АҚШ қаржы министрлігі Ресейге озық технологиялар мен жабдықтар жеткізуге қатысы бар 275 тұлға мен ұйымға қарсы санкция салды. Олардың қатарында қазақстандық Kazstanex компаниясы да бар. Ол бүкіл әлемдегі өндірушілерден білдектерді (станок) жеткізеді.
Egov.kz мәліметтеріне сенсек, компания 2014 жылы тіркелген. Оның негізін қалаушы және бірінші директоры – Василий Абрамов.
АҚШ-тың Қаржы министрлігі ресейлік қорғаныс компанияларына жабдықтар мен электроника жинауға көмектескен Ресей, Қытай, Үндістан, Швейцария, Таиланд және Түркия сияқты елдердегі заңды тұлғаларға санкциялар енгізді. Бұл компаниялардың кейбірі қару-жарақ пен оқ-дәрі жеткізіп, Ресейдің қорғаныс өнеркәсібіне қажетті өнімдерге тапсырыс берген.
Санкция тізімінде Ресей, Беларусь, Қытай, Үндістан, Түркия азаматтары да бар. Олардың арасында Ресей қорғаныс министрінің орынбасарлары Александр Фомин, Павел Фрадков және Владимир Путиннің туысы деп айтылатын Анна Цивилева да бар.
Пікір қалдыру