Айбарлы Абылай аңсаған азаттық

/uploads/thumbnail/20170708200241372_small.jpg

Елбасы Н.Назарбаевтың «Абылай аңсаған азаттық» деген толғамды мақаласындағы «Абылай Керей мен Жәнібек хандар тіккен Қазақ ордасын еңселі ел ету ісіне саналы ғұмырын арнады. Қазақ хандығы деген ұлан-ғайыр жерімізді жаудан азат етіп, еліміздің етек-жеңін бүтіндеді. Оның қазақ хал­қының тұғыры берік, жұлдызы жарық ел болуын аңсап, осы қасиетті мақ­сат­қа жету жолында найзаның ұшын ғана емес, дипломатияның күшін де жұмсаған заманының аса көрнекті ханы болғанына тарих куә», – деген тол­ғамдары әрбір зерделі азаматқа үлкен ой салары анық. Бұдан Қазақ хан­дығының тарихы туралы сөз қозға­ғанда мемлекеттілігіміздің қалып­та­суына, дамуына ұшан-теңіз үлес қос­қан Абылай хан секілді тұлғаны ат­тап өту мүмкін емес деген ой түюге болады.

Абылай хан туралы ел жадында сақталған мағлұматтар көп. Халқымыз екі ғасыр бойы үш жүздің басын біріктірген айтулы қоғам қайраткері жайлы көптеген аңыздар тудырды, жыр-дастандар арнады. Қазақ халқының басынан өткен тағдырлы оқиғалар туралы сөз қозғасақ, XVIII ғасырдағы ауыз әдебиетінің асқақ кейіпкері, халықтың шексіз сүйіспеншілігі мен құрметіне бөленген Абылайдың ғажайып кісілік тұлғасы жарқырай көрінеді. Уақыт көші ілгерілеген сайын жаңғырып, жаңарып келе жатқан халық мұрасында адал ұл, ержүрек батыр, көреген қолбасшының бейнесі өскелең ұрпақ үшін идеал болып қала берері сөзсіз. Кезінде Қазақ хандығы туралы орыс тіліне аударылған құжат мәтіндерінің Қазақстан тарихы бойынша арнайы дайындалған ғылыми жинақтарға енгендері бар. Бірақ олардың басым бөлігі кеңес заманында саясат мүддесіне лайықталып қана басылды. Оның өзінде қалыптасқан ұстанымды дерек көздері арқылы өрескел бұрмаланып отырды.

Президенттің бастамасымен әзір­ле­ніп, қабылданған «Мәдени мұра»­ бағдарламасы ұлт мұрасын сақ­тау, көбейту, зерделеу арқылы қазақ хал­қының қайта өрлеуіне кең жол ашты. Ұлы ханның өмірі, мемлекеттік қыз­меті жан-жақты зерттеліп, сонау қиын заманда халықты біріктіріп, ел тұтастығын сақтаған кемеңгер көсем­нің тарихи орны ерекше атап өтіл­ді. Әсіресе, сол тарихи дәуір­дің құнды құжаттарына еш баға жет­пейді. Оларды жүйелі түрде із­деп, анықтап, жинақтау еліміздің тәуел­сіз­дік алу кезеңінен басталғанын еш­кім жоққа шығара алмайды. Мұрағатшылар мен ғалымдардың тынымсыз еңбектенуінің нәтижесінде Абылайға байланысты мұрағат дерек­тері­нің табылуы осы ойымызды ай­ғақтаса керек. Бүгінде Солтүстік Қа­зақстан мемлекеттік мұрағаты Ресей империясының сыртқы саясат, Ресейдің көне құжаттар, мемлекеттік тарихи, Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік, Омбы, Орынбор облыстық тарих мұрағаттары қор­лары­нан табылған елуге жуық жәдігерлерді тұңғыш рет ғылыми айналымға енгізіп, жұртшылыққа ұсынды. Петропавл қаласында орын тепкен «Абылайдың ақ үйі» ақиқатқа айналып, талай жыл­дарға созылып келген өнбес дау­ға нүкте қойылды. Елбасының қа­тысуымен «Абылай хан резиденция­сы» кешені ашылып, ескерткіш орнатылды. Облыстық мұрағаттың оқу залында ұлы бабамыздың өмірінен, жорық жылдарынан сыр шертетін көрме ұйымдастыру дәстүрге айналды. Ондағы мақсат – Абылай ханның өнегесінде тәуелсіз Қазақ елінің ке­лешек ұрпағын ойландырарлық тә­жірибе мол екеніне, сан ғасыр ар­мандаған тәуелсіздігімізді баян­ды ету үшін береке-бірлігімізді көз­дің қарашығындай сақтауға, әлем ел­де­рінің сан сүрлеуін үнемі есепке алып отыруға баулу. Белгілі тарихшы-ға­лым Е.Бекмаханов: «Шиеленіскен ха­лықаралық жағдайда Абылай быты­раң­қы қазақ жерлерін өз қол астына біріктіруге тырысты. Қазақстанды ба­сып алуға ұмтылған көршілері – Ресей, Қытай, Жоңғар мүдделерінің қай­­шылықтарын дұрыс пайдалана отырып, іс жүзінде елдің тәуелсіздігін сақтап қала алды», деген тұжырымы өміршеңдігін жоғалтқан емес.

Абылай «Жеті Жарғы» заңдар­ жинағын негізге ала отырып,­ мем­лекет­тің ішкі жағдайын күшейтуге бағыттады. Қазақтың тайпа, ру басыларын жылына бір рет жинап, хан­дықтың сыртқы және ішкі жағ­дайы­на қатысты іргелі мәселелерді талқыға салды. Ішкі саясатта хандық билікті нығайту бағытын ұстанып, шаруашылық пен сауданы дамытты, тұрғындардан салық жинаудың жаңа түрлері мен мөлшерін енгізді. Мемлекетті орталықтандырылған басқару қағидаты бойынша ұлыстарды жергілікті жерлерде орталық билікке бағынатын сұлтандар арқылы бас­қар­ды. Бір орталыққа бағынған Қазақ мемлекетін орнатуда ішкі тартыстарды жоюдың тиімді жолдарын таба білді. Хан билігін нығайтып, билер мен батырлардың мемлекеттің бас­қару жүйесіне белсенді қатысуын қамтамасыз етті. Осы арада Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында белгіленген тұжырымдамалық ше­шім­дері ата-бабаларымыздың қазақ мемлекеттілігін құру, тура жолдан адас­пау жөніндегі сан ғасырлық арман-мүдделерінің қисынды жалға­сы болып табылатынын айта кету артық болмас. «Ұлытау төріндегі толғаныста» қазақ жұртының арғы­ түбі ғұндардан басталып, көк түрік­тер­ге жалғасатыны, Ақ Орданың ор­нығып, хандық дәуірге ұласатыны, кейін Тәуелсіздікке келіп тірелетіні Отан деген ұлы ұғыммен жан-жақты байланыстырылған. Отанды қорғау әркімнің өз шаңырағын, туған-туыстарын ойлау, қорғау тілегінен бастау алатынын ескерсек, осындай үлкен тарихымыздың жастар үшін тәлім-тәрбиесі өте зор. Бүгінгі қазақ халқы ғайыптан пайда болмағанына бұдан артық қандай дәлел керек? Ал, тарихын ұмытқан ұлттың болашағы бұлыңғыр. Сол себепті Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын атап өтудің астарында қазақстандықтар бойында ел мен жерді сүю қасиеттерін қалыптастыру ниеті жатқанын аңғару қиын емес. Жәнібек пен Керей хандардан бастап Кенесарыға дейінгі аралықта өмір сүрген хандарымыз бен батырларымыздың қай-қайсысын алсақ та, сыртқы саясатта қазаққа ыңғайлы дипломатиялық байланыс орнатып, сауда-саттық, экономикалық қатынасты нығайтуға ұмтылып отырды. Қан төгіп, соғысуды емес, дербес мемлекет орнатуды, ел тұтастығын сақтауды, халықтың жайлы өмір кешуін арман-мұрат етті.

Мәселен, қазақ-қытай арасындағы ресми сауданы Абылайдың тапсыр­масымен Қабанбай батыр ат­қа­рып отырғаны жайлы деректер жиі кез­деседі. Ресей мемлекетімен ара­қа­ты­насты да дипломатиялық жолмен ше­шіп отырған.

Абылай үш жүздің басын қосып, біріккен күшті Қазақ хандығын құруға, қазақтың «Ақтабан шұбырынды» жылдарында айырылған жерлерін қайтарып алуға зор еңбек сіңірді. Орта Азия хандықтарымен соғыстар сәтті аяқталып, Түркістан, Сайрам, Шымкент, тағы басқа қалалар қайтадан қазақтардың иелігіне өтті. Академик М.Қозыбаевтың «Қазақтың болмысын сақтап, болашаққа үміт-сенім отын жандырған, Қытайдың жымысқы оспағына, орыстың содыр тоқпағына қарсы тұрып, бірде айламен, бірде найзамен өнерін асырып, екі ұлы империяны естерінен тандырған, қазақты тірідей үйітіп жегісі келген жалмауыз отаршылардың бағын ақылымен, айбынымен тайдырған ХVІІІ ғасырдың әлемдік деңгейдегі алып тұлғасы, ғажайып дипломаты – Абылай хан», деуінде үлкен мән-мағына жатыр.

Дереккөз: Егемен Қазақстан

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар