Құрылтай, Кеңес – кезекті жиын, Өзгеретін Ата заң – негізгі түйін!

/uploads/thumbnail/20260123152004746_big.webp автор

Құрылтай, Кеңес – кезекті жиын,

Өзгеретін Ата заң – негізгі түйін!

Алдағы бір палаталы Парламент Құрылтай деп аталады. Құрылтайдың Парламенттен өзгешелігі:

1. Депутаттар саны бұрын 148 еді. Енді 145 болады.
2. Депутаттар партиялық тізіммен 5 жылға сайланады.
3. Конституциялық соттың, Жоғары аудиторлық палатаның және Орталық сайлау комиссиясының құрамын жасақтау, Жоғарғы соттың барлық судьяларын сайлау құзіреті Құрылтайға берілуі мүмкін.
4. Парламенттегі Президент квотасы жойылады. Депутаттардың ішінде арнайы тағайындалған «таңдаулы тұлғалар» болмайды. Олар бәріне бірдей, ортақ тәртіппен сайланады. Соған сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясының арнайы квотасы алынып тасталады. 
 

Қазақстан халықтары ассамблеясы мен Ұлттық құрылтай таратылады. Орнына «Халық кеңесі» құрылады. Ол мемлекеттің жоғары консультативтік органы мәртебесіне ие болады. Кеңесті 126 адамнан жасақтап, оған этномәдени орталықтардың 42 өкілі, ірі қоғамдық бірлестіктердің 42 өкілі және мәслихаттар мен аймақтардағы қоғамдық кеңестердің 42 өкілі қосылады. Халық Кеңесінің барлық мүшесін Президент тағайындайды. Ал төрағасын оның мүшелері сайлайды. Кеңес төрағасының қоғамдық негізде жұмыс істеп, ротация арқылы тағайындалатын екі орынбасары, сондай-ақ хатшылық меңгерушісі болады.

«Халық кеңесінің» ерекшеліктері:

1. Заң шығаруға бастамашылық ету құқығы беріледі.
2. Жылына кемінде бір рет шақырылатын сессия Халық Кеңесінің жоғары органы рөлін атқарады.
3. Қазақстан халқы Ассамблеясының этносаралық және конфессияаралық келісім мәселелеріне қатысты негізгі қызметі Кеңеске беріледі.
4. Ішкі саясатты жетілдіру, мемлекеттік идеология мәселелері, Конституцияның және еліміздегі өзге де аса маңызды құжаттардың ережелерін түсіндіріп, насихаттау жұмысы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін, мемлекеттік маңызы бар басқа да гуманитарлық форумдарды өткізу құзіреті болады.
5. Халық Кеңесінің мәртебесі мен оны құру тәртібі Конституцияның арнайы бөлімімен және конституциялық заңмен реттеледі.
Вице-президент лауазымы пайда болады. Оны Президент Құрылтайдың келісімімен тағайындайды. Вице-президент Президенттің тапсырмасы бойынша:

1. Халықаралық форумдарда және шет мемлекеттер делегацияларымен өткізілетін келіссөздерде Қазақстан Республикасының атынан өкілдік етеді;
2. Парламентте Президенттің атынан өкілдік етеді;
3. Еліміздің және шетелдердің қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдарымен қарым-қатынас орнатады;
4. Президенттің басқа да тапсырмаларын орындайды. 
5. Вице-президенттің қызметтік міндеттеріне қатысты осы негізгі ережелер Конституциямен бекітілуі мүмкін.
 

Конституцияға өзгерістер енеді. Мұны Президент «Бастапқыда Парламенттік реформа аясында Ата заңның 40-қа жуық бабын өзгерту жоспарланған еді. Алайда, жұмыс барысында түзетулер саны әлдеқайда көп екені белгілі болды. 2022 жылғы реформада Ата заңның 33 бабы жаңарғанын білесіздер. Ал ендігі өзгерістер одан да ауқымды. Біз, шын мәнінде, жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар қадам жасағалы тұрмыз» деп түсіндірді. Яғни еліміздің бас құжаты түгелге жуық өзгеріске ұшырамақ.  
«Біз Ата заңның Преамбуласын ұлттық құндылықтарымызды айшықтап, қанша заман өтсе де, өзекті болып қала беретіндей етіп қайта жазуымыз керек. Онда қазақ жеріндегі өркениет пен мемлекеттіліктің тарихы терең екені нақты көрініс табуға тиіс. Сол арқылы біз Қазақстанның Ұлы даладағы ұлы мемлекеттердің мұрагері екенін паш етуіміз керек», - деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысының бұл сөзін Ұлттық мемлекет құрудың ұстанымы деп қарауға болатын сияқты.

Дегенмен, Ата заң:

1. Бастан-аяқ қазақ тілінде жазылса;
2. Мемлекет құрушы ұлт пен Мемлекет құраушы этнос өкілдерінің статусы айқындалса;
3. Мемлекеттік қызметкерлердің Мемлекеттік тілді білуі міндеттелсе;
4. Назарбаев тұсында қабылданған мемлекет мүддесіне қайшы келетін келісім-шарттарға өзгеріс енгізу және шетелге кеткен капитал мен активтерді қайтару тетігі енгізілсе;
5. Заң шығару, атқару, сот өкілеттілктері теңестіріліп, бір-бірін қадағаласа, Парламент пен Сот билігі тәуелсіз болса;
6. Халықтың әділетті сайлау және сайлану құқығы, Мажоритарлық сайлау жүйесі сақталса;
7. Тәуелсіз партия құру құқығы әділетті бекітілсе;
8. Мемлекеттік тіл мәртебесі нақтыланып, орыс тілінің «ресми қолданылу» статусы жойылса:
9. Шетелдегі этникалық қазақтардың елге оралып, жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алуы бір жола тұрақты бекітілсе;
10. Шетелдік өзге ұлт өкілдерінің Қазақстан азаматтығын алу тәртібі қатаңдатылса; Қазақтың тілін, тарихын, салт-дәстүр, әдет-ғұрпін білу талабы басты орында болса;
Азаматтық қоғам өкілдері осы және т.б. адам құқығы мызғымастай қорғалуға тиіс ұсыныстарды Ата заңда бекітілсе деген талап-тілегін айтуда. Егер шын мәнінде «Жаңа Конституцияға» пара-пар өзгеріс жасап жатсақ халық тілегі ескерілгені жөн деп есептейміз. Әйтпесе сан мәрте өзгеріске ұшыраған басты құжатымыздың мәні мен мағынасы, беделі мен мәртебесі мүлдем құрдымға кеткелі отыр.

Айтпақшы, Қызылордадағы құрылтайда Президент Еуразиялық экономикалық одақ жөнінде де сөз қозғады. Одақ аясында еліміздегі кейбір салалар қысымға ұшырап отырғанын, экономикалық интеграцияның әділ жүргізілуі қажет екенін қадап айтты. «Үкімет ұлт мүддесін қорғау үшін барынша белсенді жұмыс істеуге тиіс. Тараптардың мүддесі әділ ескерілетін орта тұсты тауып, Қазақстанның ұстанымын дәйекті, кәсіби түрде қорғау қажет. Сонда ғана экономикамызды халықаралық нарықтағы бәсекеге барынша қабілетті ете аламыз», - деді Президент.

Қатысты Мақалалар