2020 жылдан бері Қазақстанда 1,1 млн оқушы орнына арналған 1 242 жаңа мектеп салынды. Осы ауқымды жұмыстың нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 4 есеге, апатты ғимараттар саны 2,5 есеге, ал оқушы орнының тапшылығы 4 есеге қысқарды.
Мектеп желісін жаңартудағы ең ірі қадам Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске қосылған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы болды. Үш жыл ішінде, 2023 жылдан 2025 жылға дейін, елде жалпы сыйымдылығы 460 мыңнан астам оқушыға арналған 217 жаңа форматтағы мектеп пайда болды. Жаңа ғимараттар ауданы бойынша бұрынғы типтік жобалардан 15–20%-ға кең, ал техникалық жабдықталу деңгейі олардан төрт есе жоғары. Әрбір мектепте еңбекке баулу шеберханалары, музыка және хореография залдары, STEM-зертханалар, робототехника кабинеттері, коворкинг-аймақтар және спорт залдары жұмыс істейді. Жоба 43 үш ауысымды және 8 апатты мектептің мәселесін толықтай шешуге мүмкіндік берді. Барлық кезеңдерде сапаны жүйелі бақылауды жобаны үйлестіруші Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы қамтамасыз етеді.
Жаңа ғимараттар салумен қатар, қолданыстағы мектептерді ауқымды реновациялау жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 1 300 мектепті бірыңғай заманауи форматқа көшіру бағдарламасы іске қосылды. 2025 жылы осы бағдарлама бойынша 190 мың орынға арналған 245 мектеп жаңартылды. Жаңартылған ғимараттарда кітапханалар, асханалар мен спорт залдары жөнделіп, қауіпсіздік жүйелері реттелді.
Қосымша қаржыландыру көзі ретінде Президенттің тапсырмасымен құрылған Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры жұмыс істейді. Жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен 86 мың орынға арналған 77 мектептің құрылысы аяқталды. Олардың басым бөлігі демографиялық жүктемесі жоғары аймақтарда орналасқан: Алматы, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Астана қаласында.
Мемлекет басшысы қойған басым міндеттердің бірі қалалық және ауылдық мектептер арасындағы білім сапасы алшақтығын жою болып табылады. «Келешек мектептері» жобасы бойынша салынған мектептердің әрбір екіншісі дерлік ауылдық жерде орналасқан, барлығы 84 нысан. Реновация бағдарламасы қамтыған 1 300 ғимараттың 820-сы да ауылдарда орналасқан. Жыл сайын 1 000 оқу орнында пәндік кабинеттер жаңартыла отырып, жөндеу жүргізіледі. Сонымен қатар, Оқу-ағарту министрлігі шағын жинақты және ауылдық мекемелердегі білім сапасын арттыру, кадрлық қамтамасыз ету мен қауіпсіздік мәселелері бойынша стратегиялық шешімдер дайындауда.