1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұл — Қазақ билігі баса дәріптейтін мәртебелі мерекенің бірі. Ал оның мәні мен мағынасы, тарихы мен салмағы тым ауыр және тағдырлы.
Бұл бірлік — Сырым мен Исатайдың, Кенесары мен Наурызбайдың басын жұтқан, сан миллион қазақты аштан қырған, бордай тоздырған, Алаш арыстарын түп-тұқиянымен тұздай құртқан зұлмат заманның тыртығы түскен трагедиялы бірлік. Бассыз, бағдарсыз қалған біздің ел қару көтергенді де, қазан көтергенді де, балта көтергенді де, балға көтергенді де ерікті, еріксіз бауырына басқан бірлік. Жебірлері жер анамыздың төсінен қан ағызды. Аш арықтары бір жұтым сүттің жартысын ішті. Білімдісі білімін бөліссе, іріңдісі Алаштың ағзасына жара салды. Қырғыз деді, қайсақ деді, бұратана деді… Қас ниеттер үшін қазақтан қор халық болған жоқ. Сайланып келгені де, айдалып келгені де бірте-бірте өзін қожайын сезінді. Баба қонысқа Батыстан келген славян тектілер, сотталғандар мен соғыс тұтқындары, Шығыстан келген тілдес, діндес тұрғылықтылар тамыр жайды. Қызды-қыздымен бұл күнде «130 ұлттың ұйығына айналдық» деп мақтануға жеттік.
Иә, көпұлттылық кемшілігіміз емес, артықшылығымыз болуға тиіс. Шынында да, ұрандатарлық «Ұлы» сөз. Сондайда “129” ұлтты бауырына басып, төріне отырғызған Қазақ деген қандай Ұлы халық деп таңғаласың. Өкініштісі, жерін, төрін, нанын, барын берген «Нормальный», «Великий» қазақтың тілін «Не нормальный», өзін «Мамбет» санайтындар да жоқ емес. Тіпті Президенттің соңғы сөзінен соң өз елінде, өз жерінде, баба қонысында Мемлекеттік тілді талап еткен қазақ «мәжбүрлеуші», «арандатушы» аталып отыр. Солай болмасын деп дабыл қаққанымыз далаға кеткендей болды. «Еститін мемлекет», «Әділетті Қазақстан» әлі де жалаң ұран, арзан пиардан аспай отыр. Алашты алаңдатқан «Тіл жарасы», «Дін таласы», «Діл аласы» айғайлап айтуға болмайтын, сыбырлап қана күңкілдейтін тақырыпқа айналды. Асылы, «шын бірлік» бар жерде мұндай сыздауықтардың сыры зерттеліп, емі ашық талқылануға тиіс. Елдің тыныштығы тек Қазаққа ғана керек болса, “бірлік” деген сөзді ұмытқанымыз жөн…
Ал шынайы бірлік титулды ұлтты бар болмысымен қабылдап, құндылығына құрметпен қарағандарда ғана болады. Іштегі отандастарымыз үшін ғана емес, сырттағы Құдайы көршілерімізге де осы принцип өлшем болуы қажет.
Қазақстан халқы бірлігінің алтын діңгегі қазақтың «толеранттылығы» емес, тілі болуы шарт. Өйткені «Төзімділіктің» шегі бар. Ал Тіл құдіретінің шегі жоқ!
Өкініштісі, елдегі ұлттық идеология тым ақсап тұр. Саяси технологтар да “көнерді”, қазақтың күнделікті өмір шындығынан бейхабар. Мысалы, “Мәжбүрлемеу” сөзін қазақ тілділерге сыпайы жеткізіп, Мемлекеттік тілдің табан тірер тиянақ, таразы басар Заң екенін орыстілділерге қадап айтса, ешкім ренжімес пе еді?
Қалай десек те, Мереке құтты болсын! Бірліксіз тірлік болмайтынын, титулды ұлттың тынышы кетсе, Елдің ырысы кететінін ешкім ұмытпасын!