Президент Қ.Тоқаев келесі жылы болатын Ұлы Жеңістің 80 жылдығына әзірлікті қазірден бастау керектігін айтып, Талдықорғандағы әуе базасын ұшқыш Сергей Луганскийдің атымен, «Айбын» орденнің түрлі дәрежесін белгілі батырлардың есімімен атау бастамасын көтерді.
– Жеңістің 80 жылдығына орай зерттеулер тың қарқынмен жалғасады деп сенемін. Сұрапыл соғыс кезіндегі аға буынның өшпес ерлігі мен ерен еңбегін ұрпақ жадында жаңғырту өте маңызды. Мемлекет бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра береді. Мәлік Ғабдуллин, Сабыр Рахимов, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова және басқа да батырлардың есімі елді мекендерге, түрлі нысандарға, көшелерге берілген.
Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыру қажет. Осы орайда, майдан шебінде ерекше қаһармандығымен дараланған әйгілі ұшқыш, Кеңес Одағының екі мәрте батыры Сергей Луганскийдің ерлігі лайықты бағалануға тиіс. Алматының бір көшесі осы қалада туған даңқты ұшқыштың есімімен аталады. Қазақстан әуе қорғанысы күштерінің Талдықорғандағы әуе базасын да Сергей Луганскийдің атымен атаған жөн деп санаймын, – деді ол ұлттық құрылтай отырысында.
Сондай-ақ президент «Айбын» мәртебелі орденнің түрлі дәрежесін Сағадат Нұрмағамбетовтің, Бауыржан Момышұлының және Рақымжан Қошқарбаевтың есімімен атауды ұсынды.
– Бұл тарихи әділдікті қалпына келтіру жолындағы маңызды қадам болмақ. Сол арқылы қаһармандарымыздың ерлігін ұрпақ жадында жаңғыртамыз. Бұл бастама осы марапаттың мазмұнын байыта түседі. Халқымыздың біртуар перзенттеріне тән ерлік рухы осы ордендердің мәртебесін биіктетеді. Сондай-ақ награда иегерлеріне Отанымызға қалтқысыз қызмет етуге ерекше жігер береді. Мен бұған кәміл сенемін, – деді президент.
Пікір қалдыру