Астанада 14 мектеп салынып жатыр

/image/2023/09/06/crop-22_25_415x737_c9733ebd2ef3598e5c15e29c826519fe_1280x720-780x470.jpeg

Астанада өткен дәстүрлі тамыз конференциясы – елордалық ұстаздардың басын қосқан жиын барысында өткен оқу жылы қорытындыланып, оқушыларды тәрбиелеу мен оқытудағы ұстаздарды толғандырып жүрген өзекті мәселелер, аймақтағы білім беру жүйе­сін жетілдірудегі негізгі мақсат-міндеттер айқындалып, жалпы республикада білім саласына енгізіліп жатқан жаңалықтар таныстырылды.

Тамыз кеңесіне педагогикалық еңбек ардагерлері, мәслихат депутаттары, білім беру ұйымдарының педагогтары, ата-аналар қоғамдастығы, әлеуметтік серіктестер, БАҚ өкілдері және шақырылған қонақтар (11000-нан астам адам) қатысты. Тамыз кеңесіне әлеуметтік желі арқылы облыстар, қала мектептері, орта арнаулы оқу орындары, мектепке де­йінгі ұйымдар, қала тұрғындары онлайн режимде қатысты.

Жиынға қатысушыларды Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, «Жайлы инфрақұрылымды қалыптастыру» тақырыбындағы бірыңғай республикалық пленарлық сессиясын модератор ретінде жүргізіп отырды.

– Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Бұл – оқушылар мен ата-аналар үшін де, сол секілді ұстаздар үшін де ерекше кезең. Бүгін мұғалімдердің дәстүрлі тамыз конференциясын өткіздік. Қалада үш ауысымды және шамадан тыс жүктемесі бар мектептер әлі де жоқ емес. Дегенмен біз бұл мәселені шешу үстіндеміз. Елордада 14 мектеп салынып жатыр, оның 11-ін алдағы оқу жылында тапсырамыз. Олардың 3-еуі 1 қыркүйек­те есігін айқара ашады. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсыр­масы бойынша жайлы мектептердің құрылысы қатар басталды. Осы ұлттық жоба бойынша 2024-2025 жылдары 24 жайлы мектеп салынады. Жаңа үлгідегі білім ошақтары екі ауысымда 90 мыңға жуық оқушы орнын құруға мүмкіндік береді, – деді Ж.Қасымбек.

– Сол сияқты біздің мақсатымыз – кадрлар даярлау. Жыл сайын педагогикалық мамандықтарға гранттар бөлеміз, ұстаздарымызды біліктілігін арттыруға жібереміз, Президент қолдауының арқасында педагогтардың жалақысы едәуір артты және т. б. Мұғалімнің еңбегіне толық баға беру мүмкін емес. Олар балаларымызға білім беріп қана қоймай, әлеуетін ашуға, ерекше қасиеттерін анықтауға және бағыт-бағдар беруге көмектеседі. Ұстаздар қауымына алғысымды білдіремін және оқу жылының жемісті өтуін тілеймін! – деді қала әкімі Жеңіс Қасымбек.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар