Редакциямызға он екі жастағы қызын емдете алмай жүрген Тараз қаласының тұрғыны Алханова Раушан Олжабайқызы хабарласты. Ол бірнеше күннен бері тараздық дәрігерлердің есігін тоздырып жүрсе де, қызына қажет ем ала алмағанын айтады.
Раушан Алханованың қызы Алина 3 сәуір күні пневмониямен Тараз қаласындағы жұқпалы аурулар аураханасына түседі. 16 күн ем алғаннан кейін дәрігерлер жұқпалы аурулар бөлімінде балаға басқа да аурулардың жұғу қаупі бар екенін ескертіп, басқа ауруханаға қаралу керегін айтқан.
Ауруханадан шыққан соң Алинаның қысымы көтеріле бастайды. Екі күннен соң қайтадан Жамбыл аудандық балалар ауруханасына түскен. Алинаға глиоз, ВСД, гастрит, гепатит және бүйрек гидрокаликозы деген диагноз қойылады.
"Ол Жамбыл аудандық балалар ауруханасында сәуір айының соңына дейін ем алды. Ауруханадан шығарда дәрігерлер 10 күн демалыстан кейін баланы өзі тіркелген емханасына апару керегін айтты. Үздіксіз алған антибиотиктер баланың іш–құрылысына кері әсер еткенін ескертіп, тіркелген емханасында іш–құрылысын емдетуге кеңес берді", – дейді Раушан Олжабайқызы.
Он күннен кейін баласын алып келген ананы Алина тіркелген №7 емхананың педриатрия бөлімі аудит және пациенттерді қолдау бөліміне жібереді. Алайда қызының денсаулығы үшін шарқ ұрған Раушан Алханованы аудит бөліміндегі дәрігер: "Ауруханада орын жоқ. Осыған дейін екі рет қаралып шықтыңыздар. Қыз өзіңіздікі, өзіңіз емдеп алыңыз"– деп шығарып салған.
Алинаның қазіргі жағдайы нашар. Іш-құрылысына зақым келген. Ал айтқанына көнбеген соң дәрігерлер Алинаның анасына емхана психологын әкеліп, "әңгімеңізді тыңдайтын осы кісі" деп айтқан.
"Мені мазақ еткендер күліп тұр. Осы сөздеріңізді камераға айтыңызшы дегенімде, "қызыңды емдеп ал" деген дәрігер бірден өзгеріп шыға келді",– дейді бүгінде қызының денсаулығына алаңдаулы ана.
Раушан Оралбайқызы қызының толық ем-дом алуын, аяққа тұрып кетуін қалайды. Әлі күнге дейін ауруханаға барып жүрген тараздық әйел дәрігерлерден қажетті көмек ала алмағанын айтты.
Пікір қалдыру