Бүкіл қазақтың саяси орталығына айналған ұлттық газет сол кезеңдегі жалпы мұсылман түркі жұртына түсінікті қаріпте басылып шығып тұрды.
«Киргиз» деп өз атымызбен атамаған кезеңде Алаш көсемдері «Қазақ» газетін шығарып, соның маңайына топтасты.
Ахмет Байтұрсынов:
«Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аруақты аты деп, газетіміздің есімін «Қазақ» қойдық. Ұлт үшін деген істің ұлғаюына күшін қосып, көмектесіп, қызмет ету қазақ баласына міндет. Халыққа қызмет етемін десеңдер, азаматтар, тура жолдың бірі осы», – деп жазды.
Расында, «Қазақ» газеті халық алдындағы өз миссиясын жеткілікті деңгейде орындады. Ол ұлт мүддесі маңына халықты ұйыстырып қана қоймай, азаттық қозғалыстың өркениетті түрін таныта білді. Сондай-ақ қазақ әдеби тілінің жалпыхалықтық қолданысқа енгізілуіне ат салысып, жалпы кәсіби газет стилін қалыптастырып кетті. Сол себепті де елімізде бұл күнді Ұлттық басылым күні деп атау туралы шешім қабылданған.
Айта кетсек, 2023 жылы ҚР Үкіметінің қаулысымен 2 ақпан Ұлттық басылым күні болып бекітілді.
Пікір қалдыру