Өткен сенбі күні Алматыдағы Арбат алаңында кітап жәрмеңкесі өтті. Кітапсүйер қауым белді баспалардың кітаптарын арзан бағада сатып алып, сүйікті авторларымен кездесу мүмкіндігін иеленді. Дәстүрге айналған «KitapFest» фестивалінде иллюстрациялық көрмелер, қазақстандық жазушылар мен пікір иелерімен кездесу және шеберлік сағаты мен байқаулар болды.
Іс-шара барысында көптеген кітаптардың таныстырылымы өтті. Солардың ең ауқымдысы – «Атамұра» баспасынан жарық көрген 17 кітаптың тұсаукесері. Оған мемлекеттік сыйлықтың иегері, белгілі жазушы, баспагер Кәдірбек Сегізбайұлы, жазушы, сатирик Ермахан Шайхы, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты директорының орынбасары, шығыстанушы, зерттеуші Төреәлі Қыдыр сияқты зиялы қауым мен БАҚ өкілдері, ұлт жанашырлары қатысты.
Сөз басын алған “Атамұра” корпорациясының президенті Рақымғали Абрарұлы шығарылып жатқан кітаптар Абайдан бастап бүгінгі тірі классиктердің еңбегін басып жатқанын айтып, баспаның басты жұмыстарын, бағыт-бағдарын тілге тиек етті.
"Жаңа оқу жылының қарсаңында дәстүрге айналған жаңа кітаптардың жарыққа шығаруды жөн санадық. Мұнда қазақтың мақал-мәтелдері мен жұмбақтары батырлық жыр-дастандар, лиро-эпостық жырлар, шешендік сөздер мен аңыз, ертегілер жинақталған. Білесіздер, бір ғана мақалдың өзінің бірнеше нұсқасы болуы мүмкін. Сол үшін әдебиет және өнер институты ғалымдарының сүзгісінен өткіздік" – деген Рақымғали Абрарұлы көмек берген институтқа алғыс айтты.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инстиуты директорының орынбасары Төреәлі Қыдыр шығарылған кітаптардың түр-түсіне ерекше тоқталды.
– "Сары түс – байлықтың, шексіз рухани махаббатың белгісі. Кітаптың сыртқы түрі мен ішкі мазмұны сәйкес келеді. Біз түркі халықтарының ішіндегі ауыз әдебиетке ең бай халықпыз. 100 томдық бабалар сөзін шығарғанбыз. Бұдан бөлек институт қорында 40 мыңға жуық қолжазба сақтаулы тұр. Осыдан тағы да 100 том шығаруға болады» – деді Төреәлі Қадыр.
Еліміздегі ең ауқымды "Атамұра" баспасынан бөлек енді қадамдап жолын бастап, аз уақыт ішінде айтулы жетістерге жетіп үлгерген баспалар да бар. Солардың бірі – "Мазмұндама" баспа үйі. Жәрмеңке қатысушыларынан да пікір сұрап, ақпарат алдық.
"Мазмұндама" баспасының шығарушы редакторларының бірі Қанымай Байдетова жәрмеңкеге және баспа үйінің ерекшеліктеріне тоқталды:
– "Баспаның ерекшелігі – тұңғыш рет саммари, non-fiction және әлемдік бестселлер кітаптарды қазақ тіліне аударма жасалады. Құрылғанына аз ғана уақыт өтсе де, 200-ден астам кітап жарық көріп, оқырмандардың сүйіспеншілігіне бөленуде. Осы кітаптардың ішінде ерекше орын алатыны – аударма бестселлерлер және қазақ көркем әдебиеті. Сондай-ақ "Балаларға базарлық" атты жаңа серия қолға алынып, біраз кітап тамыз айында жарық көрді.
Бүгінгі жәрмеңкеде "Мазмұндама" оқырмандарының саны көбейіп жатқаны айқын сезілді. Кітапқа сұраныс жоғары. Әсіресе жастардың қызығушылығы ерекше екені байқалады. Көп сатылған кітаптар дегенде, негізі, оларды бөліп-жаруға келмейді. Барлық жанрдағы кітаптар теңдей сатылды. Бірақ ерекше сұранысқа ие кітаптардың қатарына "Мемлекеттер неге дамымай қалады", "Алхимик", "Атом әдеттер", "Парфюмер", "Пікірталас өнері", "Стив Джобс" және балаларға арналған кітаптарды атап өтсе болады".
Сұранысқа көп ие болған кітаптардың бірі – "Тармақтар". Кітаптың авторы Рысгүл Досжанова ерекше форматтағы жинақты шығару идеясы қалай келгенін, екінші басылымың өзгешілігі жайында айтып берді:
– Жалпы, Тармақтар деген атаудың өзі әлеуметтік желідегі кішкентай парақшадан басталып, кітапқа айналды. Себебі, желі беттерінде емес, кітап беттерінде атымыздың қалғанын қаладым. Солай бірінші кітап дүниеге келді. Бірінші кітапты шығаратын кезде біздің қаржылай мүмкіндігіміз болмады. Көп кәсіпкердің алдына бардым. "Кітап оқымайтын қоғамда кітап шығарғаны несі" деп біраз есік жабылды. Өйткені, бұл кітаптың өзге кітаптардан қарағанда жұмысы әрі шығыны да қалтаға біраз салмақ салады. Сөйтіп жүріп, 1 жылдың ішінде шығардық қой. Сұраныстың көптігі бізді қатты таңқалдырды.
Пікір қалдыру