қарсылық көрсеткен болып шығасың. Бұл түсініктің астарында, міне, осындай ой жатыр деуге де болады. Демек, біз халықаралық экономикалық қатынастарды тиімді ету үшін мемлекеттердің экономикаларының өзара мүмкіндіктерін кеңейту, сол арқылы «бейбітшілік платформасын қалыптастыру» жолдарын жан-жақты қарастырғанымыз жөн.

БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясында Елбасы бірқатар мәселелерді ашық айтты. Мәселен, Президент БҰҰ-ның штаб-пәтерін Азияға ауыс­тыру жөнінде батыл бастама көтерді. Оның себебін Мемлекет басшысы алғашында Женевада БҰҰ Бас Ассамблеясының штаб-пәтері құрылған кезде әлемде лидерлік ұстанымды батыс елдері, Америка Құрама Штаттары иеленгенімен, соның нәтижесінде олардың экономикаларының дүниежүзіндегі өзге елдердің экономикаларын алға сүйрейтін локомотив болып есептелгенімен түсіндірді. Бұл жағдай, әсіресе, соғыстан кейінгі кезеңде орын алған еді. Ал қазір, керісінше, әлемдік даму орталығы біртіндеп Азияға ауысып келеді.

Неге бұлай болуда? Себебі, батыстық экономиканың негізі қаланған неолибералды және либералды теория индивидуализмге құрылған. Бұл, әрине, жақсы. Мен бұл теорияны жоққа шығарғым келіп отырған жоқ. Алайда, бұл экономиканың резерві, экономикалық даму моделінің мүмкіндіктері «таусылуға» айналды. Сол себепті, жаңа өзгерістер қажеттігі туындап отыр. Экономикалық жүйе біртұтас болуы керек. Бұл ретте, Азия елдерінде мыңдаған жылдар бойы берік орныққан ұжымдық құндылықтар жүйесі бүгінде шешуші рөл атқара бастады. Сондықтан, Жапония, Малайзия, Қытай, Индонезия секілді Азия елдері басымдыққа ие болуда. Демек, бұл мәселе қазіргі таңда маңызды болып, оған назар аударылып келеді.

Қазақстан Президенті бұл мәселе жөніндегі өзінің ой-пайы­мын нақты жеткізе келе, БҰҰ-ның 100 жылдығына қарай, Жаһан­дық Стратегиялық Бастама – 2045 Жоспарын жүзеге асыруды ұсын­ды. Оның басты өзегі – әлемде бар­лық ұлттардың жаһандық инфра­құрылым мен ресурстарға, нарық­тарға қолжетімділігін, сондай-ақ, адамзаттың дамуы үшін жалпыға ортақ жауапкер­ші­лігін қамтамасыз ететін дамудың жаңа трендін орнықтыру. Елба­сы Н.Назарбаев, бұл ретте, атал­ған ауқымды жоспарды жүзеге асырудың бірінші кезектегі қа­дамы ретінде «Жаңа Болашақ» (NEW FUTURE) тұжырым­дамасын жасау қажеттігін айтты. Сонымен қатар, БҰҰ-ның Эконо­микалық және әлеуметтік кеңесін жандандырып, оны Жаһан­дық даму кеңесіне айналды­ру қажеттігін ұсынды. Елбасы­ның айтуынша, бұл Кеңес жа­һандық экономикалық үйлес­тіруші рөлін атқаруы тиіс. Әри­не, жалпыәлемдік деңгейдегі мұндай жобалардың жаһандық экономикалық өсіп-өркендеуге жол ашатыны сөзсіз. Қазақстан Президенті, осы орайда, біздің елімізде жүзеге асырылып жатқан бірқатар жобаларды, оның ішінде Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы жоспарды, ЭКСПО-2017 көрмесін мысалға келтірді.

БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясында Мемлекет бас­шысы, сондай-ақ, қазіргі таңда­ғы қаржылық дағдарыстарға сәйкес, жаһандық экономикалық жүйедегі олқылықтармен күресу үшін БҰҰ-ға мүше елдердің күш-жігерін жаһандық орнықты даму мен өсіп-өркендеу мақсаттары мен міндеттеріне жауап беретін ұлтүстілік әлемдік валюта жасау бойынша біріктіру қажеттігі туралы ойын ортаға салды. Әрине, бұл идеяны жүзеге асыру үшін белгілі бір қағидатты немесе теориялық кедергілер жоқ. Бірақ, әр елдің өз ұстанымдары бар екені де ескерілмей қоймасы анық. Себебі, әр ел өзіне тиімді тұстарды көздейтіні анық. Ал ол үшін белгілі бір экономикалық даму кезеңдеріне өту қажет.

Бүгінде әлемде түрлі күштер бар. Бірінші жүйе – бұрыннан келе жатқан, қалыптасқан, ескірген жүйеден ажырағысы келмесе, енді бірі қазіргі таңдағы экономикалық жүйенің жаңарғанын қалайтын, ықпалдастықтың жаңа жолдарын іздейтін, әлемде халықаралық және интеграциялық қарым-қатынастардың барынша демократиялық тетіктерге негізделгенін қолдайтын күштер. Бұл ретте, әрине, жаһандағы түрлі көзқарастардың «әрі тарт та, бері тарт» ұстанымынан алшақтап, бір жерден шыққаны маңызды. Сондықтан, бұл жерде де Қа­зақ­станның Шығыс пен Батыс арасын жалғай әрі байланыстыра алатын дәнекер рөлі байқала бастады. Елбасы Н.Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясы 70-ші сессиясында сөйлеген сөзі осыны анық аңғартты.

28-09-02-02

Ғасыр тамырын дөп басқан

Султан КартоевМемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының мінберінде екі жүзге жуық елдің басшылары арасында сөз сөйлеп, адамзатқа салмақты ой салуы халықаралық қауымдастық пен БҰҰ алдындағы тәуелсіз еліміздің және Елбасының биік абыройы мен берік ұстанымын көрсетті.

Қазақстанның ядролық қарусыз әлем құру туралы жобасын бүгінде дүниежүзі елдері зерттеп, зерделеп жатыр. Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасы арқылы күллі қазақстандықтар ядролық жойқын қаруға деген өз ұстанымдарын әлемге әйгілегені мәлім. Қазақстанның тиімді жүргізген халықаралық саясатының нәтижесінде, ядролық сынақтарға мораторий жарияланды. Жыл сайын 29 тамызда ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні атап өтіледі. Бұл – Қазақстан Президентінің ерік-жігерінің нақты көрінісі деуге болады. 2009 жылы 2 желтоқсанда БҰҰ қазақстандық бастаманы қабылдап, халықаралық күн ретінде бекіткен болатын. Нәтижесінде, ядролық қарудің қаупі мен өлшеусіз зардабын адамзат қоғамына таныстыру және әлемді ядролық қарусыздануға шақыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіле бастады. Сон­дай-ақ, елімізде АТОМ жоба­сы қолға алынды. Осы бірегей жоба арқы­лы Ел­­ба­сымыз әлем елдерінің қорғаныс саласына жұмсалатын шығынның 1 пайызын қысқартып, содан түскен қаржыны адамзаттың ортақ игілігіне жұмсау жөнінде бастама көтерді. Бұл өте жақсы әлемдік үрдіс болар еді.

Елбасы Нью-Йоркте ядролық қаруға тыйым салу жөніндегі бастамаға жер бетіндегі барлық адам қатыса алатынын мәлімдеді. Ең бастысы, біз өмір сүріп отырған ғасырдың тамырын дөп басып, алдағы қауіп-қатерлерді атап өтті. Және жұмыла күресуге шақырды. Соның ішінде ХХІ ғасырдың басты мақсаты ядролық қарусыз әлем құру екенін жеткізіп, оған барша мемлекеттерді шақырды. Екіншіден, Президентіміз БҰҰ Бас Ассамблеясы сессиясының қатысушыларына әлемді ізгілендіру жолында мемлекеттер, ұлттар, діндер арасындағы қақтығыстарды тиімді шешудің маңызды жолдарын қарастыруды ұсынды. Яғни, кез келген шиеленісті оқиғалардың алдын алуға, қақтығыстарды болдырмауға, шешуге шақырды. Бұл – өте күрделі жаһандық мәселелер. Әлбетте, БҰҰ Қазақстан Президентінің өртке шалынған дүниені өзекті өзгеріске үндеген барлық бастамаларына қолдау көрсетіп келеді. Мұның нақты көрсеткіші ретінде БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның елімізге екі мәрте сапарлап келгенін айтсақ та болады. Бажайлап қарасаңыз, әлемнің 193 елінің арасында БҰҰ Бас хатшысы бес жылдың ішінде бір мемлекетке екі мәрте баруы сирек кездеседі. Бұл – Тәуелсіз Қазақстанға және оның Тұңғыш Президентінің жүргізіп отырған саясаты мен кемел идеяларына көрсетілген құрмет деп білемін. Бұл ретте Елбасының жетекшілігімен құрылған «Семей-Невада» антиядролық қозғалысының алғашқы күнінен бастап осы ізгі бағытта қызмет етіп келе жатқаныма қуаныштымын. Елбасымыздың биік мінбердегі кез келген ой орамы елді, әлемді тұрақтылыққа шақыруымен, ядролық арсеналдан азат етуге деген ұлы ұмтылысымен де жаһандық деңгейдегі саясаткер екенін танытып келеді.

Сұлтан КАРТОЕВ,

«Семей-Невада» халықаралық қозғалысының вице-президенті.

СЕМЕЙ.

Болашаққа сеніммен қарайтын әлемдік көшбасшы

Султан КартоевЮрий СОЛОЗОБОВ,

саясаттанушы, Ресей Федерациясы Ұлттық стратегиялық институтының халықаралық бағдарламалар жөніндегі директоры.

Қазақстан Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас Ас­сам­блеясының 70-ші мере­й­тойлық сессия­сында болашаққа сенім­мен қарайтын әлем­дік деңгейдегі көшбас­шы ретінде сөй­леді. Со­нымен бір мезгілде, көп­теген сөз сөйлеушілер ағымдағы саяси проб­лемаларды айтумен, бір-біріне қарата қатқыл сөз саптаулармен шектелді. Ал Қазақстан басшысы БҰҰ-ның жоғары мінберін планетарлық орнықты дамудың жаңа концептерін ілгерілету үшін пайдалануымен ерекшеленді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ-ның штаб-пәтерін Азияға ауыс­тыру туралы ұсынысы нағыз сен­сация туғызған ұсыныс болды. Бұл жерде дәлелдемелер де нақ­ты шықты: «ХХІ ғасырда даму орталығы әлемдік ең үлкен құр­лық – Азияға қарай ауысса, мұн­да планета халқының үштен екісі өмір сүреді әрі орасан зор ресурс­тар шоғырланған», – деп мәлім­деді Қазақстан Президенті. Егер соғыс­қа дейінгі Ұлттар Лигасы сондағы еуропалық бизнес-орталық Женева қаласында орналасса, соғыстан кейінгі БҰҰ Кәрі құрлықтан Жа­ңа құрлық – жаһандық өсімнің жаңа нүктесі – АҚШ-тағы Нью-Йорк қаласына орын алмастырды. Көріп отырғанымыздай, бүгінде әлемдік саяси дизайн жаңа экономикалық өмір шындығына – Азияның қуатты да­мып келе жатқан экономикалық сер­пі­лісіне сәйкес келуі туралы сал­мақ­ты ой таразылайтын уақыт келді.

Қазақстан Президенті, сондай-ақ, БҰҰ-ға мүше елдердің күш-жі­герін бірқатар планеталық дең­гейдегі проблемаларды шешу үшін күш біріктіруге шақырды. Бұлардың қатарында жаһандық орнықты дамудан ядролық қарудан азат аймақ құру туралы декларация қабылдауға дейінгі ортақ міндеттер, ұлтүстілік әлемдік валюта жасау секілді бастамалар бар. Әлемдік БАҚ-тар тарапынан Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ-ның Эко­номикалық және әлеуметтік кеңесін (ЭКОСОС) оған БҰҰ-ға мүше елдерден басқа халықаралық қаржы ұйымдарының өкілдері де кіре алатын Жаһандық даму кеңесіне қайта құру туралы ұсынысы үл­кен қызығушылық туғызды. Сондай-ақ, оның әр мемлекет жыл сайын өзінің қорғаныс бюдже­ті­нің 1 пайызын БҰҰ-ның Орнықты даму жөніндегі Арнайы қорына аудару тура­лы ұсынысы да жұртшы­лық тарапынан жан-жақ­ты қолдау тапты деуіміз керек.

Нұрсұлтан Назар­баев­тың жар­қын сө­зіндегі аса маңыз­ды стра­тегиялық новелла деп Үлкен Еуразия тұжырымдамасын батыл айтуға болады. Қазақстан Президенті Ұлы Жібек жолын қазіргі заманғы деңгейде қай­та жаңғыртудың маңызын атап көрсетті. «ХХІ ғасырда Еура­зиялық экономикалық одақты, Жібек жолының Экономикалық белдеуін және Еуропалық одақты біртұтас интеграциялық жобаға біріктіретін Үлкен Еуразия идеясы төңірегінде топтасатын уақыт жетті», – деп үндеу тастады БҰҰ-ның мінберінен Қазақстан басшысы. Оның сөзіне қарағанда, бұл жайт Азия-Тынық мұхиты өңірінен Еуропаға транзитті қысқартып, көптеген елдерге өзінің ортақ игілігін беретін болады.

Нұрсұлтан Назарбаевтың көптеген ұсыныстары қашанда бейбітшілік пен өсіп-өркендеуге, оның ішінде өзінің туған елінің де өсіп-өркендеуіне бағытталып келеді. Мәселен, Мемлекет басшысы «Жасыл» технологиялар мен инвестициялық жобаларды БҰҰ туының астында дамытудың халық­аралық орталығын Астанада ашуды ұсынды. Бұл идея «Болашақтың энергиясы» тақырыбында 2017 жылы Астанада өтетін «ЭКСПО» Бүкіләлемдік көрмесінің басты тақырыбымен тікелей үндеседі.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші мерейтойлық сессиясында үлкен әсерге бөлеген сөзі сая­саткерлер мен азаматтық қоғам өкілдеріне планетамызда қазіргіден де әділетті әрі орнықты әлем құру үшін жаңа серпін беретіні еш күмән туғызбайды.

Ерендігі – ел ертеңін ескеруінде

Юрий СОЛОЗОБОВБіріккен Ұлттар Ұйы­мы әлем­дегі бар­лық ұлттардың, мемле­­кет­тердің саяси-эко­но­микалық, әлеуметтік мүддесін қорғайтын, әлемде бейбітшілік пен халықтар арасындағы ынтымақты күйттеп, мем­лекетаралық қа­рым-қатынасты халық­аралық құқық қағи­даларына сай дамытуға үлес қосатын аса беделді ұйым болып табылады. Биыл осы БҰҰ-ның құрылғанына 70 жыл толып отыр. Сондағы мерекелік жиында Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының сессиясында сөз сөйлеп, Қазақстанның абырой-беделін дүниежүзіне асқақтатты. Президент ядролық қарусыз әлем қалыптастыруды адамзаттың ХХІ ғасырдағы басты мақсаты ету жолында Үндеу тастады. Бұл сөз дүниежүзінің барлық елдерінде қолдау тауып, қазірдің өзінде осындай көкейкесті ұсыныс әлемдік баспасөз беттерінде жамырай жазылып, қалың жұртшылыққа жан жадыратар жақсылық шуағын шашқандай әсер етуде десек, еш қателеспейміз.

Елбасы БҰҰ биік мінберінен сөйлеген сөзінде Біріккен Ұлттар Ұйымының 100 жылдығына Жаһан­дық Стратегиялық Бастама – 2045 жоспарын әзірлеуді ұсынды. Адамзат да­муы­ның алдағы бола­шағын кеңінен қамти­тын мұндай келелі ұсыныс аса батыл түрде алғаш рет айтылып отыр. Оның мән-маңызы зор, мағы­насы өте терең. Бұл ұсыныстар әлемдік қоғамдастықты жаңа болашақ жоспарын жасауға шақырады. Біздің пайымдауымызша, жаңа болашақтың Елбасы ұсынған жос­пары Жер шары халқының ең бас­ты байлығы ретінде бейбітшілік ұранын алға тартады. Сонымен қатар, барлық ұлттардың әлемдік инфрақұрылымға, ресурстарға және нарықтарға қол жеткізуінің әділ шарттары қадағалануын көздейді. Сөйтіп, осының негізінде әлемдік дамудың жаңа трендін қалыптастыруға, сондай-ақ, адамзаттың дамуы үшін Жал­пыға Ортақ жауапкершілікті орнықтыруға үндейді. Демек, пла­нета халықтарының, ертеңгі ұрпақ­тардың болашақтағы бақыты да – біздің Елбасымыздың басты мұраты. Осы мұрат әлем жұрт­шылығы тарапынан қолдау табатынына күмәніміз жоқ. Ертеңгі күнді ойлаған, жер бетіндегі барша халықтардың болашақтағы бақуатын қамдаған Елбасы ерен­дігіне біз де марқаямыз.

Арықбай АҒЫБАЕВ,

заң ғылымдарының

докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Алматы.

 

Дереккөз: Егемен Қазақстан

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар