Жындыхана!

/image/2024/01/26/crop-91_0_450x600_photo_343474.jpeg

Қазақ халқы үлкен бір төбе десек, Руза Бейсембайтегі қазақ үшін өз алдына биік бір төбе. Ол кісі – бар өмірін мемлекеттік тілді қорғауға арнаған күрескер. Жалтақ билік Руза апайдың бұл еңбегін ашық мойындамайды, бірақ халқы мойындайды.

Сондықтан ол кісінің психиатриялық диспансерге жатқызылуы қалың бұқараның басына түскен жаймен тең болды. Міне, осындай сүрең жағдайда елімізге мұхиттың арғы жағынан қазақ тіліне қатысты «алақайлап» жағымды жаңалық та келіп жетті. Алайда сүйіншілеген бұл жаңалықтың арынын мұндағы жайсыз жай бірден су сепкендей басты...

Қазақ елінде Руза апай, яғни «қазақ тілі» темір тордың арғы жағына тоғытылып жатқанда, мына жақта Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек әлемдегі беделді әрі белді Оксфорд университетінде қазақ тілі оқытылғалы жатқанын, осындай өзара келісімге қол қойылғанын сүйіншілеп жеткізді. Сөйткен министр Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен даярланған Oxford Qazaq сөздігінің алғашқы басылымын британиялықтарға сыйға бергенін де атап өтті. Әрине, бұл да мемлекеттік тілді дамыту жолында атқарылған бір еңбек, көзге көрінетіндей жасалған жақсы жұмыс болар. Бірақ, ақиқатында бұл жаңалық Руза апай үшін әлеуметтік желіде дүрмек болған жұрттың қытығына тиіп, керісінше жынын келтірді. «Өз еліндегілерді қазақша сөйлете алмай жатқанда, мұнысы не теңі» деп мысқылдаса бірі, тағы бірі «тілді ұлықтағандарың осы ма» деп депутат Ермұрат Бапидың Руза апайға қатысты мемлекеттік тілдегі сауалына Ішкі істер министрлігінің берген орысша ресми жауабын көзге шұқып көрсетіп жатты...

Айтқандай, кешегі жер сілкінісі де алматылықтардың жадынан әлі кете қойған жоқ. Шынымен де қорқынышты болды. Сол күні кімге, неге сеңерін білмей көпқабатты тұрғын үйлер алдында сеңдей соғылған қараша жергілікті билік тарапынан ұзақ уақыт бір хабар ала алмай даң болды. Ақыры, ел алдына шыққан төтеншеліктер тек орысша заулап қоя берді, сөйтіп қазақ тілділерді «тірідей жер қылды». «Орысша түсінбеймін, сонда мен не өле беруім керек пе» деп жатты желі арқылы ашынған бір дүрмек қауым шуылдап. Бірақ «қазақша айтыңызды» сол күні ешқайсысы елемеді. Оны айтасыз, телефонға келіп түскен қазақша хабарламалардың түрін көрсеңіз шошисыз. Асығыс-үсігіс интернеттегі орысша-қазақша аудармашыға салып, оны қалай болса, солай бере салғаны көрініп тұр. Ал бұл, стратегиялық, мүйізі қарағайдай мемлекеттік мекемеде қазақ тілді қызметкердің жоқтығын білдірсе керек. Оның үстіне хабарламаны терген кезде қазақ қарпінің болмағанын да бірден аңғаруға болады. Міне, зорын айтпағанда, мемлекеттік тілге келгенде осындай бір кішкентай детальдың, элементарлы жағдайдың сақталмауы сынды біздегі жетіп артылатын жағдайлар, әрине қазақтың қанын қайнатып, жанына жара салады. Осылайша өз қолымен қазақтарды жынды қылып, жындыханаға тығу – Қазақ еліне ғана тән құбылыс секілді. Содан кейін де билік тілі орысша, ана тілі мүшкіл Қазақстанның қай бір алыс шетелде қазақ тілінің жағдайына қамқорси қалғаны, расында сырттан қарағанда біртүрлі көрінеді екен.

Иә, ақыры Руза апай босап шықты, есесіне осы бір-екі күн ішінде Қазақ елінде мемлекеттік тілге қатысты талаптың арты шындығында қандай болатындығына куә болған ол кісінің артындағы жұртының көңілі нілдей бұзылып, жігері құм болды...

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар