ҚР БҒМ жемқорлық фактілері бар ЖОО-лардың ректорларын жұмыстан босатады

/uploads/thumbnail/20170708201221679_small.jpg

АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Қызылорда облысына барып, сапар аясында бірқатар әлеуметтік және шаруашылық нысандарды аралады.
Мемлекет басшысына қаладағы тұрғын үй құрылысының барысы мен жүргізіліп жатқан инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым таныстырылды. Нұрсұлтан Назарбаев жаңа баспанаға қоныстанған тұрғындармен кездесіп, әңгімелесті және қоныс тоймен құттықтады. Елбасы қазіргі кездегі күрделі экономикалық ахуалға қарамастан азаматтардың тұрмыс деңгейі мен әл-ауқатын арттыру үшін мемлекет барлық қажетті жағдайды жасай беретінін айтты.

Атап айтқанда, Президент Қызылорда облысына жұмыс сапарының қорытындысы жөнінде БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді. Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстанның барлық өңірлері сияқты Қызылорда облысының да өсіп-өркендеп жатқанына тоқталды. «Кейінгі жылдары облыс орталығы көркейді, саябақтары көбейді, тұрғындар үшін қажетті жағдайлар едәуір жақсарды. Қазір Сырдарияның сол жағалауын игеру және абаттандыру жұмыстары, соның ішінде көпір мен тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Қалада балабақшалар, мектептер мен ауруханалар салынуда», - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев өңірдің дамуы үшін қажетті жағдайдың бәрі бар екеніне назар аударды. «Облыс аумағымен «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автокөлік дәлізі, теміржол магистральдары, газ құбырлары мен электр желілері өтеді. Мен өңірдегі мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы мен баспана құрылысының барысымен таныстым, өндірістік нысандарды аралап көрдім. Индустрияландыру аясында облыста ірі кәсіпорындар іске қосылатын болады, соның ішінде бүкіл Қазақстанды өз өнімімен қамтамасыз ете алатын әйнек зауыты да бар. Жалпы, елдің барлық өңірінің ахуалы жақсарды, олардың бәрі елордаға қарап бой түзеуде», - деді Қазақстан Президенті.

Бұл ретте Мемлекет басшысы тұрмыстың бұдан әрі жақсаруы халықтың еңбексүйгіштігіне, өңірді дамыту және абаттандыру үшін жұмылдырған күш-жігеріне тікелей байланысты екенін атап өтті. Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев қатаң табиғат жағдайына қарамастан қаланы көгалдандыру ісінде жеткен жетістіктерге назар аударды.

Қазақстан Президенті сондай-ақ биыл рекордтық көлемде күріш жинаған жергілікті диқандарды құттықтады. «Күріш Қызылорда облысының негізгі ауыл шаруашылығы дақылы болып саналады. Биыл әр гектардан 50 центнерден астам өнім алынды. Бұрын мұндай көрсеткіш болмаған», - деді Мемлекет басшысы.

  

Еркін қоймалар режимінде инвестициялық келісімшарттардың тиімділігі арта түседі

Осы аптаның басында Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Рау Еркін қоймалар режимінде инвестициялық келісімшарттардың тиімділігі арта түсетінін мәлім етті.

Еске сала кетейік, комитет отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне индустриялық-инновациялық саясат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланған болатын. Аталған құжат Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы 55, 56, 57,59, 63 және 86-қадамдарын іске асыруға бағытталған. Бұл ретте заң жобасының басты мақсаты аса қолайлы инвестициялық климат қалыптастыру үшін инвестициялар саласындағы, Қазақстандағы туризм индустриясын одан әрі жүйелі түрде дамыту үшін туристік саладағы, ғылымды қажет ететін экономиканы қалыптастыру мақсатында инновациялық кластер саласындағы заңнамаларды одан әрі жетілдіру көзделеді.

«Елбасы трансұлттық компаниялар тарту мәселесін де жүктеген болатын. Бұл ретте бірқатар мәселелер баршылық. Мәселен, бірінші кезекте қолайлы салық режимін қалыптастыру. Осыған байланысты, әсіресе ДСҰ кіру барысында елімізде еркін қоймалар режимінің сақталуы маңызды рөл атқармақ. Бұл ретте ДСҰ-ға ену барысында 2017 дейін елімізде өтпелі кезең сақталатынын еске салғым келеді. Соған байланысты біз ДСҰ аясында рұқсат етілген норманы таптық. Ендігі мақсат сол норманы инвестициялық келісімшарттарға енгізу.  Біздің ойымызша, ондай қадам тиімді болуы керек, өйткені, қазіргі уақытта кедендік қоймалар иелері үнемдеуде пайда тапқанымен, олардың бәрі сол үнемдеу мәселесін экономиканың дамуына инвестициялап отырған жоқ», - дейді Альберт Рау. Оның айтуынша, еркін қоймалар режимі арқылы еліміздегі инвестициялық келісімшарттардың тиімділігін арттыруға болады.

Бұдан бөлек ол Қазақстанның автонарығы ескірген автокөліктерден қорғалатынын айтты.

«Заң жобасындағы тағы бір тың жаңалық - автонарықты ескірген, қолданылған автокөліктерден қорғау шараларын қамту. Қазіргі уақытта қолданыстағы нормаға сәйкес, ескірген автокөліктерді әкелудің кедендік баж салығы 35 пайызды құрайды, бұдан бөлек, көліктің қозғалтқышының әрбір текше сантиметріне 2-4 еуро шамасында алым алынады. Ал біз ДСҰ-ға кіргенде бұл кедендік баж 19 пайызға дейін төмендетіліп, әлгіндей алым жинау түгелімен алынып тасталады. Сондықтан да, біздің министрлік өтемақылық шаралар ретінде автокөліктердің бірінші тіркелімі барысында бірреткі мемлекеттік алым енгізуді ұсынып отыр. Бұл ДСҰ аясындағы рұқсат етілген шара болып табылады», - дейді вице-министр. Оның пайымдауынша, аталған норма енгізілсе, автокөлік иелері үшін жалпы шығыстар сомасы артып кетпейді, есесіне мемлекеттік бюджетке түсім жылына 8 миллиард теңгеге дейін артуы ықтимал.

«Айта кетерлігі, бүгінгі таңда қолданыстағы жоғарыда көрсетілген елге әкелінген көліктерге салынатын салық ЕАЭО мүше-мемлекеттер арасында бөлініске түссе, ал біз енгізгелі отырған мемлекеттік бірреткі алым Қазақстанның бюджетінде тұтастай қалатын болады», - дейді А. Рау.

Сенат комитеті заң жобасын алдағы уақытта өтетін палатаның жалпы отырысына шығару туралы шешім қабылдады.

 

Қазақстандағы тоғыз әуежайдағы терминалдарды қайта жасау керек

Бұл аптада Астанада әуежай мәселелеріне арналған ИАТА конференциясында ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Бекен Сейдахметов жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін Қазақстандағы 18 әуежайдың 9-ында жолаушылар терминалдарын қайта жасау қажеттілік етіп отырғандығын атап өтті.

«Жыл соңына дейін Тараз қаласындағы әуежайдың жолаушылар терминалын қайта жөндеу жұмысы аяқталатын болады, сондай-ақ Қызылорда әуежайында жаңа жолаушылар терминалының құрылысы мәселесі қарастырылуда», - деді комитет басшысы.

Бұл жобалар мемлекеттік-жеке серіктестік тетіктері арқылы жүзеге асырылады.

Атап айтқанда, әуежайлар мен әуе компанияларды дамыту авиациялық байланыстардың географиясын кеңейтетіні анық. Жалпы қазақстандық әуе компанияларымен жолаушыларды тасымалдаудың өсу қарқыны жыл сайын 10-11 пайызды құрап отыр. Мәселен, 2013 жылы Қазақстанның әуе компаниялары тасымалдаған жолаушылар саны 5 миллионды құраса, 2014 жылы - 5,5 миллион, ал биылдың бірінші жартыжылдығында 2,6 миллион адамға жетті.

Б. Сейдахметовтің сөзіне қарағанда, жалпы Қазақстаннан 87 халықаралық бағдар бойынша тасымалдаулар жүргізіледі. Оның ішінде 52-сі ТМД елдеріне, тоғызы ЕО-ға, Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне - 11 бағдар, ал Таяу Шығысқа - 15 бағдар қамтылған. Екі қазақстандық әуе тасымалдаушы 57 бағдар бойынша халықаралық тасымалдарды жүзеге асырса, 28 шетелдік әуе компаниясы 54 бағдар тұрғысында халықаралық тасымалдарды атқаруда. Жалпы аптасына Қазақстаннан 458 халықаралық рейс орындалса, күніне 65 рейс жүзеге асырылады екен.

«Әуе сапарларының географиясын кеңейту бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру аясында биыл 7 жаңа бағдар ашылды. өткен жылы 13 бағдар ашылған болатын. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында алдыңғы қатарлы қаржы орталықтарымен тұрақты әуе байланыстарының желісі кеңейтіледі», - деді комитет басшысы.

Қазіргі кезде Астана қаласы әуежайынан 12 халықаралық қаржы орталығының ішінде жетеуіне рейстер орындалуда. «Атап айтқанда, Франкфурт, Бейжің, Ыстамбұл, Мәскеу, Сеул, Лондон және Парижге рейстер қамтылған. 2019 жылға дейін Астанадан тағы бес бағыт ашылады деп күтілуде, яғни Дубай, Гонконг, Токио, Сингапур, Нью-Йорк қалаларына тасымалдаулар іске асырылады», - деді Б. Сейдахметов.

  

ЖОО-ларда Қазақстанның жемқорлыққа қарсы күрес саясаты оқытылады

ҚР БҒМ жемқорлық фактілері жиі тіркелген университеттердің ректорларын жұмыстан босатпақ. Бұл туралы бүгін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен жемқорлыққа қарсы күрес үйлестіру кеңесінде ҚР Білім және ғылыми вице-министрі Такир Балықбаев мәлім етті.

«Үйлестіру кеңестерінің жұмысы біршама кеңейеді. Соның бірі ректорлардың жемқорлыққа қарсы күрес декларациясын қабылдау бағытындағы жұмыстар. Біз бұған дейін айтып келдік, жемқорлық аxуалын, жастарды жемқорлыққа төзбеушілік рухта тәрбиелеуді қадағалайтын боламыз. Студенттердің жемқорлыққа деген төзбеушілік сезімін қалыптастыруға ректорлар жауап береді. Бұл бағыттағы жұмыстар әрбір ректорға персоналды түрде тапсырып отыратын боламыз. Әсіресе, мемлекеттік ректорларға қатысты. Бұл сіздердің жұмыстарыңызды бағалаудың бір бөлігі болады. Яғни, біз түрлі бағалау әдістерін өткізіп отырамыз», - деді ол.

Оның айтуынша, осы әдістердің аясында анықталған әлсіздіктер ректорлардың қызметіне тікелей әсер етуі керек.

«Бірде бізден «жемқорлығы дендеген жоғары оқу орындарының ректорларымен не болады?» деп сұрады. Біз ондай ректорларға төзімсіздік танытамыз. Сол себепті егер осындай фактілер анықталып жатса, біз ол ректорларды ЖОО-дағы қызметінен кетуін талап етеміз», - дейді вице-министр.

Өз кезегінде ҚР Білім және ғылым министрлігі ЖОО және ЖОО-дан кейінгі білім беру департаменті директорының міндетін атқарушы Серік Өмірбаев жоғары оқу орындарында «Құқық негіздері» пәніне Қазақстанның жемқорлыққа қарсы күрес саясаты бөлімі енгізілетінін айтты.

Аталмыш өзгерістер «Нұр Отан» партиясының 2015-2025 жылдарға арналған жемқорлыққа қарсы күрес бағдарламасының және ҚР-ның 2015-2017 жылдарға арналған жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясын орындау аясында енгізілмек.

«Осыған орай, республикалық оқу-әдістемелік кеңестің шешімімен 2015 жылғы шілде айында барлық ЖОО-лар үшін «Құқық негіздері» пәнінің жаңа типтік бағдарламасы мен «Жемқорлыққа қарсы күрес» оқу-әдістемелік құралы бекітілді. Жаңа типтік бағдарламаға «ҚР жемқорлыққа қарсы күрес саясаты» бөлімі енгізілді. Онда жемқорлықтың, жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің, жемқорлыққа қарсы этикасы және «Мәңгілік ел» идеологиясы аясындағы қазақстандық қоғам мәдениетінің позициялары сынды жайттар кірген», - деді ол.

Дереккөз:ҚазАқпарат

Қатысты Мақалалар