Кеше әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі Кемел Тоқаевқа арналған арнайы аудитория ашылды.
Әрине, қазақ жазушысы болған соң, ашылсын.
Бірақ осы уақытқа дейін дәл мұншалық еленбей келген жазушыны аяқ астынан жарыса дәріптегендері қызық боп жатыр.
Әлде, Жансейіт Түймебаев ректорлық қызметінен кетпеу үшін жанталаса ма екен? Өйткені мұның алдында «ҚазҰУ-дың ректоры ауысады» деген сыбыстар болған.
Азаттық радиосының журналистері ректорға “бұл аудитория Кемел Тоқаев президенттің әкесі болғаны үшін ашылды ма, бұл жеке басқа табыну емес пе”, дегендей сұрақ қойып жіберді. Төтесінен қойылған сұрақ Жансейіт Түймебаевтің жанына қатты тиіп кетсе керек, ашынған ол журналистің өзіне шап берді. Оның бұл әрекетін көпшілік интеллигент адамға тән қылық емес деп бағалауда.
Журналист Қасым Аманжол: «Өзін зиялы санайтын адам ешқашан сұхбат беріп тұрып журналистің қолындағы микрофонға жармаспайды. Қазақ ұлттық университеті ректорының тілші қолындағы микрофонды иесінің қолымен бірге қыса ұстап, кері күштеп бұрып, «мақсатыңыз қандай» деп сұрақ қоюын қалай бағалайсыз? Бұл – ректорға, интеллигентке, жалпы мәдениетті ер-азаматқа жарасатын қылық па?» деген сауал тастайды.
Артынша университет студенттеріне «Кемел Тоқаев кім?» деген сұрақ қойғанда, көбі «президенттің әкесі» деген жауаптан аса алмады. Тіпті Кемел Тоқаевтың кім екенін білмейтіндер де табылды. Енді бірі «бұл жағымпаздыққа ұқсайды» деп, шынын айтты.
Атына шаң жұқтырмайтын ректор енді студенттерді жазаламаса болды.
Пікір қалдыру