Құрыш қала

/uploads/thumbnail/20170708200242950_small.jpg

Қазақстанның қарыштап дамуына қомақты үлес қосқан, Тұңғыш Президентімізді еңбекпен шынықтырып,саяси өмірдің заңғарына самғатқан Теміртау шаһарының қала мәртебесін алғанына 70 жыл толды

Биыл Астана күні мерекесі Қазақстан Магниткасында тұңғыш шойын алынған күннің 55 жылдығына тұспа-тұс келіп, қоса тойланды. Теміртау металлургтері айтулы даталарды үшінші домна пешінде өткізілген дәстүрлі мерекелік балқымамен атап өтті. Домна цехының бұрынғы бастығы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты В.В. Емушинцев бастаған еңбек ардагерлері комбинаттың бастау бұлағы болған айтулы күн қарсаңында достық вахтасына тұрып, от-жалынға оранған, ерлікке пара-пар күндерді еске алысты. Қазақстан қара металлургиясының флагманы атанған Қарметкомбинаттың бүгінгідей әлем экономикасында алып отырған орнына Елбасы қосқан үлесті бір кісідей мақтаныш сезіммен баяндады.

Иә, еске алатын сәттер, табыстың тайқазанын тасытқан шақтар шынында да молынан еді. Теміртаудың тағдыры өткен ғасырдың 30-жылдарынан бастау алған Қарағанды тас көмір бассейнін өнеркәсіптік негізде игеру кезеңімен тығыз байланыста. Болатшылар қаласында Қазақстан қара металлургиясының негізі қаланғанына 70 жыл толған екен. Соғыстың өрті әлі басылмаған шақта, яғни 1944 жылдың 31 желтоқсанында Қарағанды облысындағы әлі ешкімге белгісіз Самарқан деген елді мекенде, Нұра өзенінің жағасында болат қорытатын зауыт салынып, тұңғыш балқыма алынған. Майданның қажеті үшін жеделдете салынса да бұл құрылыс кездейсоқ шешім емес еді. Сонау 30-жылдары ғұлама ғалымдар Қ.Сәтбаев, М.Русаков, А.Сперанский Орталық Қазақстанның минералды ресурстарын жан-жақты зерттей келе болашақ өндірістің орнын белгілеп қойған. Самарқанның іргесінде Қарағанды сияқты тас көмірдің қисапсыз қоры тұр, өңірде темір рудасының кен орындары жеткілікті, темір жол қатынасы бар, Нұра өзеніне бөген орнатылып, сыйымдылығы 250 миллион текше метр су қоймасы жасалған. Оның жағасына Қарағанды көмір бассейнін игеру үшін салынған ірі электр стансасы – ҚарГРЭС-1 де ел игілігіне қызмет етуде…

Екінші дүниежүзілік соғыс етек алып, 1941 жылы фашистер ел шетіне басып енгенде сол кездегі одақтың негізгі көмір-металлургия орталығы жау қолында қалып қойды. Сондықтан, 1942 жылы Мемлекеттік қорғаныс комитеті Қарағанды кокс көмірінің базасында металл сынықтарынан болат қорытатын шағын зауыт салу туралы шешім қабылдайды. Жанқиярлық еңбектің арқасында небәрі 18 айдың ішінде жаңа зауыттың мартен цехы іске қосылады. Бұл үшін 3 мың адам жұмысқа тартылған еді. Қазіргі жас­тар сене қоймайды: жұмысшылар аш-жалаңаш жүріп бар жұмысты қолмен атқарды, қарулары күрек, қайла болатын. Тұрмыстары да адам төзгісіз еді: 80-100 адамнан іркес-тіркес барақтарда үйме-жүйме болып тұрып жатты…

Осылай Қазақстан қара метал­лургиясының негізі қаланды. Мартен пештерінен кейін ұсақ прокат стандары қатарға қосылды. Қара металлургия өндірісіне қазақ жастары алынып, олар Нижний Тагиль, Белорецк, Алапаевск, атақты Магнитогорскіден отты мамандықты игеріп жатты. Сөйтіп, жоғарыда айтқанымыздай соғыс бітер жылдың алдында, дәл 31 желтоқсан күні тұңғыш қазақстандық болат балқытылып, бірден қару-жарақ, артиллерия снарядтарын шығаруға жөнелтілді. Жеңісті жақындатуға бұл бір мысқал болса да үлес еді. Мартен пешін қабылдап алу жөніндегі мемлекеттік комиссияны сол кездегі республика Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары Д.Қонаев басқарған. Қазақ металлургия зауытының құрылысшылары мен металлургтерін Жоғарғы Бас қолбасшы құттықтады. Үкіметтік жеделхатта былай делінген:

«Қазақ металлургия құрылысының құрылысшыларын және монтажшыларын, Қазақ металлургия заводы қызметкерлерін №1 мартен пешінің құрылысын бітіріп, пайдалануға берулеріңізбен құттықтаймын. Соғыс уақытының қиын жағдайларында құрылысшылар мен монтажшылардың қажырлы еңбегі арқасында Қазақ ССР-індегі тұңғыш металлургия заводының құрылысы іске асырылуда. Қазақ Республикасы индустриялы өркендей берудің базасы болған Қазақ металлургия заводының құрылысын тез аяқтап, көрнекі табыстарға жетулеріңізді тілеймін. И.Сталин. 31.12.1944».

 

1945 жылы қазанда күзде Самарқан поселкесі Теміртау деп қайыра аталып, қала мәртебесіне ие болды. Оған да, міне, 70 жыл толып отыр.

Осы жерде Теміртау атауының қалай пайда болғанын еске алса да болады. Арқаның «Абылай аспас сары белінен» басталатын жазық дәл осы тұсқа келгенде жатаған шоқыларға ұласады. Сырт көзге биік тауға ұқсап, кез келген жолаушыны өзіне тартатын. Ол кезде Нұраның жағасында ат бойы құрақ өсетін. Бұл жер жергілікті халықтың жайлы жайлауы еді. Қазақ жер-су атауын қашан да тауып қояды ғой. Кейбір жорамалдар бойынша бір беткейі аттың жауырына ұқсас қызылшақа болғандықтан төбені Жауыртау деп, сол жердегі өткелді Жауырөткел деп атауы әбден мүмкін. Алайда, ішкі Ресейден келген қоныс аударушылар осы жерде қала салып, елді мекенді Самарқан атаған. Бұл 1909 жыл деседі. Ал белгілі қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың естелігінде 1945 жылы КСРО Ауыр өнеркәсіп министрі Тевосянға барғанда ол шартты түрде болса да болашақ қалаға ат қою қажет екенін білдіреді. «Сөйтті де «металл» деген сөздің қазақшасы қалай екенін сұрады. Мен «темір» деп жауап бердім. Тевосян «темір» деген сөзді өзінше бір-екі рет қайталап алды да, міне, жаңа қаланың аты осылайша жаңалық білдіргені жөн, деп қуанып кетті. Оның ойынша қаланың аты Темір болуға тиіс. Бірақ маған темір болғанда жай темір емес, бүкіл қазақтың бақыты, молшылықтың, игіліктің тау-тау темірлері деген ой келіп қалды. Сөйттім де, Теміртау деп атайық деген ұсыныс жасадым және де тау деген сөздің символдық мәнін түсіндірдім. Тевосян қуанып кетті. Сөйтіп, Теміртаудың темірі Тевосяндікі де, тауы менікі болғанына осы уақытқа дейін қуанамын…» («Тұғыры биік Теміртау», Қарағанды, 2005 ж. кітабынан). Алматыға келгеннен кейін осы ұсыныс бекіп, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1945 жылғы 1 қазандағы Жарлығымен Самарқан поселкесіне қала мәртебесі беріліп, Теміртау деп аталды. Сөйтіп, Жауыртау жайлауы тау-тау темір өндіретін Теміртауға осылай айналды. Сол кездің өзінде Теміртауда ҚарГРЭС пен Қазақ металлургия зауытынан басқа синтетикалық каучук зауыты, басқа жеңіл және тамақ өнеркәсібі өндіріс орындары, әлеуметтік-мәдени ошақтар жұмыс істеп тұрды.

Соғыстан кейінгі жылдары да Самарқан жасанды су қоймасының жағасында толық циклды зауыт салу идеясы жалғасын тапты. 1948 жылдың қазан айының өзінде болашақ өндіріс алыбының құрылыс алаңы таңдап алынды. Оны анықтауға академик Қ.Сәтбаев бастаған ғалымдар қатысты. Құрылыс салуға қаланың шығыс жағындағы Мұздыбай қыратының етегіндегі кең алаң таңдап алынды. 50-жылдардың ортасында партияның кезекті съезінің шешімімен жаңа зауыт құрылысы бас­талды. 1957 жылдың 3 желтоқсанында Қарағанды металлургия зауыты тұңғыш домна пешінің іргетасын орнату салтанаты болып өтті. Комсомол съезі жаңа зауытты Бүкілодақтық екпінді құрылыс деп жариялады. Теміртауға арман қуған мыңдаған жастар ағылды. Егер 1957 жылы 9 мың адам жұмыс істесе, 1958 жылы олардың саны 17 мыңнан асты, солардың 70 пайызы жастар еді. Жүрек қалауымен алып құрылысқа келген жас­тар арасында болашақ Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев та болды. Тіпті, болгар жастары да қатысып, қолтаңбаларын қалдырған. Халқымыз жаңа металлургия алыбын Қазақстан Магниткасы деп атады. Бұл атау халыққа ұнады. Өйткені, сонау аш-жалаңаш, ашаршылық жылдары мыңдаған қазақтар Орал Магниткасының құрылысында болып, нәпақасын сондағы жұмыстан тауып аман қалған еді.

Болашақ металлургия өндірісіне тұрғылықты халық – қазақтар арасынан маман кадрлар даярлау қажет болды. Қарағанды тау-кен институты кеңейтіліп, политехникалық институтқа айналды, оның жанынан металлургия факультеті ашылып, ол кейін Теміртау зауыт-жоғары техникалық оқу орны ретінде енші алып, бөлініп шықты. Мәскеудің іргелі оқу орындарын бітірген білікті мамандар Асқар Қонаев (Қазақ металлургия зауытының смена бастығы, кейін академик), Едіге Түркебаев (Қарағанды металлургия зауытының 60-жылдарғы бас инженері, кейін белгілі экономист-ғалым), Махмуд Ақбиев (еңбек жолын ескі зауытта бастап, Қарметкомбинаттың 80-жылдарғы бас директоры болған) және т.б. Қазақстан қара металлургиясын дамытуға үлес қосқандардың алдыңғы қатарында болды.

1960 жылдың 3 шілдесін біз Қазақстан Магниткасының туған күні деп есептейміз. Дәл осы күні №1 домна пешінің науасынан тұңғыш қазақстандық шойын селі тасқындап, Теміртаудың жаңа тарихының беттері жазылды. Тұңғыш еңбек вахтасына тұрып, сол күні ауысымды басқарған Вадим Романов пен аға горновой Ахат Набиуллиннің есімдері комбинат тарихына алтын әріптермен жазылып қалды. Айтулы оқиғаға байланысты өткен салтанатқа Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Д. Қонаев қатысып, теміртаулықтарды тамаша еңбек табысымен құттықтады. Алғашқы шойын алу вахтасына жас металлург, болашақ Елбасымыз Н.Назарбаев та тұрды. Ол №1 домна пешінің шойыншысы еді. 1958 жылы Днепродзержинск қаласындағы техникалық училищеде өзімен бірге барған 70 шақты қазақ жас­тарымен бірге Днепр металлургия зауытында тағылымдамадан өткен. Басына киіз қалпақ киіп, күлімдеп тұрған және бір топ домнашылармен түскен тарихи суреттер Н.Назарбаев домна цехының горновойы болып жүргенде бейнеленген. Еңбек жолын қарапайым металлургтен бастаған Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан Магниткасының от-жалынды цехтарында құрыштай шыңдалды, өндірістік және қайраткерлік жолдан өтті.

«Теміртау мен үшін – алтын бесік. Магнитканың тарихы, Теміртаудың тарихы, оның адамдарының тағдыры менің тағдырыммен ажыратылмас. Егер менің өмірімде Магнитка мен Теміртау болмаса, мен ешқашан Президент болмас едім», – деп жазды ол кейін ағынан жарыла. Магниткада, Теміртауда комсомол, партия жұмысында жүріп Нұрсұлтан Әбішұлы бойына қайраткерлік қасиеттерді сіңіре білді. Оның еңбектес серіктері де осы жерде еңбек жолын бастап, биіктерге өрледі, Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын нығайтуға лайықты үлес қосты. Атап айтқанда, кешегі металлургтер Қабидолла Сарекенов партия-кеңес қызметінде болды, бүгінде ірі ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлеутай Сүлейменов те мемлекеттік қызметте болып, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі атанды. Ал Днепродзержинскіде бірге оқыған серіктерінің өмір жолы 2008 жылы жарыққа шыққан «Зауыттың баяғы сол өткелі…» – «Та заводская проходная…» деген кітапта баяндалғанын жұрт жақсы біледі.

Сөйтіп, Қазақстан Магниткасы, Теміртау қаласы алып құрылыс алаңына айналды. Мұнда металлургия өндірістерін салуға мамандандырылған бас мердігер – «Казметаллургстрой» тресімен қатар ондаған, тіпті жүздеген одақтық, республикалық қосалқы мердігерлік құрылыс-монтаж ұйымдары иін тіресе еңбек етіп жатты. Алғашқы домнадан кейін бірінен соң бірі үш домна пеші, жеті кокс батареясы, екі агломерат фаб­рикасы, мартен, конвертер цехтары, прокат стандары іске қосылды. Қала адам танымастай өзгерді. Мыңдаған шаршы метр тұрғын үйлер, мектептер, ауруханалар, балабақшалар салынды. Металлургтердің мәдениет сарайы, стадион, спорт кешендері, Жауыртау етегінде шаңғы базасы, тағы басқа әлеуметтік-мәдени ғимараттар бой көтерді.

Теміртаудан ел даңқын асырған талай майталман металлургтер мен құрыш қолды құрылысшылар шықты. Е.Байғазиев, А.Дәрібаев, М.Мүсілімов, Х.Баймұрзинов, П.Захарова, П.Лисо­венко, Т.Адам-Юсупов, А.Хвостов, А.Пан­ченко сияқты өз ісінің нағыз айтулы шеберлері Социалистік Еңбек Ері атағын алды. Е.Шевцов, С.Дрожжин, О.Тищенко, М.Ақбиев, В.Марков, Т.Бұр­ханов, Ю.Душин, М.Жаныбеков, В.Ему­шинцев, В.Мирко, В.Бургов, Г.Цим­бал сынды мамандар КСРО-ның және республикамыздың Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Айтулы болат балқытушы А.Жүнісовтің омырауына Қа­зақстанның Тұңғыш Президенті, байыр­ғы металлург Н.Назарбаев өз қолы­мен Қазақстанның Еңбек Ері алтын жұлдызын тақты.

Олардың мамандығы – металлург. Ал металлургтің мамандығы батылдықты, тапқырлықты, шапшаңдықты талап етеді. Шалыс кетсең, жазым қылады. Міне, бойына осындай қасиеттер дарыған маман Нұрсұлтан Назарбаев Қарағанды металлургия комбинатында партком хатшысы болып жүргенде Кремльдің төрінде, Орталық комитеттің хатшылығында өзін бар қырынан таныта біліп, комбинаттың мұқтаждарын қорғай білді. Сол жолғы ерлігі мен одақтық «Правда» газетіне жазған «Причислен к отстающим» деген мақаласын, біз, Тұңғыш Президентіміздің өмірбаянын зерттеуші журналистер, аңыз әңгімедей аузымыздан тастамаймыз. Енді қалай?! Жас ұрпаққа өнеге болсын деп, оның еңбек жолы жұғысты болсын деп тілейміз өскен өркенге!

Теміртау металлургтері жыр қылып айтатын тағы бір жайт – 90-жылдардың ортасында Одақ ыдырап, бұрынғы байланыстар үзіліп, комбинат тоқтап қалуға жақындағанда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың осы бір алып өндіріс орнын қалай аман сақтап қалғандығы, яғни қазіргі «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы сияқты қуатты инвестор тауып беруі. Бұл компания, сондай-ақ, Қарағанды көмір бассейнінің кокстелетін көмір өндіретін шахталарын да бауырына басты. Комбинаттың жаңа қожайыны адамдарды жұмыспен қамтамасыз етіп, уақытында жалақы төлеп отырумен қатар, өндірісті жаңартып, жаңа цехтар мен осы заманғы өндірістер ашуда. Солардың арасынан ыстықтай алюминдеу өндірісін, болатты үздіксіз құю машиналарын, жаңа сортты прокат цехын, жаңартылып, қайта құрылған үшінші және төртінші домна пештерін айтсақ та жеткілікті. Әлемдік дағдарысқа қарамастан, компания Елбасы ұсынған үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаның белсенді қатысушысы болып табылады. Көптеген жобалар ойластырылған. Соның бірі бірқатар экологиялық нысандар – су дайындау кешені, аглоөндірістегі шаң тазарту жүйесі, 1- конвертердің газ тазарту қондырғысы, әк күйдіру цехындағы айналмалы пештің газ тазарту желісі және т.т. Осы жобалар жүзеге асқанда ауаға лас заттарды шығару жылына 20 мың тоннаға азаймақ. Демек, табиғат қорғау шараларына қомақты үлес болып қосылмақ. Сондай-ақ, еңбек қорғау бағытында да жыл сайын айтулы істер атқарылып келеді.

Қазақстан Магниткасы – еліміздің бетке ұстар өндірісі. Ол бүгінде Қазақстандағы ғана емес, халықаралық ірі «АрселорМиттал» компаниясында болат өндіру жөнінен бірінші орын алатын таңдаулы кәсіпорынның бірі болып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев білікті металлург, өндіріс ұйымдастырушысы, ел экономикасының бас менеджері ретінде Қарағанды металлургия комбинатының жұмысын назардан тыс қалдырмайды. Қарағанды облысына сапары кезінде оның цехтарын аралап, адамдарының жағдайымен танысады, өзімен бірге қоян-қолтық еңбек етіп, араласқан азаматтармен емен-жарқын амандасады.

Елбасы Магниткада еңбек жолы басталғанын мақтан етеді. Теміртау – Елбасына берік тұғыр болған мекен.

Бүгінде еңбекші қала өзінің 70 жыл­дық мерейтойын зор салтанат үстінде қар­сы алмақ. Мерекелік шаралар еліміз­дің тарихындағы елеулі оқиғалар – Қа­зақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақстан хал­қы Ассамблеясының, Қазақстан Консти­ту­ция­сының 20 жылдығы сияқты айтулы ме­ре­келермен ұштастырыла өткі­зі­ліп, «Мәңгілік Ел» мұратына бет алған Қазақ­стан халқының бірлігі мен жа­сам­паз­дығын тағы бір мәрте дәлелдей түспек!

Дереккөз: "Егемен Қазақстан"

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар