Кеше «Астана – аймақтық электржелілік компаниясы» акционерлік қоғамы нысандарына барып, атқарылған жұмыстарды көрдік. Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті ұйымдастырған баспасөз турына қалалық мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.
Алдымен делегация мүшелері Л.Мирзоян 29П мекенжайындағы «ПНФ» қосалқы стансасына барды. Алматы ауданындағы бірнеше көшені электр энергиясымен қамтамасыз ететін стансаны қайта құру жұмысы жүргізілді.
– Акционерлік қоғам елорданы үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында 2021-2025 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама қабылдады. Оның шеңберінде электр желілері мен стансаларды жаңартуға 23 миллиард теңге қарастырды.
2023 жылға 4,5 миллиард теңге қаралса, соның 1,7 миллиард теңгесі игерілді. «ПНФ» қосалқы стансасы – сондай нысанның бірі. Бұл объект 1985 жылдың басында іске қосылды, соңғы рет қайта құру жұмысы 2008 жылы жүргізілді. Бұл стансаға 663 млн теңге қаралып, оған трансформаторлар орнатылып, бейнебақылау жүйесі монтаждалды, өрт дабылы орнатылды, тоқ өткізгіші монтаждалды, кірме ұяшықтары ауыстырылды. Нәтижесінде 40 МВА трансформаторлары неғұрлым қуатты 63 МВА-ға ауыстырылды, – деді компания басқарма төрағасының орынбасары Руслан Абжанов.
Инвестициялық бағдарламаны іске асыру арқылы электр желілерінің тозуын және апат жағдайын азайту, энергияның нормативтік ысырабын 10,7 пайыздан 9,8 пайызға қысқарту көзделіп отыр.
Екінші нысан – Тәуелсіздік даңғылы мен Күйші Дина көшесінің қиылысындағы 502-трансформаторлық шағын стансасы. Мұнда транформатордың қосымша бөлшектері ауыстырылды.
Одан кейін делегация Ш.Құдайбердіұлы көшесіндегі «Орталық» шағын стансасына барды. 1983 жылы құрылған стансада жаңарту жұмысы қарқынды жүруде.
– Бұл стансада ТРДН 40000 2-күш беретін трансформаторы ауыстыру талап етілді. Т1 қызмет ету мерзімі – 40 жыл, Т2 – 49 жыл. Оның жалпы қуаты – 63 кВ. Одан бөлек, әкімшілік ғимарат жөнделеді. Бұған 908 млн теңге ақша бөлінді. Жөндеу жұмысы жыл соңына дейін аяқталады, – деді Руслан Абжанов.
Астана қаласындағы электр энергиясы желісі 33 пайызының тозығы жеткен. Биылғы жаңарту жұмысының нәтижесінде тозығы жеткен желіні 1 пайызға қысқартады екен. Егер елорданың ұлғайып, жаңадан тұрғын үйлер салынып жатқанын ескеретін болсақ, бас қаланың басты мәселесі электр энергиясына деген тапшылықты шешу болады.
Пікір қалдыру