Өлең өнері арқылы ішкі әлемін бүкпесін ақтара білетін ақындардың бірі –Ақберен Елгезек. Қаламы қарымды, жаны нәзік, санасы тың толғамдарға толы ақын қаламынан ХХІ ғасырдың озық үлгілі өлеңдер жарық көрді. Ақын махаббатты жырласа да, адамзатпен сырласса да, табиғатты суреттесе де өзіндік стилімен, жолымен қалам тербейді. Оның жырларынан біз осы дәуірдегі қоғам дерттерін, адам жанының жай-күйін, кез келген мәселеге астыртын қарамайтын, атүсті ойламайтын тұлға бейнесімен табысамыз.
А.Елгезек өлеңдерінің басты тақырыбы – адам, оның әлемдегі орны. Өз күйзелісін, мұң-қайғысын қаламына серік ете отырып, оқырманды да өз өмірін саралауға, саналы түрде есеп беруге итермелейді. «Мінәжат» өлеңінен ақын жүрегінің кеңдігін, көпшілдігін көреміз. Оның тілегі де ұсақ-түйек, кәкір-шүкір емес. Игі, ізгі, ірі армандарды тірек еткен ақынның гуманизімі сүйсіндірмей қоймайды.
Өткереді не зұлмат, құйынды адам,
Елім аман болсыншы, үйім де аман.
Мына сұлу ғаламды сақта, Құдай,
Сол болсыншы беретін сыйың маған! – деп елінің де, жерінің де, қаласының да, ауылының да, даласы мен бауының да, досы менен қасының да амандығын тілейді. Өлеңде «аман» сөзі бірнеше мәрте қайталанып келген. Осы сөздің артында талай мән, үлкен жүк жатыр ғой. Ақын осы сөзге оқырман назарын аудартып, кең ойлауға, ешкімді кем көрмеуге шақыратындай.
Ал «Бұрын» өлеңінде ақын күйі мен өмірдің, жылдың төрт мезгілінің арасындағы байланысқа куә боламыз. Бұрын, кеше, бүгін, ертең деп ақын өз өмір жолының кезеңдерін шолып өткендей.
Бұрын,
Көңілімнің бағында гүлдеп тұратын үміттер.
Көкірегімдегі нұр шашатын күдік те.
Түні бойы өлең жазып,
Таң алды
Жанарымда жай ойнаушы ед, жігіттер!..- деген жолдардан автор шығармашылығының алғашқы белестерін, әр нәрсені, әр күйді іліп әкетіп, қаламын қолына ғана емес, жастығына серік еткен балғын да бал кездің басы көрінеді. Ал ақынның кешегісі сара ойларға, соны ізденістерге орын берген орта жол екенін аңғарамыз. Өлеңнің алғашқы екі жолынан позитивизм ұраны еседі. Орта жолдан асқаннан кейін, ақынның өмірге наласын, өткенге таласын сеземіз.
«Менен гөрі бақыттырақ секілді, мәйхананы мекен етіп алғандар» деген жолдарынан өз өміріне көңілі толмайтын ақын бейнесін көреміз. Алайда бұл ақынның немқұрайлығы, енжарлығы емес. Керісінше, адам өмірін сынауы, шындыққа тура қарауы, өмірде болатын кереағар жайларға мін тағуы, аяқтан шалатын кей қоғам өкілдеріне деген реніші деп білген жөн. Дәл осы өлеңі аралас ұйқаста өрілсе де, көзге де, көңілге де жат көрінбейді. Өлеңнің соңғы тармағынан ақын болашағының бұлығыр екенін бағамдаймыз.
Ақберен Елгезектің кей өлеңдерін есіл даланың өкпек желіне бетіңді тосып, құшағыңды қуанышқа айқара ашып қойып, жалпақ жұртқа жар сала оқығың келеді. Мәселен, «Түнек басып тұрғанмен, көңілде нұр» өлеңінің аты да, заты да Тәңірге, тағдырға шексіз ғашық адамның бейнесін көз алдымызға әкеледі. Лирикалық қаһарман Тәңірге алғыс айтады. Өлеңдегі кеңістік бейне бір сиқырға, тылсымға толы сиқырлар әлемі секілді.
Мен жаралғам, Шебердің әмірінен,
Мені сүйген ең мінсіз көңілінен.
Тұрмайды екен, дариға, нағыз өмір,
Түңілуден,
бүлінуден,
шегінуден…Оқырманға рухани күш сыйлайтын тармақтар. Расымен де, адамды Жаратушы ие сүйеді. Демек, біз де өз-өзімізді сүюіміз керек. Ойға алғанның орындаларына сенуіміз қажет. Автордың оқырман көкейіне қондырғысына келген идеясы – қоғам аяқтан шалып не өмір жолында төтеден төнетін керітартпа жағдайлардан жасқанбай, күресу, сүйікті екеніңді қаперде ұстау, әр адамның ақ тілегі қашан да орындаларына иек арту.
Ақынның енді бір топ өлеңдерінде философиялық астар тым басым, тым терең. Сондықтан өлеңді әр оқырман өз деңгейінде, өз биігінде түсінеді.
Қайдан келдім, қайда ғана қамалдым?..
Аяп кеттім Анамды...
...Ойлар кімнен қайда, қалай ауады?
Сөз жаңбыры қайдан келіп жауады? - деген сияқты өзін де, өзгені де ойландыратын сауалдар арқылы адам өмірінің шытырманын су бетіне шығарады. Автордың бұл өлеңінде экзистенциализм ілімінің ізін көреміз. «Қайда келдім? Қайдан келдім?» деген сұрақтар адамның өз өмірлік мәнін іздеуімен сарындас. «Түйсігіммен түртіп қалдым тылсымды» деген тіркестің өзін екінің бірі құрай алмайды. Осылайша, ақын өлеңдері мазмұнымен де, пішінімен де елден ерек.
Дәл осы сарынды «Әдемі» өлеңінен де байқаймыз. Мұнда да лирикалық қаһарманның толғанысы, шарқ ұрған төңкерісі бейжай қалдырмайды. Философиялық ұшқын оқырманның да санасын шарпып өтеді.
Қайдан келдім?
Қайда менің қанатым?
Кім біледі кеудемдегі Жан атын?
Кімде, қандай болады екен бұл сезім,
менде ғана болатын? - деп толғаған жан өлеңнен өрмек өрген ақын ғана емес, әлем туралы, өмір туралы, өзі туралы ой елегінен өткізе білетін ойшыл қырынан да тани түсеміз. Ақынның бұл өлеңдерінен Шәкәрімнің ізін, Шәкәрімнің гуманизмін тірек еткен шәкірт-ақынның пайымын көңілге түйеміз.
«Риторикалық сұраулар» өлеңі де соны шығармалардың төрінен орын алады. Өмірдің сумақай да сұр тұстарын суреттей келе, далаға да, аспанға да, бұлттарға да жан бітіреді.
Дәуренімді өшірген алақайлы,
талай сұмдық көрсем де талапайлы,
мен әлемді кешірем.
Бірақ қалай,
жұбатамын іштегі балақайды?.. - деп өзінің ішкі қалауларын, бара армандарын, қиялдарын тұншықтырып тастаған адам жайын сөз етеді. Жауапсыз сұрақтар өте көп. Ақын тек соның бірсыпарасын ғана өлеңіне арқау еткен. Риторикалық сұрау әдісін көп ақынның өлеңдерінен байқаймыз. Бірақ дәл осылай бірінен соң бірін әрі байланысын үзбей қойылған тізбек сұрақтар – сирек.
«Жұмбақ» өлеңінің жауабы біреу болғанмен, көп секілді.
Сол үшін өмір өзі түзіледі,
Құдыреті содан ғана сезіледі.
Сол арқылы кезікпестер кезігеді,
Соны ғана қимастан көз іледі…- деген ең соңғы жолдарынан өлеңнің жауабы тағдыр ма деп қаласың. «Сол үшін шығады жолға бәрі, сол үшін құрбандық – қолда бары» дегенінен арман ба еді дейсің. Осылайша оқырманды әуре-сарсаңға салып, ойына ой қосқан ақын шеберлігінде шек жоқ дерсің.
Бәрі – жалғыз.
Тәңір де.
Ажал – бөлек,
Ар – бөлек.
Өмір мәні, тегінде,
өрмекші мен көбелек...- деп төгілетін «Жалғыз» өлеңі әсірелеуден ада, әспеттеуден алыс, реалистік шығарма десек те болады. Расымен де, құжынаған адамның ішінде жүрсек те, бізді шын мәнісінде түсінетін жандар жоқтың қасы. Бәрінің бір-бір басында мұңы бар, жарасы бар, жығылғаны бар. Өмірдің өзін өрмекшінің торына түскен көбелекке балағаны өмірдің күрестен тұратынын, сақ болу, аяқты абайлас басу керегін ескертіп тұрғандай.
А.Елгезек өлеңдерінің көбінен «нұр», «әлем», «аспан» сөздерінің қайталануын көреміз. Олар ақын шығармаларының басты қазығы, тақырыпты бір арнаға тоғыстырған символдар іспеттес. Метафора, теңеу, метонимия сияқты көркемдік ерекшеліктер аз болса да, ақын идеясы, ақын көтерген тақырып оның орнын басады. Қара өлең, аралас ұйқасқа құрылса да, 7-8, кейде 3-4 буынға құрылса да, аз сөз арқылы көп мағынаны көкейге қондыра білген ақын шеберлігі саралана түседі. Ақын өлеңдерінен бір-біріне қарама-қарсы жайларды қатар қойып суреттеуі, көбіне дерексіз, абстрактілі нәрселерді тілге тиек етуін байқауға болады.
Ақберен Елгезек өлеңі арқылы өмірді суреттейді, оның асты-үстіне үңіледі, қатпарларына көз жүгіртеді, тереңіне бойлайды. Сол арқылы өзін оқушы оқырманға кең ойлауды, көп ойлауды насихаттайды. Оның өлеңдеріндегі уақыт пен кеңістік адам санасының ішінде, жүрегінде немесе аспан мен жерде жүріп жатады. Ақберен Елгезектің шығармаларын өзі секілді жаны бай, жүрегі қырағы оқырман ғана түсінеді.
Балым Бекзатқызы
Пікір қалдыру