Ақтөбе облысы криминалдық полиция басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, алаяқтар өздерін ұялы байланыс операторларының қызметкері ретінде көрсете бастаған. Ақтөбе тұрғындары соңғы кездері мұндай алаяқтық фактісімен полицияға жиі хабарласатын болды. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі бірнеше миллион теңгеден асады.
"Біріншіден, алаяқтар өздерін ұялы байланыс операторының қызметкері ретінде көрсетіп, нөмірінің мерзімі өтіп бара жатқанын айтады және қызмет мерзімін ұзартуды ұсынады. Кодты алғаннан кейін олар WhatsApp мессенджері арқылы өздерін құзырлы орган қызметкерлеріміз деп таныстырып, оған алаяқ жалған операторлар бірнеше банктен несие рәсімдегенін хабарлайды. Алаяқтар өздерін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, полиция немесе банк қызметкеріміз деп таныстырады. Олар алаяқтар мен жалған операторлардың жәбірленушінің атына бұрын берген "несиелерін" алып тастау үшін өздерінің атына несие рәсімдеуге алдап сендіреді. Барлық жағдайда жәбірленушілерді ақшаны алаяқтар көрсеткен "қауіпсіз" шоттарға аударуға көндіреді", - дейді облыстық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Бақдәулет Балмурзин.
Мәселен, шілде айында Ақтөбе қаласының тұрғынын дәл осындай жолмен 8 миллион теңгеге алдап кетсе, екінші ақтөбелік алаяқтарға сеніп 3 миллион теңгесін жоғалтқан. Тағы бір сенгіш қала тұрғыны өз атына 5 миллион теңгеге жуық несие рәсімдеп, алаяқтарға аударған. Қаскүнемдер бұл қылмыстың барлығын SIM-картаның жарамдылық мерзімі өтіп бара жатқанын айтып қоңырау шалу арқылы жасаған.
Пікір қалдыру