Қазақстан құнды мұрасының көзін құртпақ

/image/2023/12/07/crop-0_52_608x1080_fb_img_1701850403576.jpg

Қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан Талдықорғандағы петроглифтер мен балбал тастарды жоюға қарсы шығып, дабыл қақты.

Сөйтсек, «Темірбетон» өндірістік кәсіпорны Талдықорғанда петроглифтерді бұзу жұмыстарын бастап кеткен екен. Олар археологиялық құндылығы бар тастарды үгітіп, құрылысқа қажетті қиыршық тас қылмақ. Петроглифтерді бұзуға рұқсат берген «Қазархеология» ЖШС-і және оның басшысы, археолог Жұман Смайылов деседі.

Бұл ақпаратты петроглифтерді зерттеп жүрген тарихшы Ольга Гумирова жеткізген. Содан бұл мәселе қоғам талқысына түсіп, белсенділер петроглифтерді бұзуға жол бермейік деп шықты. Мұхтар Тайжан Талдықорғанда қопарыла бастаған тастар шынымен петроглифтер ме, әлде жай тастар ма дегенді анықтау үшін арнайы барғанын айтты:

– Маған Талдықорғанның жергілікті экобелсенділері хабарласып, шақырды. Соны анықтау үшін сол өңірге арнайы бардым. Шынымен де петроглифтеріміз жойылып жатыр екен. Бұзу жұмыстарын «Темірбетон» өндірістік кәсіпорны жүргізуде. Ол “АСПМК-519” холдингінің құрамына кіреді. Олардың петроглифтерді бұзуға арнайы рұқсат қағаздары да бар болып шықты. Сөйтсек, кейбір ғалымдар дейміз бе, сарапшылар дейміз бе, петроглифтерді тарихи құны жоқ бетон деп есептейді екен. Зауыт петроглифтері бар тастарды ештеңеге қарамай шағып жатыр. Оның дәлелі, фото, видеолары бар менде. Мыңдаған жыл жатқан петроглифтерді жою миға сыймайды. «Қазархеология» болса, «ешқандай құндылығы жоқ петроглифтер» деген түсініктеме бере салған, дейді ол.

фото Сергей Алексенок

Белсенді бұзу жұмыстарының басында «Қазархеология» ЖШС басшысы Жұман Смайыловпен кездескенін айтады. Жұман Смайылов археология саласында 45 жыл жүргенін алға тартып, петроглифтердің құндылығы жоқ деген пайым шығарған. Бірақ Тайжанның сөзінше, петроглифтердің құндылығына жекеменшік ЖШС емес, мемлекеттік институттар, археологиялық институттар баға беруі керек деп есептейді.

– Менің бір таң қалғаным, «Қазархеологияның» баға беруге құқылы дейтін лицензиясы бар екен. Елде тарихи құндылықтарды бағалау құқығы берілген 200-дей фирма бар екенін анықтадым. Бұл деген жалпы, жүйелі мәселе. Қарағандыдағы үлкен апаттың салдары да осындай салғырттық кесірінен болды. Яғни, олардың жұмыс сапасына мемлекет емес, жеке фирмалар баға береді. Тұрғын үйлер де дәл солай. Біз осындай маңызды дүниелерді жеке мекемелерге тапсыруымыздың кесірінен, елімізде қаншама апат болып жатыр. Талдықорғандағы жағдайға байланысты айтарым, «Қазархеология» ЖШС-і жауапқа тартылуы керек. Өйткені әр петроглиф біз үшін сөзсіз құнды мұра, дейді ол.

фото Сергей Алексеенок

Қазір мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға, Жетісу облысының әкімі Ернат Дүйсенбекұлына “Темірбетонның” жұмысы тоқтатылсын деген шұғыл хат жолдағанды.

Бұған дейін осы мәселеге қатысты қала әкімі Ернат Дүйсенбекұлы журналистерге: «Мен ол жерде болдым. Ол жерді көрдім. Өте күрделі мәселе. «Темірбетон» зауытында 700 адам жұмыс істейді. Біз оны жауып тастай алмаймыз. Біз оны жауып тастап жұмысшыларды жұмыссыз қалдыра алмаймыз», деп ақталған.

Журналистер мен қоғам белсенділерінің үндеуінен кейін мәдениет министрлігі жанынан арнайы комиссия құрылып, олар Талдықорғанға барған. Бірақ оған белсенділер шақырылмаған.

«Қазархеология» ЖШС-і кезінде ЮНЕСКО-ның мәдени мұралары тізіміне енген Талхиз қалашығының үстіне автожол салуға рұқсат берген. Тарихшыларымыз сол кезде де көне тарихи мұраларды жоюға болмайтынын ескерткен.

Сондай-ақ, ғалымдар Талдықорғандағы Қызыл тас саяжайының маңында орналасқан «Тасбақа тасты» зерттей келе, 80 шаршы шақырымды алып жатқан бұл аймақтың археологиялық құны зор жер екенін анықтаған.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар