"Қазақфильм" жері сатылды ма — Аида Балева қауесетке нүкте қойды

/uploads/thumbnail/20250326125251515_big.webp

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева "Қазақфильм" жерінің сатылғанына қатысты ақпаратты жоққа шығарып, ел арасында жүрген қауестке нүкте қойды.

Министр киностудияға байланысты ақпарат қоғамда қызу талқыға түскенін ашық айтты. Сондай-ақ қазақстандықтардың "Қазақфильмнің” тағдырына алаңдаушылық білдіргеніне қуанғанын да жасырмады.

“Ең алдымен айтарым, кино саласына қатысы бар тұлғалардың киностудия төңірегіндегі процестерге қатысты өз пікірін білдіруге құқығы бар. Алайда ақпарат таратқанда тек фактілерге сүйенуге кеңес беремін. "Заң мен тәртіп" қағидаты баршаға ортақ, ал оны елемеу тиісті заң аясында жауапкершілікке әкеліп соғады. Біріншіден, "Қазақфильм" жерінің сатылуы жөніндегі ақпаратқа қатысты. Бұл мәселе төңірегіндегі негізсіз қауесет біржола тоқтатылуы тиіс. "Қазақфильмге" тиесілі жерлер киностудия иелігінде қала береді. Жер сатылған жоқ және тек кинематография мүддесі үшін пайдаланылып жатыр”, – деп жазды Аида Балаева.

Ол киностудияны жөндеуге қомақты қаржы салуға дайын инвесторлар жайлы ақпараттың расталмағанын атап өтті. Айтуынша, Мәдениет және ақпарат министрлігі нақты инвесторлармен жұмыс істеуге дайын болғанымен, әзірге ешқандай нақты ұсыныс, бірде-бір кепілдік хаты жоқ. Барлығы тек әңгіме деңгейінде.

Министр киностудияның Астанаға көшу мәселесіне қатысты пікір білдірді. 

“Бұл да ешқандай негізі жоқ қауесет. Қазіргі уақытта елордаға "Қазақанимация" шығармашылық бірлестігін көшіру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Мұнда маңызды жайт – "Қазақанимация" өндірістік база емес, анимациялық контент жасауға тапсырыстарды бөлетін құрылым. Сондықтан оның Астанаға көшуі саланың жұмысына еш кедергі келтірмейді. Өкінішке қарай, кейінгі бес жылда елімізде сапалы анимациялық фильмдер түсірілген жоқ. Осыған байланысты анимациялық индустрияны Креативті индустриялар қорының аясында дамыту орынды болмақ. Қор құрылымында анимацияны дамытуға бағытталған креативті хаб жасақталып жатыр”, – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі.

Аида Балаеваның айтуынша, Президент қол қойған жаңа заңға сәйкес елімізде фильмдерді қаржыландырудың жалпы көлемінің кемінде 30%-ы жыл сайын тікелей "Қазақфильмге" бағытталады. 

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар