Әлеуметтік желілерде Алматыда қатты жер сілкінісі болады деп болжайтын бейнероликтер таралып жатыр. Бұл ақпаратты таратқан блогер "14 ақпанда планета Күн энергиясының бөлінуіне ұшырайды" және бұл жер сілкінісін тудыруы мүмкін дейді. Оның айтуынша, қала тұрғындары 14 ақпаннан наурыздың басына дейін жер сілкінісіне дайын болуы керек.
Сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығының директоры Дәулет Сәрсенбаев бұл ақпаратқа түсініктеме берді.
— Оның 14 ақпаннан кейін республика аумағында күшті жер сілкінісі болады деген болжамына келетін болсақ, шынын айтқанда, бұл блогерлер нені меңзеп отырғанын білмейміз. Олардың негіздері қандай? Олар түс көрме ме, әлде бірдеңе пайдаланады ма? Бұл қиын сұрақ. Шын мәнінде, біз күн сайын 200-ден астам параметрді өңдейміз, мониторинг гидродинамикалық, гидрохимиялық, геофизикалық, деформациялық процестерді және тіпті биологиялық бақылау арқылы жүзеге асырылады. Осының негізінде біз сейсмикалық жағдайға болжам жасаймыз. Биыл Алматы облысында күшті жойқын жер сілкінісі күтілмейді, — деді Дәулет Сәрсенбаев.
Еске салсақ, 23 қаңтарда Алматыда 5,2 баллдық жер сілкінісі болды. Астана уақытымен 00 сағат 09 мин 02 секундта алматылықтар қатты жер сілкінісін сезді. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жер асты дүмпуінің эпицентрі Алматының оңтүстік-шығысында, 264 шақырым жерде тіркелді. Магнитудасы 6,7 балл. Бұдан соң тұрғындар қалада тағы да бірнеше жер сілкінісі сезілгенін хабарлады. Ал ТЖД дерегіне сәйкес, алдағы уақытта алапат жер сілкінісі болмайды, сондықтан дүрлігудің қажеті жоқ екенін ескертеді.
Пікір қалдыру