1975 жылы күз. Қытайдың Шыңжаң өлкелік балуандар командасына Алтай, Тарбағатай, Іле, Қашқар, Қотан, Ақсу, Торпан сынды жеті аймақтан балуан талдап алу жарысы Үрімжі қаласындағы дене тәрбие сарайында өтіп жатыр еді. Үстіне өңі түскен қара шапан киген еңгезердей қара торы жас жігіт жарыс басқарушыларының алдына кимелей келіп, өзін жарысқа қатынастыруды қайта-қайта айтып талап қойды. Оның кесек керемет тұлғасына қарап, қайта-қайта қиыла өтініш еткенін ескеріп, меселдесін қайтарғысы келмеген судьялар алқасы ақылдаса келіп, оның талабын бірден мақұлдады. Табаны қызған жүйріктей, арысты көріп, күш-қуаты қаулай түскен жас жігіт, үстіндегі көнетоз шапанын тастай беріп, балуандарға арналған перезент шапанды киіп, күрес майданына кірді. Талай рет майдан көріп, әбден күрес ережелері мен әдіс амалдарын толық меңгеріп ысылып алған сақа балуан жігіттер «Ә» дегенде бірден ұстата қоймады. Күрес әдісін білмесе де қара күшіне сенген жас жігіт, қолына іліккен балуанды кейде еңкейте тартып, шөке түсірсе, кейде асықтай үйіріп әкеліп, асау жамбасқа алып бір-бірден балаз үстіне жауырынын жерге тигізіп, допша томалатып, баудай түсіріп жатты. Оның алып күші мен алымды қимылын көрген судьялар да, көрермен қауым да дән разы болды. Бірақ ол жас жігіттің кім екенін, қайдан келгенін білетіндер дәл осы сәтте тым аз еді.
Осы жолғы жарыста біріншілікті алып, алтын медальмен сыйланған бұл жігіттің аты-жөні – Солтікен Көкішұлы, Алтай аймағының азаматы екенін жұртшылық жарыс соңындағы сыйлау салтында бір-ақ білді.
Көзге түсу
Солтікен Көкішұлы 1953 жылы Алтай аймағы, Алтай ауданы, Ұтыбұлақ жайлауында, Көкіш шаңырағында дүниеге келді. Ол оқу жасына тола сол өзі өскен қазақ ауыл мектебінен оқыды. Оқуға деген ынта-ықыласы жоғары болғандықтан сыныптастарынан арқан бойы алда озып оқып жүрді. Бастауыш мектептің 3 сыныбына көшіп, хат танып, қара сауатын ашқаннан бастап өлең-өнреге беріліп өлеңдер жазып, ұстаздары мен сабақтастарының көзіне түсіп, жыл сайын «Озат оқушы», «Үлгілі оқушы» деген марапаттарға ие болып отырды. Қазақ халқының өлең-жыр, қисса-дастандарын, әңгіме-ертегілерін, батырлар жырын жаттап өсті. Бала кезінен-ақ ұлтжанды азамат болып өсуге, келешекте керемет азамат болып ержетуге талпынды. Айналасындағы сабақтастарын да өзіне баурап алып, оқыған кітаптарын әңгімелеп беріп, жазған тамаша өлеңдерімен сусындатып жүрді. Оны бірге оқыған сабақтастары «Ақын Солтікен» деп атап та кетті. Ауыл балалары ойнауға шыққанда Солтікен келмесе, ойнамай тарап кетіп жүрді. Өйткені Солтікеннің балалар арасындағы орны тіптен бөлек еді. Онсыз бас қосудың еш мәні жоқтай сезілетін. Ал Солтікенмен бірге ойнап жүрсе, бірге қыдырса онда өте көп тағылымды әңгімелер, тамаша өлең-жырлар айтылып, балалардың көңілі көк аспандай бір көтеріліп қалатын.
Амал қанша Солтікен 5-сыныпты бітіріп, орта мектептің табалдырығын аттау алдында тұрғанда «Бес салалы бұзық елементтің ұрпағы» деген әкесі Көкішке жабылған жаламен мектеп есігінен қақпайланды. Таланты тасқындап өнер мен білімге енді ғана ентелеп келе жатқан жас бала қоғамның солақай соқыр саясатының кесірінен шарасыз оқудан қол үзіп қалды.
Иә, әлі де болса, бұғанасы қата қоймаған жас бала басқа түссе баспақшыл деп, амалсыз қоғамдық еңбектің алдыңғы шебіндегі атпал азаматтармен бірге еңбек істеп, бір-екі жылда-ақ белді еңбекшілердің бірі болып шыға келді.
1975 жылы ауылдың солтүстік жағындағы көлдің аяқжағын бөгеп, үлкен су қоймасын жасауға қамданып, ауылдағы барлық атпал азаматтарды жұмысқа салып жатқан еді. Соның арасында Солтікен Көкішұлы да бар болатын. Тоспаның есігін таспен қалап шығуға отыз күшті азаматарды серкедей таңдап, ауыр жұмысқа орналастырды. Әлден уақытта Солтікен әудем жерде төрт жас жігіттің жарты түйдей үлкен тасты кісі бойындай шұңқырдан шығара алмай жатқанын көзі шалып қалып, олардың қасына аяңдай басып барып, біразға дейін үнсіз қарап тұрды. Төртеуі ары арпалысып, бері арпалысып, ақ тер-көк терге түсіп, титықтап болдырып қалды. Сонда төрт жігіттің ішіндегі тіл-жақты біреуі:
- Әй, бұзық элементтің ұрпағы неменеге тамашалап тұрсың. Бұл қызық көретін ойын майданы емес. Мына шұқырға түсіп тасты көтеріс, - деді. Сонда Солтікен аспай-саспай, ыза да болмай әлгілерге тіке қарап тұрып:
- Ергежейлінің елуі жиналып бір түйенің құмалағын көтере алмай дегенді естіп едім рас екен-ау, - деп жымиып қана күлді. Сонда әлгі тіл-жақты қара торы жігіттің қаны басына шауып, өңі құп-қу болып сұрланып, еріндері көгеріп, езуінен көбігі шыға бұрқылдап тұрып:
- Әй, үй, мынау, мына міскін недеп былжырап кетті?!Мынау құмалақ емес, біз ергежейлі емес. Мынау барғой, мынау алып қара тас, қара тау, зіл батпан. Сен недеп шатпақтап тұрсың?! Мықты болсаң, қане, өзің жалғыз шығаршы. Біз де тамашалап рахаттанып, қызық көріп отырайық, шұңқырдан шығыңдар. Мына Көкіштің ұлының күшін көрейік, - деп қасындағы үш жігітті үгіттеп шұңқырдан сыртқа шығарып алды да:
- Қане, батырсымағым кезек сенікі, тамашалау кезегі біздікі, - деп төтеуі бірдей сықылықтап күлді.
Сонда Солтікен:
- Әр нәрсенің бодауы және сыйы болады. Егер мен андағы тасты шұңқыр жиегіне жалғыз шығарып берсем, онда қанұдай сый жасайсыңдар. Алдымен келісіп алайық, - деді. Осы кезде жұмысты басқарып жүрген басшы да үстеріне келіп қалған еді. Ол да бағандан айтылып жатқан сөздерді сырттай естіп тұрған екен. Ол сол жерде шешім жасап:
- Солтікен, сенің шамаң мына тасты шұңқырдан сыртқа жалғыз шығаруға шамаң келеме? Артжаққа қарау керек. Байқа, айтылған сөз – атылған оқ. Ер азаматтың абыройы бір төгілсе, оңаймен орнына келмейді, егер осы тасты шығарып тастасаң, онда саған он күн демалыс беремін, -деді әлгі жұмыс басшысы әзіл-шынын араластыра, қасындағы жігіттерде дабырласып басшыны құптай жөнелді.
«Артыңа қара, байқа», - деген сөз Солтікеннің шымбайына тиіп кетсе керек:
- Жарайды, қарап тұрыңдар. Бірақ айтқан сөздеріңде, берген уәделеріңде тұрыңдар. Ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені, – деп шұңқырға секіріп түсті де, екі білегін сәл түріп, балшыққа батып жатқан қара шұбар дәу тасты алып құшағымен қапсыра құшақтап, бүкшиіңкіріп барды да,«Әуіп» деп бір ащы дауыстап, әлгі тасты жеп-жеңіл көтеріп шұңқыр жиегіне ырғытта салды да, өзі де жиекке қарғып шығып тасты ары қарай көтеріп, тоспа қақпасының алдына жинап жатқан көп қой тастардың үстіне әкеліп қойды. Солтікеннің мына алып күшін нақ майданда өз көздерімен көрген дүйім жұрт улап-шулап, көңілдері көтеріліп, рухтары өсіп дабырласып кетті:
- Ойпырым-ай, мынау адам емес, Дию ғой! Дию, дию!!! - десіп таңдай қақпаған жан қалмады. Үлкендер ақ бата беріп, алғыстарын айтып, ер азаматтың алып күш-жігерін жоғары бағалап жатты. Бағанағы тасты көтералмаған төрт азамат та Солтікеннің қолын алып тұрып, бастарын иіп кешірім сұрады.
Арыстың арыстаны
1978 жылы Қытай мемлекетінің он өлкесінен ең үздік балуандар жарысы Шынжаң өлкесінің орталық қаласы Үрімжідегі ең үлкен спорт сарайында өтті. Кезек енді ғана арыс алаңын жағалап жүрген Солтікенге келгенде, қарсы жағы 15 жыл бойы арыс алаңының шаңын қаққан, күрес өнеріне әбден жетілген, Қилоңжаң өлкесінің аға, ақсақсал балуаны Жаң фамилиялы түйедей дәу қытай болып шыға келді. Талайды әдіс амалымен алдап соғып жер қаптырып үйреніп алған, балуандықтың бар құпия сырын еркін меңгеріп алған, әлгі дәу қытай алдына келіп тұрған қазақтың жас жігітін көзіне іле қойған жоқ. Ол өз ойында, өзіне қарсы келіп тұрған мына қазақтың қара жігітін алғашқы тетінде-ақ алып жібермекші болып, іштей шалып, екі бұрап алып ұрып жауырынын жерге тигізбекші болған еңбегі еш кетті. Оны орнынан жылжыту былай тұрсын,қатты қайрымға келгенде өзі теңселіп қалды. Бір-екі рет сілкілескеннен кейін, Солтікен де қарсы жақтың әдіс-амалын аңғарып ала қойды. Атақты балуанмен алғаш асылысқандағы атша тулаған жүрегі орнына түсіп, күш-қайраты қаулап бойына жиыла берді. Ол ендігі бір кезекте, қарсы жағындағы дәу балуанды үйіріп әкеліп, қырпулы қимылға келтірмей, көз ілестірмей еңкейте тартып, асау жамбасқа алдыда түйедей қытайды мандан палазына доңік еткізіп екі жауырынын жерге тигізіп тастай салды. Шалқалап жатқан төбедей қытай балуаны орнынан тұралмай біраз жатып қалды. Майдандағы көрермендердің көңілденіп соққан шапалақ дауысы үлкен залда бейне найзағай жарқылдап жатқандай көрініске ие болды. Күрес маданында жүрген судьялар да Солтікеннің қатесіз қимылына дән разы болысты.
Осы жолғы үлкен мемлекеттік жарыста он өлкеден келген ығай мен сығай балуандарды қырқай жығып, өрелі жарыста өрелі нәтижемен омырауына алтын медал қадады. Көкенай, Серік, Тұрсынғали қатарлы әйгілі аға жүлдегер балуандар жаңадан тебіндеп өсіп келе жатқан жас күшті көріп, жандары сүйіне қолдады. Жарыс соңында Шыңжаң өлкелік дене тәрбие көмитеті қатысты орындардың бекітуінен өткізіп, Солтікенді Шыңжаң балуандар командасына қабылдады.
Жас балуан жаңа ортаға тез-ақ үйірлесіп кетті. Мейлі өзі теңдесі жастардың ортасы болсын, не жасы үлкен, көпті көрген көнелер арасында болсын, Солтікен өзінің ақкөңіл-ашықжарқындығымен де, кішпейіл, қайрымдылығымен де,үйренуден жалықпайтын талаптылығымен де көзге түсті. Ол әр кез уақытты қадірлеп, құлшына үйреніп, жалықпай жаттығып, балуандық өнердің барлық қыры мен сырын қып-қысқа уақытта толық игеріп, ережелерін меңгеріп алды. Осы жылы күз, қазан айында Қытай мемеекттік балуандардың 3 кезекті ірі сайысы Шүйжу өлкесінде өткізілді. Осы сайысқа қатысуға Шыңжаң балуандар командасынан Солтікен Көкішұлы талданды. Бұл жарысқа саңлақтана қатысқан Солтікен балуандық сайысынан ерекше өрелі өнер көрсетті.
Ереже бойынша, бір майдан күрес уақыты 9 минут болып, 3 минуттан 3 кезекке бөлінеді. Ал, Солтікеннің сұрапыл қимылы мен жойқын қара күші минут емес, Секнуттармен есептеліп жатты. Ол әр рет сайыс майданына шыққан сайын қарсы жақ балуанды бір он секунд, жиырма секунд, ары кетсе отыз секундта жауырындарын толық жер искетіп, көпдегенде елу секундта жарыс қортындысын шығарып отырды. Бұл жарыста Солтікенмен теңдесіп күресе алатын еш балуан шықпады. Үлкенін де ортаншысында дүйім майданда ұршықтай үйіріп, доптай домалатып, баудай сұлатып қырқай жығып қиратып салды. Жығылған балуандар да «Біз өмірімізде мынадай дию адамды көрмеппіз», – деп мойынсал болды. «Мынау Алтай тауының қара аюы екен ғой», – десті.
Қашанда көрермен қауым – әділ төреші, алтын таразы ғой. Әр реткі сайыста, арыс алпарысында жүрген Солтікеннің маңдайынан шылан тер шықпағанын, балуандық өнерге барған сайын жетіле түскенін, әр қимылындағы алымдылығын қалт жібермей бақылап көріп отырған жұртшылық оны сол майданда-ақ «Арыстың арыстаны» деп атап кетті. Солтікен бұл жарыстың ең үздік балуаны, аға жүлдегері болып омырауына алтын алқа тақты. Жарыс соңындағы қорытынды жиында шетелден келген судьялар мен Қытай мемлекеттік судьялар алқасы келіп, Солтікен Көкішұлын шетелде болатын халықаралық жарыстарға қатынастыруға бір ауыздан шешім шығарып, Қытай мемлекеттік балуандар командасына талдап алып қалатындарын жария етті. Көрермендер жарыс аяқталған соң да Солтікенмен кездесуді талап етіп, жабыла амандасып, фотоға түсіп, атақты балуанмен мақтанып мерейлері бір өсіп қалды.
Дүние «дәулерімен» айқасу
1980 жылы мамыр айында, Иран мемлекетінде халықаралық «Тәкти жарысы» өткізілетін болды. Иран мемлекетіннен шыққан атақты әлімдік дәрежедегі балуанды еске алып өткізетін халқаралық өте жоғары деңгейдегі әлемдік балуандар жарысына алды 20 жыл, ортасы 15 жыл, соңы 10 жыл әр түрлі балуандық сайыс өткелінен өткен кіл «Дүние мықтылары» келіп қатынасты. Бұл реткі ұлы жарысқа Қытай мемлекеті атынан Солтікен, Қали балуанды ішіне алған 8 адамдық балуандар командасы Иранға келіп жарысқа қатынасты.
Иә, керемет. Тіпті ғажап. Үш жылдан азақ астам ғана балуандық өнер тәрбиесін көрген Солтікен халықаралық балуандар сайысында бес рет жүлде алып, әлем елінде«Жолбарыс» атанған Куба балуанымен бірінші майданда бетпе-бет келді. Тіс қақты айлагер кәрі пілдей дәу балуан өзіне қанық қарпымды қимылдарын іске қосып, арыс алаңын енді ғана жағалап жүрген жас балуанды бүріп жібермекші болып, Солтікеннің жағасынан алып сілкіп көрді, беліндегі белбеуінен ұстап тарты, шапшаң қозғалатын аяғымен шалып байқады. Екі иығынан тең ұстап екі жаққа теңселте сілкіп те бақты. Кәрі қақсал балуан Солтікенді жығу үшін не істемеді дейсің. Құрыштай құйылған жас жігітті орнынан қозғалту былай тұрсын әрі-бері жағаласып көріп, шамасы келмейтіне көзі жітіп шайлығып, өзі сең соққандай майданда теңдесіліп қалды.
Мына Кубалық жолбарыстың лақтырған тасының түсетін жерін шамалаған Солтікен бір-екі сілкілесіп көргеннен кейін, шалдығып жүрегі шәйлығып қалған шала жолбарысты қапсыра құшақтап, аяғын аспаннан келтіріп, жауырынын жерге тік қадап, қас қағым уақытта көз ілестірмей балаз үстіне алып ұрды. Судья да жерді алақанымен бір қағып, солтікеннің оң қолын көкке көтеріп, жеңді деген белгіні жасады. Дәл осы кезде әлімнің әр мемлекетінен келген жарыс көрермендері аспандағы самсыған жұлдыздардай орындарынан тегіс көтеріліп, күн күркірегендей шапалақ қағып, Қазақ балуаны Солтікен Көкішұлын шын жүректерінен дән разы болып құттықтады.
Солтікен жарыс майданының шетіне іліккен заманда әр елден келген тілшілер қаумалай Солтікенді қоршап алып, жауындай жауған сұрақтарын арт-артынан тоқтаусыз жаудырып жатты. Осы кездегі көңіл күйі туралы Солтікен Көкішұлы былай дейді:
- «Ер намысы – ел намысы». Әдіс-айлама сенбесем де, күшіме сенуші едім. Ол дәуде оңай күштің иесі емес екен. Әдіс-өнеріне де жетілген пәле көрінеді. Арыста әсте албырттыққа бой алдыруға болмайды ғой. Бір қате жіберсең, сол жерде жеңілесің. Бұл – менің сақа ұстаздарымнан алған тәлімім. Арысқа түскенде сабырлы болу, күшіңді орынсыз жұмсамау, айлаға алдырмау, бізге бұлжымас заң ғой… ең маңыздысы ел намысын ер намысыңмен жеңіп, ел байрағын көтеру біз үшін үлкен мәртебе…
Жә, содан. Содан кейін не болды дейсіз ғой?!
Жарыс тоқтаусыз өтіп жатыр. Әлден уақытта Солтікеннің жарыс кезегі келіп майданға шақырылды. Бұл жолы атақ даңқы әлем еліне тегіс тараған он бес жыл халықаралық күресте бір рет те жеңіліп көрмеген жоғары салмақтағы Индонезияның атақты балуанымен шайқасқа түсті. Екі мықты алғашқы екі майданда ұтыс-ұтылыс ұпайы тең болды. Бірінің-бірі шамаларын да, әдіс амалдарын да біліп қалды. Үшінші майдан шешуші майдан еді. Сигналберілісімен-ақ, Индонезия балуаны бүкіл қайратын бойына жиып, тапбермеде байқатпай тап беріп, Солтікеннің оң қолын орайына келтіре тарта ұстап, оны оң жақ иығынан асыра тастап алып ұрмаққа бар жан-тәнімен ұмтылып оқыс қимыл жасады. Жылдам да қағылез, сезгір де сезімтал Солтікен оны ырқына жібере қоймады. Құрыштай мықты шынтағын ол балуанның кеудесіне тіреп, серпи әкеліп шалқасыннан жатқызып, екі жауырын жерге тік тигізіп, тұяқ серпестей етіп жықты. Мұны көрген көрермендер Солтікен Көкішұлын мақтауға сөз таппай «Қазақ-қазақ-қазақ» деп аспанды жаңғыртып ұрандатып жатты.
Өрлей бер өр рухты балуан
Жә, жарыс. Жарыс болғанда да әлімдік деңгейдегі халқаралық жарыс. Екінің бірі түсе бермейтін, дүние дәулерінің айқасы. Алып арыс майданы. Оған ылғи да шойындай қортылған, ауыр машық жапасынан өткен, жауырыны қақпақтай, белектері тоқпақтай бұқа мойын, бура сан, бұлшық еттері сандықтай ойнаған дүние дәулері ғана қатынаса алады ғой. Олар өз елі, өз мемлекеті, өз ұлтының намысын қорғау үшін бойындағы бар күш-қайратын, намыс пен арын алып шығып, қарсыласын жеңу үшін айқасады ғой. Мықтының мықтысы дәл осы майданда сыналып, атақ-даңқында осы майданда алып, ел байрағын желбіретеді.
Иә, тағы да соны айтам, бүкіл халықаралық ірі балуандар жарысында бес рет алтын алқа тағынып, жалпақ жаһанға «Жолбарыс» атанған Индонезиялық балуанның Солтікеннен жеңіліп қалуы, төрт бүктеліп нақ майданда жер қапқаны кейбіреулерді өкінішке қалдырғанымен, жас алып балуан Солтікеннің кеме соққан теңіздің толқынындай жойқын күші өте көп санды қауымның алқауына бөледі. Әсіресе жалпақ жаһанды мекендеп отырған 44 мемлекетке бытырай қоныстанып отырған қазақ халқының биік мәртебесін көтеріп, көз қуанышына айналды. Әлем ақпараттары да «Қазақ балуаны», «Арыс арыстаны» деп жарыса жазып жатты.
Жә, әз халқым, төрт жұртым, алты алашым, қара орман қазақ елім осының алдында ғана, яғни 1979 жылы қазан айында Солтікен Көкішұлы Үндістан мемлекетінде өткізілген халықаралық балуандар жүлде таласу жарысына Қытай мемлекеті балуандар командасынан барып қатынасып, айналмалы күресте жиырма сегіз балуанды түгел жеңіп, ұлы жеңіспен ел қоржынына қомақты олжа салып оралған да болатын.
Елулі еңбек ел алқауына бөленді. Ел үмітін арқалаған есіл ер, ел үмітін еш жерде сөндірмеді. Қай жерде, қай елде, қай ортада жүрсе де қазақ деген ұлы халықтың ұлағатты ұрпағы екенін ершімді еңбек жемістерімен, көрнекті жеңістерімен дәлелдеп жүрді.
Ол осынау қысқа жылдардың өзінде ел іші-сыртында өткен тайлай додалы халықаралық ірі көлемді әлем мықтылары жарыстарына қатынасып ондаған алтын медальдар мен халықаралық грамота сыйлықтарын алды. Қытай мемлекетінің бас балуаны атанды. Ақшалай және заттай көрсетілген құрмет сыйлар жетіп асады. Алтын топыраққа, ұлылық қарапайымдылыққа жасырынады ғой. Солтікен Көкішұлын халқы алтын алақанында әспектеп ұстады. Басынан құс ұшырмады. Арда ұлының атақ даңқымен мақтанатын дәрежеге жетті. Соның бәрін біле жүріп, Ол еш дандайсыған, асқақтаған тұсы болған жоқ. Әу бастағы сабырлы, салмақты, білімді, иманды, ибалы , ақкөңіл, ашық жарқын бала Солтікен қалай болса, сол мінезден еш өзгермей қап-қарапайым қазақтың қасиеті де киелі ұлы болып өмір сүріп, халқын сүйіп, арттағы ұрпақтарына өлмес-өшпес үлгі мен өнеге қалтырып өмірден артын жап-жарық қып өтті.
Солтікен Көкішұлы – ұлт азаматы үлгісі, кейінгі кездері өзінің туған аймағы Алтай аймақтық дене тәрбие комитетіне келіп, жас балуандарды тәрбиелеп сақа тәлімгерге айналды. Ол тәрбиелеп жетілдірген шәкірттер арасынан, мемлекет және халықаралық балуандар жарысында он алты алтын медальдар алды. Сол медальдардың жарық нұрынан Солтікен Көкішұлының да алтын тер тамшыларын көруге болады.
Солтікен қара күштің иесі, балуан ғана емес. Ол әжептәуір танылған ақын еді. Өлеңді жазып та топ ортада, дүйім жұлт арасында да қолма-қол өлең құрап та елді таңғалдырса, жұлма қара сөздің де қас шеберіне айналғанына қасында жүрген кәсіптес құрдастары куә. Оның соңғы жылдары жазған өлеңдері Қытай Халық Республикасында шығатын қазақ тіліндегі «Алтай газеті», «Іле газеті», «Шыңжаң газеті», «Алтай аясы», «Іле айдыны», «Шұғыла журналы» сынды газет-журналдарда үздіксіз жарияланып тұрды. Одан сырт Қазақстанның әртүрлі басылымдарынан да арт-артынан жарық көрді. 2002 жылы Қазақстан Республикасы мемлекеттік баспасынан Солтікен Көкішұлының «Ақ семсер» атты тұңғыш жыр жинағы жарық көріп, оқырман қауымның шынайы алқауына бөленді. Қытайда «Көк сүңгі», «Жасыл жебе», «Айбалта», «Қара шоқпар», «Бес қару» атты кітаптары арт-артынан баспандан шығып, оқырмандардың жақсы бағасын алды.
Сокең, Солтікен Көкішұлының шешендік қара сөзге құрылған қанатты қағытпа қара сөздер жинағы да Қытай қазақтары жағынан реттеліп баспаға дайындалып жатыр. Ол – қазір Шыңжаң жазушылар қоғамы, Алтай аймақтық, Алтай қалалық жазушылар қоғамының мүшесі. «Қытай мемлекеттік үздік спортшы», «Дене тәрбие саңлағы»!
Иә, тумақ сүннет, өлмек парыз. Жұмыр басты пенденің өмірінің соңы өліммен ақырласады. Ол – бұлтартпас шындық. Көк асты, жер бетіндегі аз өмір, қысқа ғұмырды қалай өткізу әр пенденің сана сапасына байланысты. Тән қалауы – ішсем, жесем, кисем, жүрсем, тойсам, басқадан жоғары тұрсам, бай бақытты болсам деп тіленеді.
Ал жан қалауы – үйренсем, білсем, ғылым қусам, өнерлі болсам, қара орман халқыма пайда жеткізсем, иманды, ибалы, арлы адам болып өтсем деп тілейді екен. Адам деген пенде екі дүние ортасында жүріп, тән мен жанның қалауының қайсысын көп атқара алса, соның құлы болып өтеді. Дүниеден өткен соң да артында қалған ұрпақтары соған орай бағасын береді. Бақиға барған соң да діни риуаят бойынша оң дәптер мен сол дәптерге жазылған екі тілектің таразысына түсіп, не жұмақтан, не тамұқтан орын табады екен.
Иә, біздің алып азаматымыз Солтікен Көкішұлын сирек оралатын тымса ғасыр өз қойнынан қазақ халқының маңдайына бақ жұлдыз етіп тудырды. Солтікен Көкішұлы өзінің күллі өмірін, күш-қуатын, ерік-жігерін, ақыл-парасатын, өр рухын, қайырымдылығы мен мейірімін, арлы азаматтығын, балуандық өнері мен ақындық және жазушылық өнерін тұтастай сарқып, тамшысын қалдырмай қасиетті халқына арнап аттанды. Ол жан қалауын толық орындады. Тән қалауына өмірінің соңына дейін дес бермеді. 2024 ұлу жылы сәуірдің 25 жұлдызы сағат 11-де , өзінің туған өлкесі Алтай қаласында, өзінің құтты шаңырағында бақиға, Алланың алдына ақ өліммен аттанып кетті. Артын ар нұрымен жап-жарық қып кетті…
Марқұмның жанны жаннатта, топырағы торқа болсын. Артында қалған ұрпақтары аман болсын. Халқына мәңгілік қалдырып кеткен толағай еңбектері ғасырлар бойы тағылымын емізіп, тәрбие уызынан сарқылмасын!
Ескертпе:
Бұл мақала 1984 жылы «Алтай газетінің» 7 ақпандағы санында Мақсұт Мәуліт, Болат Бопайұлының авторлығыменжарық көрген нұсқада қайта өңделіп, кеңейтіп жазылды.
Болат Бопайұлы
06.05.2024 ж. Алматы қаласы
Оқыған диктор: Аманжан Еңсебайұлы
Пікір қалдыру