Желіде бірнеше күн бұрын Ay Yola музыкалық жобасының Homay композициясы тарады. Ән башқұрт тілінде айтылған. Ол бір күнде хитке айналып, қазақстандықтар арасында кеңінен танылып жатыр.
Ay Yola тобының Homay әні 14 наурызда шықты. Әннің сөзін Диана Кильдина жазған. Осы уақыт ішінде Ay Yola YouTube-арнасындағы бейнебаян 930 мыңнан астам қаралым жинаған. Сондай-ақ әннің бірінші шумағын ғана қамтитын мыңдаған видео ғаламторға тарап кетті.
“Ay Yola-ның Homay әні екі күннен бері ойымнан кетер емес. Оны қайта-қайта тыңдап жүрмін. Әр жолы маңызды нәрсені сезінемін. Оның не екенін нақты түсіндіре алмаймын. Бірақ ол менің генетикалық жадымдағы бір сұраққа жауап бергендей”, “Осы әнді тыңдасам қатты толқимын. Башқұрт немесе татар емеспін, қырғызбын, бірақ бұл ән маған жақынырақ сияқты”, “Homay-ды қайталап тыңдап отырмын. Ән арқылы терең тарихымызды еске түсіремін. Ата-бабаларымыз басынан өткерген кезеңдерді көз алдыма елестетемін”, “Башқұрттардың Ay Yola тобы жазған Homay әні желілерде кеңінен тарап жатыр. Бұл атау башқұрттардың "Орал-Батыр" эпосынан шыққан мифтік Хомай құсына қатысты. Түркі халықтарының мифологиясында Хомай құсы ("Хумо") Ұмай тәңірімен байланыстырылған сәттілік пен бақыт символы. Енді бұл трек түркі халықтарының бәрінің плейлистінде бар", – деп жазды желі қолданушылары.
Пікір қалдыру