Қасым-Жо­март Тоқаев: «Елбасы сөзі еліміздің ұстанымдарын нығайтады»

/uploads/thumbnail/20170708200242091_small.jpg

Сенат Төрағасы Қасым-Жо­март Тоқаевтың жетек­шілі­гімен кеше палатаның кезекті жалпы оты­рысы болып өтті. Ондағы өзі­нің кіріспе сөзінде Төраға Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясының тари­хи мерейтойлық сессиясында әлемдік дағдарысты еңсеру жә­не халықаралық қауіпсіздікті ны­ғайтуда орасан зор мәні бар нақты бастамалар көтергендігіне ерекше тоқталды.

«Елбасы БҰҰ Бас Ассам­б­лея­сының тарихи мерейтойлық сессия­сында сөйлеген сөзінде әлемдік дағдарысты еңсеру және ха­лық­аралық қауіпсіздікті нығайтуда орасан зор мәні бар нақты бастамалар көтерді. Пре­зидент ХХІ ғасырда ядросыз әлем қалыптастыру және «Жаңа Бола­шақ» тұжырымдамасын әзірлеу туралы, сондай-ақ, халықаралық терро­ризмге қарсы күрестің дүние­жүзілік желісін құру қа­жеттігі туралы мәлімдеді», – деді Қ.Тоқаев.

«Заманымыздың аса тәжі­ри­белі саясаткері, Азиядағы қауіп­сіздіктің іргетасын қалаушы, Еуразиядағы ықпалдастықтың негізін салған Президентіміздің бастамалары халықаралық сая­си және дипломатиялық қоғам­дастықтың аса жоғары қызы­ғушылығын тудыратыны даусыз. Бүгінде бұл бастамаларға әлемнің жетекші мемлекеттері назар аударуда», – деп атап өтті Төраға. Қ.Тоқаевтың пікірінше, Президенттің әлемнің басты мінберінен сөйлеген сөзі Қа­зақстан үшін аса зор стратегиялық маңызға ие. Бұл бастамалар қазіргі құбылмалы әлемде еліміздің ұстанымдарын нығайта түседі.

Сенат отырысының күн тәрті­біне кірісердің алдында Төраға палата Президенттің «100 қадам» стратегиялық бағдарламасын іске асыруды көздейтін заң жобаларын қарастыруға кірісетінін ерекше атап өтті. Стратегия еліміздің ішкі әлеуетін күшейтуге бағытталған, деді Қ.Тоқаев. Жұмыстың нәтижелі болатынына сенім білдірген Сенат Төрағасы Қазақстанның халық­аралық беделін одан әрі арттырып, қоғамда тұрақтылық пен келі­сімнің нығаюына Сенат депутаттары өз үлестерін қосатынын айтты.

Отырыс барысында палата он үш заң жобасын қарады. Қазақ­станның Дүниежүзілік сауда ұйымын кұру туралы Марракеш келісіміне қосылуы туралы хаттама ратификацияланды, сондай-ақ, еліміздің осы ұйымға кіруіне бай­ланысты заңнамаға түзетулер қабылданды.

Сенаторлар, сонымен бірге, Еура­зиялық экономикалық одақ шең­берінде дәрілік заттар айна­лысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімді, ЕАЭО шеңберінде медициналық бұйымдар айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімді, Қылмыстық жазаны шетелде өтеу туралы америкааралық конвенцияны, Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы Қазақстандық Балқаш торабын беру шарттары және оны зымыран шабуылы туралы Ресей ескерту жүйесінде одан әрі пайдалану тәртібі туралы келісімді, Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы, Қазақстан мен Иран үкіметтері арасындағы Жолаушылар мен жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісімді де ратификациялады.

Жан-жақты талқылай келіп, депутаттар Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы заңға түзету­лерді қабылдады. Бұл құжат Мем­лекет басшысының «Нұр Отан» партиясының ХVI съезін­де және Қазақстан халқы Ассам­блеясының ХХІІ сессиясында берілген тапсырмалары негізінде әзірленді. Құжаттың мақсаты «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық отан­шылдық идеясын іске асыруға бағытталған тұтастай мемле­кеттік саясат қалыптастыру үшін қолданыстағы заңнамаға өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу болып табылады. Осыған байланыс­ты кіріспеге, «Болашағы біртұтас ұлт» институттық реформасында бекітілген құндылықтар негізінде еліміздегі ұлтаралық келісімді қамтамасыз етуді көздейтін өзгерістер енгізіледі. Одан басқа, заң жобасы Қазақстан халқы Ассамблеясының Ассамблея Төрағасы ретінде Мемлекет басшысына жыл сайынғы есептерін қарастыратын ережелермен толықтырылған. Енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар Ассамблеяның институттық рөлін күшейтеді, қоғамдық келісімді, «Мәңгілік Ел» идясының жалпы құндылықтары негізінде қазақстандық біртектілік пен бірліктің нығаюы үшін жағдай жасайды.

Палата заңнамаға жол-көлік инфрақұрылымын, көліктік логистиканы және авиатасымалды дамыту мәселелері бойынша түзетулерді екі оқылымда қарады және қабылдады. Құжат Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың бес институттық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам – Ұлт жоспарын іске асыру мақсатында әзірленді. Онда еліміздің Азаматтық кодексіне халықаралық стандарттарға сәйкес аралас тасымалдар институтын дамытуды құқықтық регламенттеу бөлігінде түзетулер енгізу көзделген. Бюджет кодексіне егер шартта құнын ұлғайтуды қаржыландыру бойынша өзге талаптар белгіленсе, жобалық-сметалық құжаттаманы түзетпей, аза­маттық-құқықтық шартқа сәйкес бюджеттік инвестициялық жоба­лардың сметалық құнын ұлғайту кезінде қаржыландыру мүмкіндігін көздейтін түзетулер енгізілген.

«Салық және бюджетке тө­ленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексте бірыңғай тауар-көлік жүк құжатын транзиттік жүктерді аралас тасымалдау кезінде бірыңғай халықаралық тасымалдау құжаты ретінде тану көзделген. Бұдан басқа, заң жобасында Автомобиль жолдарын басқару жөніндегі ұлттық оператордың өзін өзі қаржыландыруға біртіндеп көшуі, Қазақстан Республикасы көрсететін халықаралық көлік қызметтерінің ашықтығын, икемділігі мен жылдамдығын қамтамасыз ету, әуе көлігін пайдалану саласында мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау тетігін жасау үшін қолданыстағы заңнаманың нормалары және басқа да ережелері жетілдіріледі.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне арнайы экономикалық аймақтарды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң екі оқылымда қаралып, қабылданды. Құжат олардың қызметін оңтайландыру бойынша нормаларды, арнайы экономикалық аймақтар басқарушы компанияларының инвестициялық тартымдылығы үшін жағдай жасау­ды және олардың өкілеттіктерін кеңе­й­туді көздейді. Осылайша, заң жо­басы шеңберінде арнайы эконо­микалық аймақтарды құру, олар­дың жұмыс істеуі мен оларды басқару саласында бірыңғай мем­лекеттік сая­сатты әзірлеу және бақы­лаудың негізгі функцияларын жүзе­ге асыру атқарушы биліктің уәкі­лет­ті мемлекеттік органына жүкте­леді.

Сенаторлар екі оқылымда талқы­ла­ғаннан кейін «Қазақстан Респуб­ли­касының кейбір заңнамалық актілеріне сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне сәулет, қала құрылысы және құрылыс қыз­меті мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын да қабылдады. Басқа заңнамалық құжаттар бойынша да тиісті шешімдер алынды.

 

Дереккөз: Егемен Қазақстан 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар