Министрдің сөзінше, қазір Қазақстанда тауарлық газдың орташа құны мың текше метріне – 33 мың 169 теңге. Бұл ретте тауарлық газдың бекітілген көтерме бағасы – 23 мың 646 теңге.
"Газ саласына инвестиция тарту және тауарлық газдың өзіндік құнына қол жеткізу мақсатында тұрғындар үшін бағаның күрт өсуіне жол бермеуді ескере отырып, газ бағасын кезең-кезеңмен көтеру қажет", – деді министр.
Министр Қазақстан 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап ішкі нарықта тауарлық газды көтерме сатудың шекті бағасын орташа есеппен 14,6% өсіммен қайта қарағанын еске салды.
"Тұтастай алғанда, үш жыл ішінде ішкі нарықта газды шығынсыз сатуға қол жеткізу жоспарланып отыр. Бұл елдің газға деген қажетін өтеуге және еліміз үшін маңызды инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді", – деді Сәтқалиев.
Еске сала кетейік, 1 шілдеден бастап Қазақстанда сұйытылған мұнай газының бағасы қымбаттады. Энергетика министрлігінің мәліметінше, Қазақстан ТМД елдері бойынша ең төмен бағалардың бірі – 54 теңгеден 86 теңгеге дейін болса, Ресейде бір литр газдың бағасы 132 теңге, Әзірбайжанда – 171 теңге, Тәжікстанда – 273 теңге.
Сондай-ақ сарапшылар газдың 2024 жылы ішкі нарықтағы тұтыну көлемі тағы 200 мың тоннаға артып, 2,4 миллион тоннаны құрайтынын айтты. Мұндай жағдайда газ тапшылығы 30-40 пайызға жетуі мүмкін.
Пікір қалдыру