«Қазақстан-2050» Стратегиясы мен Ұлт жоспарында мемлекетіміздің басты байлығы адамдар және олардың денсаулығы екендігі көрсетілген. Талас жоқ, тек дені сау ұлт қана өзінің алдына қойған мақсаттарын ойдағыдай орындап шыға алады. Әйтсе де, қайтерсіз кейбір факторлардың әсерінен темірдей денсаулыққа нұқсан келетін жайттар де болып тұрады. Сондай адамдардың елеулі бір бөлігін республиканың батыс өңіріндегі Азғыр және Капустин Яр полигондарынан зардап шеккендер құрайтыны да құпия емес.
Бұл тұрғыда аталған сынақ алаңдарының табиғат пен қоршаған ортаға және адамдар денсаулығына тигізген залалын табаны күректей 20 жылға жуық уақыт бойы бақылап, зерттеп келген «Нарын» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Кәкен Көбейсіновтің алға тартқан деректеріне сүйенгіміз келеді. Ол кісінің мәлімдеуінше, бүгінгі күнге дейін полигондар маңайындағы жиырма мың адам әртүрлі созылмалы ауруларға душар болған. 2500 бала кемтар күйінде туылған. Үш мыңға тарта адам мүгедектікке шалдыққан.
Бұл деректердің қай-қайсысы да ойландырмай, толғандырмай қоймайды. Сірә, мұндай жағдайда тек бір ғана ойланып, толғанумен іс бітпесе керек. Осы тұрғыда бұдан алты жыл бұрын республиканың батыс өңірінде оңалту орталығы салынып пайдалануға берілуі сол кезеңнің басты бір жаңалығы болғаны талассыз. Әрі сол бір жылдарда жергілікті жерден көтерілген үнқосулар мен сұраныстарға және қоғамдық ой-пікірлерге қолдау көрсете білген Елбасының тигізген шапағаты да ұмытыла қойған жоқ.
Соның нәтижесінде Капустин Яр және Азғыр полигондарынан зардап шеккен тұрғындарды сауықтыру бағытында жүз орындық оңалту орталығы бой көтерді. Осы тектес сауықтыру құрылымының елімізде ешқандай баламасы жоқ екенін де айта кеткен жөн. Әрі үш қабатты зәулім ғимаратты белгілі бір облыс орталығында немесе елордасы – Астанада емес, полигон зардаптары неғұрлым көбірек байқалатын аймақтың бірі – Жаңақала жерінде салынуы да әділеттілікке біршама жақындайды. Халықтық ұғым-түсінік пен бейресми түрде Қамыс-Самар елі атанып кеткен бұл мекенге аталған полигондар аймағына Бөкей орда, Жәнібек және Казталов аудандары да қашық емес. Сонымен бірге, ауылы аралас, қойы қоралас іргедегі Атырау облысына қатысты да осылай деуге болады. Яғни, бұл арада аталған оңалту орталығының облысаралық маңызы бар десек қателеспейміз.
– Бүгінде орталықта медициналық, психологиялық және әлеуметтік тұрғыдан жоғары мемлекеттік стандарттарға сай кешенді көмек көрсетілуде. Мұнда оңалтудың барлық технологиясы мен әдістері енгізілген. Жоғары сапалы емге қоса біздің әрбір қызметкеріміздің ашық қабағы мен ілтипаты және жылы жүрегі емделушілердің тезірек сауығып кетуіне оң әсерін тигізуде, – дейді орталық директоры Қобыланды Бекенов.
Біз жоғарыда ракеталық полигондардан көбірек зардап шеккен және оның маңайында орналасқан аудандарды атаған едік. Бұған қосарымыз Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен өңірдегі әлеуметтік және медициналық көмек көрсету ұйымдары департаменттерінің жетекшілері осы шалғай өңірлерге жиі атбасын бұрып қоғамдық тыңдаулар өткізуді тәжірибе мен дәстүрге айналдырғаны да атап айтуға тұрарлықтай.
Осы кездесулерде денсаулықты жақсарту мен сауықтыруға қатысты ел-жұртты толғандырып отыран мәселелер ортаға тасталады. Кейін осы қоғамдық тыңдаулар кезінде айтылған ойлы пікірлер мен ұсыныстар қорытылып, еленіп, екшеліп сала көшбасшылары ұстанатын басты қағидаға айналатынына да куә болып келеміз.
Тағы бір айтарымыз, Азғыр және Капустин Яр сынақ алаңдары маңайында дүниеге келген денсаулығында ақауы бар балалар мен жеткіншектер де жазғы демалыс уақытында орталықта емдеу-сауықтыру курсынан өте алады. Осылайша олардың жаңа оқу жылына ем алып, дем алып кірісуіне мол мүмкіндіктер жасалған. Ең бастысы, қарапайым тұрғындарға қолжетімді медициналық көмек көрсету 115 адамнан тұратын орталықтың ұйымшыл ұжымының басты мақсаты болып қала бермек.
Дереккөз: "Егемен Қазақстан"
Пікір қалдыру