Акбар Аюби: Ауғанстанда туып, Иранда өскен, даниялық қазақпын!

/uploads/thumbnail/20250501152933864_big.webp

- Тегім қазақ. Елде зұламат аштық жылдары аталарымыз Қызылорда өңірінен Ауғанстанға қоныс аударады, балалық шағым осы жерде өтті. Кейін 1979 жылы Ауғанстанда соғыс басталып, 2 жылдан соң Иранға көшуге мәжбүр болдық. Тек 1988 жылы ғана Данияға табан тіредік. Сол уақыттан бері Дания біз үшін құтты мекен.- деп бастады әңгімесін Акбар мырза.

- Данияға көшкенде алғаш алған әсеріңіз қандай болды?

- Жаңа ортаға бейімделу мен үшін өте қиынға соқты, Еуропаға көшкенімізде бар болғаны 15-те едім. Таңсық орта, таныс емес адамдарға қарап өз достарымды қатты сағынатынмын. Екіншіден, Таяу Шығыстан бірден Еуропаға қоныстану қоғамның алуан түрлі болатынын танытты. Мұсылман елінде мен үшін қалыпты болған дүние Данияда мүлдем норма болып саналмайды. Мысалы, адамдардың киім киісі де екі елде өзгеше еді. Әсіресе, әйелдердің еркін өмірі мені таңғалдырды. Үшіншіден, Иран бермеген білімді Дания маған 1 аптада қолжетімді етті. Бірден мұғалімім келді, алғаш тіл үйрену курсына бардым. Бір жыл бойы шетелдіктермен бірге оқып, дат тілін үйрендім. Иранда тұрмыстық жағдайымыз қиын болғандықтан кез келген қара жұмысты істеуге мәжбүр едім. Ал Дания мен үшін жаңа әлем есігін ашты. Бұл елде экономикалық жағдай тұрақты. Жұмыссыздар мен білім алушыларға арналған төлемақы бар. Әлеуметтік көмек түрлері бізге де жергілікті тұрғындарға берілетін мөлшермен пара-пар болды.

- Дания сіз үшін жаңа қоғамға бейімделу ортасы болғаны түсінікті. Ал үлкен өмірге Алматы қаласында қадам басыпсыз. Сіздің студент шағыңыздан бері қаламызда нендей дүние өзгеріпті, қандай өзгеріс байқадыңыз?

- Даниялық оқушылар мектеп қабырғасында 9 жыл оқиды. Ал мен осы оқу бағдарламасын 1 жылда меңгеруім керек болды, қатарластарымнан қалмауым қажет. Бір жылда биология, химия секілді өзім мүлдем білмейтін қиын пәндерге басымдық бердім. Кейін 3 жыл гимназияда білім алдым. Даниялық түлектер мектепті тәмамдаған соң 1 жыл университет алдында өмір тәжірибесін көру үшін шетелде немесе ел ішінде жұмыс істейді. Бұл сол елдің жазылмаған заңы десем болады. Қазақстан егемендік алғанын естіп, Тарихи отаныма баруға деген құлшынысым ашылды. Тарихшы Манаш Қозыбаев Данияға келген жылы өзімнің қандасымды көріп, студент шағымды Қазақ елінде өткізгім келетінін түсіндім. 1994 жылы Данияның Арал теңізін құтқаруға байланысты құрған тобымен бірге Алматыға келдім. Бұл қала мен үшін өте ыстық. Жастық шағымның жаз дәурені осы жерде өтті. Болашақ жарымды да Алматыдан таптым. Бұрынғы қала мен қазіргі қаланы салыстыру, әрине, қиын. Экология, экономика, адамдар бәрі де өзгерген. Қаланың инфрақұрылымы дамығанына қуаныштымын, бірақ ауаның ластанғаны, қаланың экология проблемасы ушыққаны кынжылтады.

- Сіз үшін туған жер ұғымы нені білдіреді?

- Мен үшін туған жер ұғымы түрлі мағына береді. Туған жерім Ауғанстан, балалық шағым Иранда өтті, кейін Данияға қоныс аударып, сауатымды аштым. Ал түп тамырым қазақ. Сондықтан, санам дат халқымен бірдей болып кетсе де, жүрегім қазақ деп соғады. Тарихи отаным мен үшін әрқашан маңызды болып қала береді. Даниялықтар үшін менің қазақ екенім ғана белгілі. Ал балалық шағым қай жерде өткені, кейін қайда қоныс аударғаным маңызды емес. Мен үшін де ата-бабам көрген, кіндік қаным тамған жер жақын.

- Дания демократиясы Еуропа елдерінің ішінде демократиясы дамыған мемлекеттердің бірі. Халық билігінің деңгейіне сіз қалай баға берер едіңіз?

- Дат халқы ретінде бір баға берсем, өзге мемлекет халқы ретінде басқа баға беремін. Жергілікті халық үшін демократия бар, бірақ толық орнықпаған, қоғам толық ақпараттанбаған. Көршілерімізбен салыстырсақ, Германия, Норвегия, Скандинавия елдеріне ұқсаспыз. Алайда Шығыс Еуропадағы жаңа мемлекеттерге қарағанда бізде әлеуметтік проблема аз, демократия тұрақталған. Осы тұста халқымыз билікке қаншалықты жақын деген сұрақ туындайды. Диктатура мен демократияның аражігін ажырату әр ел үшін маңызды. Билік халық дауысына мұқтаж болған соң, саясатын ашық насихаттайды, бағасын беру қарапайым қарашадан. Соған қарамастан Данияда сөз бостандығы бар деуге болады. Бастысы айтар ойың өзгенің жеке шекарасына өтпесе, құқықтарын таптамаса болғаны. Билікке қарсы пікір білдіруге шектеу жоқ.

- Ендігі кезекте сіздің кәсібіңізге қатысты сөз қозғасақ. Еуропада жел энергиясын тұтыну қаншалықты тиімді, осы процеске баға бере кетсеңіз. 

-  Еуропада, оның ішінде Данияда 2040 жылы 100% баламалы энергия көздерін тұтыну нарыққа енеді. Жасыл энергияға көшу саясатқа да, экономикаға да тиімді. Себебі мұнай, газ секілді сарқылатын табиғи ресурстарға тәуелді болмаймыз, шикізат өндіретін елдерге саяси тұрғыда масыл болмау басты мақсат. Елдегі жұмыссыздық деңгейін де ретке келтіре аламыз. Экологияға да табиғи энергия көздерін қолдану тиімді, залал келтірмей, өнімді нәтиже әкелетіні сөзсіз.

- Баламалы энергия көзін дамыту  Қазақстанға қаншалықты қажет?

- Менің тәжірибем жел энергиясына қатысты болғандықтан елге осы әдіс тиімді ме, қаншалықты қажет деген сұраққа жауап табу қажет. Жел энергиясы бүгінде қолданыстағы газ, көмір, мұнай секілді пайдалы ресурстардан басым болуы үшін олардың айырмашылығын атасақ. Данияда 1 киловатт электр энергиясы 200 теңге, ал Қазақстанда шамамен 30 теңге. Жел энергиясы Данияда аталмыш қуат көзіне қарағанда тиімді. Сондықтан оны тұтынған да қолайлы, бірақ Қазақстанға баламалы энергия көзін қолданысқа енгізу қымбат болады. Билік бұл тарапта субсидия бөліп, жеке кәсіпкерлерді қаржыландыруы керек. Алайда елімізде жаңа жобалар қаншалықты қолдау табады деген проблемамен қайта бетпе-бет келеміз. Мәселен, қазір Қытайдан да жел энергиясын тарататын қондырғыларды әкеліп, пайдаға асырып жатыр. Сондықтан менің технологиямды Даниядан тасымалдау шығын болуы мүмкін. Сонымен қатар Қытай компаниялары әрқашан билікпен бірге, егер олар өз технологиясын бізге ұсынып, біз пайдалансақ көршіміздің саясатын белгілі бір деңгейде ұстануға мәжбүр боламыз. Мемлекеттік сараптама мен есептің маңызы осыда. Экономиканы реттей жүріп, саясатты ақсаңдатып алмасақ игі.

- Сіз Данияда жел энергиясын тұтынуды жобасын қолға алғанда билік қаншалықты қолдау көрсетті?

- Дания билігі менің жобамды емес, жел энергиясын тұтыну идеясын дамытуға қолдау көрсетті. 1970 жылдың басында арабтар мен израильдықтар арасында соғыс басталып, мұнай жолы жабылғанда Еуропа үлкен дағдарысқа ұшырағаны тарихтан белгілі. Осы кезде баламалы энергия көздерін пайдалану идеясы жиі көтерілді. Оны Алғаш нарыққа енгізген Дания болды. Үлкен қаражатты талап ететін жоба болғандықтан көбінің қолынан келмеді. Мемлекет мамандарға, инженерлерге субсидия бөліп, материалдық тұрғыда көмектесті. Сондықтан бұл саланы дөңгелету мен біз үшін қиын болмады.

- Даниядағы қазақ диаспорасының жағдайы қалай, қазақы мәдениет дәріптеле ме?

- Дания қазақ мәдени орталығының құрылғанына 25 жыл болды. Еуропаның басқа да қазақ мәдени орталықтарына қосылу үшін біз Дания қазақтарымен біріктік. Өз салтымызды, мәдениетіміз бен атаулы мейрамдарымызды ұмытпай насихаттай жүреміз. Бұл біз үшін үлкен коммуникация ортасы. Жылына үш рет бас қосып, балаларымыздың байланысын нығайтуға тырысамыз. Дат халқының ортасында жүрсек те өз ғұрпымызды естен шығармауымыз керек. Дания билігі бізді қаржыландырып отырады. Яғни, мемлекет өзге ұлт өкілдеріне, мәдени орталықтарға қарсылық танытпайды. Бұл елдің тұтас бірлігін сақтауға да көмектеседі.

Әңгімелескен «Қамшының» Қос өрімі: 

Қарақат Дүйсен

Мөлдір Түктібай

Қатысты Мақалалар