Полиция қызметкерінің заңды талаптарын орындамаған немесе кедергі келтірген жүргізуші жауапқа тартылады, деп хабарлайды ішкі істер министрлігі.
Министрлік жүргізушілерге үндеу жасады. Бұған соңғы кездері БАҚ пен әлеуметтік желілерде полиция қызметкерлерінен жедел-профилактикалық іс-шаралардың өткізілуі туралы құжаттарды талап етіп, олардың жұмысына кедергі келтіргені туралы бейнежазбалар себеп болған.
"Көлікті тоқтату кезінде полиция қызметкері өзін таныстырып, қызметтік куәлігін көрсетіп, тоқтату себебін түсіндіруі қажет. Жүргізуші өз кезегінде ішкі істер органдары қызметкерінің заңды талаптарын орындауға міндетті. Ал полиция қызметкері жедел-профилактикалық іс-шараның өткізіліп жатқанын растайтын құжаттарды көрсетуге міндетті емес", - дейді ведомство.
Министрлік "Жол жүрісі туралы" заңда көліктерді тоқтату кезінде полиция қызметкерлері мен жүргізушілердің іс-қимылының нақты тәртібі айқындалғанын айтады.
"Полиция қызметкерінің заңды талаптарын орындамау, қызметтік міндеттерін атқару кезінде оның жұмысына кедергі келтіру 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу немесе 15 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі әкімшілік жауапқа әкеп соғады", – деді ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев.
Пікір қалдыру