Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Ресей мен Өзбекстаннан электр энергиясын сатып алуға қатысты түсінік берді.
— Біз Ресейден электр энергиясын екі жағдайда сатып аламыз, яғни тапшылықты жабу үшін және жоспарланбаған ағын жағдайында. Жоспарланбаған ағын жағдайы электр жүйесінің жұмысында ауытқу болғанда туындайды. Бұл жағдайда әртүрлі төлем режимі қарастырылған. Ресеймен келісім аясында 150 мегаваттқа дейін электр энергиясын өз құнымен сатып аламыз. Егер ауытқу 150 мегаваттан асса, диспетчерлеу және «Россети» желілері бойынша қосымша транзит төленеді. Сондай-ақ, энергия тапшылығын жабу үшін нарық субъектілері жүзеге асыратын жоспарлы ағындар бар. Шартқа байланысты баға әртүрлі. Егер біз электр энергиясын Ресей Федерациясынан белгіленген диапазонда сатып алсақ, оның орташа құны 1 киловатт сағатына шамамен 8 теңгені құрайды. Егер біз осы диапазоннан асып кететін болсақ, онда баға киловатт сағатына 23,8 теңгеге дейін өседі, — деп түсіндірді Алмасадам Сәтқалиев Мәжілістің жалпы отырысында.
Министрдің айтуынша, Қазақстан электр энергиясын көп тұтынатын уақытта көршілес елдерден қымбат бағамен сатып алуға мәжбүр.
— Өткен жылы ішінара Өзбекстаннан сатып алдық, сонымен қатар Ресейден де сатып аламыз, орташа бағасы, яғни киловаты сағатына 48 теңгені құрайды. Бірақ бұл тарифтің қымбаттауына әкелмейді. Неге? Себебі бұл мәжбүрлі сатып алу, оның басқа жолы жоқ. Әйтпесе, ішкі тұтынушыларға шектеу қоюға алып келер еді, — деп толықтырды ведомство басшысы.
Пікір қалдыру