Адамға бала не үшін керек?

/image/2023/06/01/crop-4_109_904x1608_5d0a0f30d2b1a.jpg

1 маусым – дүниежүзілік балаларды қорғау күні. Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен шекарасын шегендеген қазақ өмірінде баланың орны ерекше. Бала–ұрпақтың жалғасы. Тіпті, қазақ артында ұрпағы қалмаған адамды жерлегенде қабіріне қара қазан төңкеріп қойған. Онысы бұл адамның оты өшті, шырағы сөнді, артында қазан асар ұрпағы жоқ дегені.

Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар. Алайда сол бала ата–анаға не үшін керек? Бұл жайында Хакім Абай онынша қара сөзінде былай дейді:

"Біреулер құдайдан бала тілейді. Ол баланы не қылады? Өлсем орнымды бассын дейді, артымнан құран оқысын дейді, қартайған күнімде асырасын дейді. Осыдан басқасы бар ма?

Балам орнымды бассын демек не сөз? Өзіңнен қалған дүние иесіз қалар дейсің бе? Қалған дүниенің қамын сен жемек пе едің? Өліп бара жатқанда өзгеден қызғанып айтқаның ба? Баланың жақсысы - қызық, жаманы - күйік, не түрлі боларын біліп сұрадың? Дүниеде өзіңнің көрген қорлығың аз болды ма? Өзіңнің қылған иттігің аз болды ма? Енді бір бала туғызып, оны да ит қылуға, оған да қорлық көрсетуге мұнша неге құмар болдың?

Артымнан балам құран оқысын десең, тірлікте өзіңнің жақсылық қылған кісің көп болса, кім құран оқымайды? Егер жаманшылықты көп қылған болсаң, балаңның оқыған құраны сені неге жеткізеді?

Қартайғанда асырасын десең, о да - бір бос сөз. Әуелі - өзің қаруың қайтарлық қартаюға жетемісің, жоқ па? Екінші - балаң мейірімді болып, асырарлық болып туа ма, жоқ па? Үшінші - малың болса, кім асырамайды? Малың жоқ болса, қай асырау толымды болады? Баланың мал табарлық болары, мал шашарлық болары - ол да екі талай.

Хош, құдай тағала бала берді, оны өзің жақсы асырай білесің бе? Білмейсің. Әуелі өз күнәңді өзің көтергеніңмен тұрмай, балаңның күнәсіне тағы да ортақ боласың. Әуелі балаңды өзің алдайсың: "Әне, оны берем, міне, мұны берем" деп. Басында балаңды алдағаныңа бір мәз боласың. Соңыра балаң алдамшы болса, кімнен көресің? "Боқта!" деп, біреуді боқтатып, "кәпір - қияңқы, осыған тимеңдерші!" деп, оны мазаттандырып, әбден тентектікке үйретіп қойып, сабаққа бергенде, молданың ең арзанын іздеп, хат таныса болады деп, қу, сұм бол деп, "пәленшенің баласы сені сыртыңнан сатып кетеді" деп, тірі жанға сендірмей жат мінез қылып, осы ма берген тәлімің? Осы баладан қайыр күтесің бе?"

Сонда адамға бала не үшін керек? Өзінің орындалмай қалған арманын орындау үшін бе? Жалақысы жоғары мамандықта оқып, елге мақтан ету үшін бе? Жауабын тағы да Абайдан табамыз:

Адамның бір қызығы – бала деген,
Баланы оқытуды жек көрмедім.
Баламды медресеге біл деп бердім,
Шен алсын, шекпен кисін деп бермедім.

Бала–өмірдің тартқан сыйы, ал ата ананың міндеті оның өміріне иелік ету емес, баласын қоғамға пайдалы, білімді әрі бақытты азамат етіп тәрбиелеу ғана сияқты.

 

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар