Алайда министрдің киіктің көптігі малдың азығына зиян дегенімен келіспейтіндер бар. Мәселен, журналист Нұрбек Бекбау Ақтөбенің иен даласында бөкендердің ары-бері шауып жүргенін де көрмегенін, «шөбімізді жеп қоятын болды» деп уайымдап жүргенін шаруаларды да байқамағанын айтады. Қайта көпті білетін бір қария «киік көп болса, шөп молаяды» деген екен.
– Киік көрінген шөпті жемейді. Ешкі сияқты таңдап-теріп қана жейді, дейді ауылдағы Ахмет ағамыз. Ал даланы шегірткедей орып кетеді деген сөз қып-қызыл дақпырт. «Басы сынып, жапырылып жатқан шөп көріп тұрсың ба», деп өзіме сұрақ қойды. Содан 4 мың жылқы ұстап отырған әлгі ағамыз: «Киік Құдайдың малы. Лақтайтын уағында, төлдерінің амандығы үшін күнді суытып, күйек болатын желтоқсанда қалың тұман түсіріп, жыртқыш біткенді ін-апанына тығып тастап отырған Тәңір емес пе? Сайғақ құрып кеткенде дала жаппай өртеніп жатушы еді. Бөкен көбейгелі, өрт көргеміз жоқ. Сосын, киік молайған сайын шөп мол өсетіні бар, – дейді.
Шындығында, википедияны ашып қарасаңыз да, көнекөз қариялардың сөзіне құлақ түрсек "киік шөпті талғап, талдап жейтін жануарлардың қатарында екені туралы деректер көп. сол себептен де, еліміздегі бірқатар белседілер киікке араша түсіп, шыр-пыр болып жүргендері сондықтан. Тіпті киікті қолға үйретіп, асырап жатқан шаруалар да баршылық. Мәселен, Қарағанды облысындағы «Асар» шаруашылық қожалығының иесі, заңгер Мадияр Аймырзаұлы 60-қа жуық киікті жеке шаруашылығында бағып жатыр. Ол "киік бізге емес, киікке біз зиян келтіріп жатырмыз" дейді.
– БҚО-дағы киік популяциясы жүретін аймақта, Бетпақ даладан киік ұстайтын шаруашылықтарды көптеп ашу керек. Біз киіктің жолдарын жауып тастап, оларға жүретін жер бермей, көбейіп кетті деп дабыл қағып отырмыз. Шындығында киік бізге емес, біз киікке зиян келтіріп жатырмыз, – дейді.
Қазақстанның ауыл-қалаларында қаңғыбас иттер мәселесі өте көп. Үкімет киік атқанша итті атсын. Бірақ биліктегілерге иттен пайда жоқ, одан да киікті атып пайда таппақ-ау. Экология министрі Ерлан Нысанбаевтың сөзінше, «киікті атуға бюджеттен ақша бөлінеді, шығынды жабу үшін киік еті комбинаттарға 300 теңгеден сатылмақ.
Әр жерде еркін жүрген қаңғыбас иттер қазір адам талаудан тайынбайды. Сонда біздің билікке «адамды ит талады» дегеннен «шөпті киік таптады» деген қауіп маңыздырақ па?
Пікір қалдыру