Білесіздер, бәрінен ақша жасайтын саудагерлердің кәнігі психолог екенін. Қазақтың даңғой, атаққұмарлығын да біліп алған олар соңғы кездері түрлі-түрлі марапат ұсынып, саудасының көрігін қыздырып жүр.
Бастапқыда базарда той-томалақта сүйген қонақтарына ойына келген атақты жазып, ұсынатын түрлі марапаттау қағаздары пайда болған еді. Одан кейін кезек дипломдарға келді. Ал қазір мемлекеттік наградалардың атауын, кескінін айна-қатесіз көшіріп жасайтындар да табылып жатыр. Бірақ бұлардың сұрайтын ақысы жалған марапат қағаздардан, әрине әлденеше есе көп.
Мәселен, құрметті қонағының беделін қалың қауым алдында бір көтеріп тастау үшін кез келген адам «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» атағын 50 мың теңгеге сатып ала алады. Ал «Қазақстанның құрметті азаматы» төсбелгісінің құны - 100 мың теңге.
Күні кеше аталған мәселені Мәжіліс қабырғасында көтерген депутат Аманжол Әлтаев тойда ақылы атақ пен медаль үлестіруге құқықтық тұрғыда тосқауыл қоюды талап етті. Сөйткен ол бүгіндері жалған атақ пен медаль үлестіру трендке айналғанына зор өкініш білдіретінін жеткізді.
«Рәміздеріміз мен мемлекеттік наградалардың атауын, кескінін, кейбір элементтерін қайталайтын түсініксіз ұйымдардың мән-мағынасы жоқ орден-медальдары, жалған атақтары, жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткені, шындық. Мұндай үрдіс ешкімге де абырой әпермейді, керісінше адамды даңғойлыққа, жеңіл атаққұмарлыққа итермелейді. Дабыл қақпасқа амал жоқ!», деген Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев мемлекеттік рәміздердің элементін қайталауға құқықтық тұрғыда тосқауыл қою қажет деп санайды.
Расында, мына ақша билеген заманда кім кімді алдап жүргенін ажыратып жататын болсақ, шынымен де ми ашып, бас шатасады. Бәрінен де қорқыныштысы, адамдыққа жат қылық - өтірікке, жалғандыққа етіміз үйреніп, тіпті оны жақсы көріп бара жатқандаймыз ба, қалай?...
Пікір қалдыру