Жанар есімді алматылық келіншек Qamshy.kz сайтына пандемия басталғалы вирустан қорғануға ерекше көңіл бөле бастағанын жеткізді.
"Бұрын тұмауратсақ дәрі-дәрмек ішіп, емделіп жүре беретінбіз. Бірақ пандемия басталғалы вирустан өлердей қорқатын болдық. Оның үстіне дәрі-дәрмек сапасына да күдігім ұлғая түсті. Отбасыммен қарапайым санитарлық ережелерді жаттап алдық. Сырттан келсек, бірден қолымызды сабындап жуамыз, киімімізді де лезде ауыстырамыз. Одан бөлек, вирус шығып жатыр дегенді естісек, лимон шайға көшеміз. Яғни, біздің үйдегілер сүтті шайды жақсы көреді. Сол сүттен 1-1,5 аптаға бас тарта тұрамыз. Дастарқаннан лимон түспейтін болады. Сондай-ақ жазда қайнатып алған кампоттарды шығарамыз. Ыстық тамақтың да сұйығына көшеміз: ет асамыз, кеспе көже, күріш көже т.б.Осылай амалдап вирус белең алған кезеңнен аман-есен өте шығамыз", дейді ол.
Ал мектеп жасындағы екі ұлы бар Алма есімді келіншек сарымсақты (чеснок) жиі пайдаланатынын айтады.
"Балалар, көбіне тұмауды мектепте жұқтырып алады ғой. Содан кейін екі ұлымның мойнына жіпке сарымсақтың бір талын іліп беремін. Ашық кеудесіне тиіп тұратындай етіп. Кәдімгідей көмектеседі. Сенгеннен кейін бе, әлде шынымен де сондай қасиеті бар секілді сарымсақтың. Бір күні ұлымның мойнындағы жібін бір бала "тұмар ма" деп жұлып алыпты. Сөйтсе кеуіп, сарғайып үлгерген сарымсақ талы атып шыққан ғой. Балам: "Иә, тұмар. Бұл – қасқырдың тісі" деп сөз тауып кетіпті ана арада", дейді Алма бұл реттегі қызықты оқиғаның бірін еске алып.
Дина деген келіншек құйрықмайдың емдік қасиеті барын, оны, әсіресе балаларға беруге кеңес береді:
"Қазіргі балалар май жемейді. Оны жегізейін деп кейбір ата-ана ойламайды да. Содан кішкентай жасынан адамның өті, бауыры ауырады. Негізінен, өттегі қышқылды ыдырату үшін май керек. Құйрық майды шыжғырып, шыжығын етке араластырып орама, самса пісіріп беремін балаларыма. Олар сүйсініп оны жеп алады. Тұмау басталып жатқанда шайға немесе піскен сүтке еріген майынан бір қасық салып беремін. Ұнамайды, әрине. Күштеп ішкізіп жіберемін. Ал мектепке шығар алдында балалардың құлағының түбін, мойнын, мұрнын жұқалап әлгі маймен сылап қоямын. Жөтел басталып жатса, аздаған құйрық майға туралған пиязды қуырып, ыстықтай нанмен жегіземін. Жөтелі сап тыйылады".
Ал Арқат есімді отағасы спиртті пайдаланады екен.
"Мен, негізінен арақ ішпейтін адаммын. Бірақ спирттің қасиеті белгілі ғой, ол кез келген микропты, вирусты жоюға қабілетті. Оның үстіне қоюланған қанды сұйылтады. Вирус кезеңі басталғанда таза, бидайдан жасалған қымбат бір шөлмегін әкеліп тоңазытқышқа қоямын. Содан таңертең және жатарда жарты стақаннан ұрттаймын: 4-5 күн, шөлмек те сол кезде таусылады. Тұмау болмаймын", дейді ол.
Жеңіс деген жігіт, керісінше вирус кезеңінде "ораза" ұстайды екен.
"Иммунитеті күшті адам вирусты жұқтырмайды. Бірақ бұл вирус оны айналып өтеді дегенді білдірмейді. Ол басқаларға секілді иммунитеті күшті адамның ағзасына да шабуылдайды. Ағза онымен күресіп, оған тойтарыс береді. Міне, осындай кезде ағзаға көмек керек. Ағза вируспен күресіп жатқандықтан оның қызметтері белгілі бір деңгейде баяулайды. Мысалы, асқазан 100 пайыз емес 60 пайыз күшпен жұмыс істеп тұруы мүмкін. Басқа ағзалар да солай. Сондықтан оған көп күш түсірмеу керек. Ауыр жұмыспен айналыспау керек, спортпен шұғылдансаңыз оны да қоя тұрған дұрыс дегендей. Ең бастысы, ауыр тамақтан бас тарту қажет. Бұл асқазаннан бастап өт, бауыр, бүйрекке де көп көмек болады. Сондықтан, өз басым мұндайда асқазанды алдарқататын шөптен жасалған, сол секілді сұйық тамақ ішемін, онда да тойып алу дегенді миымнан сызып тастаймын. Кәдімгідей көмектеседі", дейді ол.
Пікір қалдыру