Тараз саябағындағы аттракциондар заңсыз жұмыс істеп жатыр

/uploads/thumbnail/20250624114817749_big.webp

Тараз қаласындағы Жеңіс саябағында орналасқан жиырмаға жуық аттракционның тиісті рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істеп жатқаны анықталды. Олардың қатарында құны 80 миллион теңгені құрайтын алып шолу дөңгелегі де бар.

Аталған аумақ 2019 жылы "Жасыл ел Тараз" коммуналдық қызметі арқылы жергілікті кәсіпкерге үш жыл мерзімге жалға берілген. Алайда кейіннен бұл келісімшарттың заңсыз жасалғаны белгілі болып, жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылған. Соған қарамастан, кәсіпкер аттракциондарды пайдалануды тоқтатпаған.

Биыл көктемде кәсіпкер шолу дөңгелегін өз бетімен орнатып, құрылыс жұмыстарын бастаған. Қала әкімдігі тарапынан бірнеше рет ауызша және жазбаша ескерту жасалғанымен, ол ескертулерге мән бермей, қызметін жалғастыра берген. Осыған байланысты жергілікті билік сотқа жүгінуге мәжбүр болды.

— Осы жылдың наурыз айында шолу дөңгелегінің құрылысы басталды. Біз әкімдік және жергілікті полиция тарапынан үш мәрте ескерту жасадық. Жер телімі мемлекет меншігінде екенін және кез келген құрылысқа арнайы рұқсат қажет екенін түсіндірдік. Бұл талаптар сотқа жолданған талап-арызда да нақты көрсетілген, — деді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Исабеков.

Қазіргі таңда әкімдік заңсыз орнатылған аттракциондарды алып тастап, аумақты босатуға күш салып жатыр. Іс сот қарауында.

Қатысты Мақалалар