Қазақстан мұнай құбырына жасалған шабуылына қатысты келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров мәлім етті.
— Украиналық тараппен байланыстамыз. Бұл мәселе бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Жалпы КТК бойынша ресми ұстанымды Энергетика министрлігі мәлімдеді, ал украиналық тараптың хабары бар. Олардың қатысуымен келіссөздер жүргізіліп жатыр, — деді Әлібек Қуантыров Мәжіліс қабырғасында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.
Еске сала кетсек, биыл 17 ақпанда Каспий құбыр консорциумының мұнай айдау стансасына дронмен шабуыл жасалды.
Кейін Энергетика министрлігі КҚК-ға жасалған кезекті дрон шабуылына қатысты түсінік берді.
Сондай-ақ Каспий құбыры консорциумына келген шығын кәсіпорынның өз есебінен өтелгені айтылды.
24 наурызда Каспий құбыры консорциумына дрон шабуылынан кейін мұнай айдау станциясын қалпына келтіріп жатқаны туралы хабарлаған едік.
Пікір қалдыру