4 қараша күні Жамбыл облысы Қордай аудандық сотында «Қазақстанды Ресей Федерациясының бір губерниясы деп танып, жерін Ресейге қосу керек» деп әлеуметтік желілерде тұрақты түрде сепаратистік пиғылдағы жазбалар таратқан Ермек Тайшыбековтің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот басталған болатын. Қазақ жерін талан-таражға салуды көксеген, сүттей ұйыған ел тыныштығын бұзуды аңсаған жау алыстан келмеді. Өз ішімізден шықты. Сол іштен шыққан жаудың арам пиғылын ерте бастан аңғарып, жар құлағы жастыққа тимей тиісті мемлекеттік органдарға дабыл қаға жүріп, үстінен іс қозғатқан, қылмыстық істі сотқа жеткізуге басты себепкер болған жан – қоғам белсендісі БОТАГӨЗ Зарқынқызы. Қазақстандағы ресейшіл сепаратизм насихатшысы Ермек Тайшыбеков сотының барысы, жалпы елдегі сепаратистік пиғылдағы ұйымдар мен жекелеген адамдардың қызметі туралы Ботагөз Зарқынқызымен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

Ботагөз ханым, Сіз Ермек Тайшыбековпен қалай таныс болып жүрсіз? Оның қазір сот процесіне себеп болған заңға қайшы қылықтарын қалай байқадыңыз?
Тайшыбеков көбінесе Фейсбук, ВКонтакте әлеуметтік желілерінде, «Зона.kz» сияқты Ресейдің саясатын қолдайтын қазақстандық интернет-ресурстарда, Ресей ақпарат құралдарында сарапшы ретінде Қазақияға деген пікірлерін жиі айтып жүретін адам. Аудиториясы көп тұлғалардың парақшасына кіріп, өз насихатын жүргізеді. Басында көп адамдар оған назар аударған жоқ еді. Мен өз басым Украинадағы жағдайдан кейін Қазақия жерінде сепаратистік пиғылдағылардың көбейгенін байқадым да, Тайшыбековке назар аудардым. Мен өзім 2012 жылы «ВКонтакте» желісінде «Вернем Северный Казахстан России», «Северный Казахстан Российская земля» деген топтарды Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Бас прокуратураға хат жазып жүріп жаптыртқанмын. Содан кейін кішкене де болса бір тәжірибем болды.

Әлеуметтік желілерде насихат жасау - қазіргі күннің ақпарат соғысының бір маңызды бөлшегі екендігін Украинадағы жағдай талай дәлелдеді. Мен сол кезден бастап оның жазбаларын оқып, сақтап, құқық қорғау органдарына жіберіп отырдым. Оған қарсы жазған арыз-шағымымды үш жүздей адам қолдап, қол қойды. Өкінішке орай, біздің қоғамда Тайшыбековті қолдайтындар да көптеп табылды. Әлеуметтік желілерде оның жүктеген видеоларын жарты миллионнан астам адам көріп, оны жақтап алуан түрлі пікірлер жазған. Оның ішінде, әрине Қазақияда тұрып жатқан , Қазақстанды мемлекет деп санамайтын, заңын сыйламайтын, үкіметтің қызметіне қанағаттанбайтын адамдар және Ресейде, Израильде, Украинада және т.б. мемлекеттерде өмір сүріп жатқан орыстар бар.. Жазбаларында, видеоларында Тайшыбеков: «Қазақстанда өмір сүріп жатқан орыстардың құқығы шектеледі. Заңды түрде болмаса да, іс жүзінде бар. Біріншіден, мұндағы орыстар тіл жағынан қысым көруде. Қазақстанда мемлекеттік тіл тек орыс тілі болуы керек. Себебі, мұнда өзге ұлттардың саны көп. Сондықтан солардың сұранысын қанағаттандыру керек», – дейді. Мен оның парақшасындағы осы видеоларды көргеннен соң, оның өзіне жеке жазып, басқа мемлекеттерді мысалға келтіріп, түсіндіруге тырыстым. Осындай тайшыбековтардың Қазақия жерінде пайда болуы да жай емес деп ойлаймын. Белгілі себептері бар. Біріншіден, Ресей Думасының вице-спикері, В. Жириновский бірнеше рет Қазақстан Украинадан кейін Ресей Федерациясының Оңтүстік-Сібір округі болады деп ақпарат құралдарында айтып жүрді. Екіншіден, шыны керек, қазақ халқының ұлттық санасының толық қалыптаспау деп санаймын. Көрші Өзбекстанда «орыс болғың келсе, ең бірінші қазақ бол» деп бекер айтып жүрген жоқ. Мәселені тек биліктің саясатына сілтеуге болмайды. Қазақтың ұлттық санасы жоғары болса, айтылған мәңгүрттер, осылай бас көтермеуші еді. Жаңағы Тайшыбековтың мекен жайы нағыз қазақи Жамбыл облысы Қордай елді мекені. Оның белсенді әріптестері Ерлан Есеналиев деген Қордайдың жігіті, Әмір Қасенов Талдықорғанның тұрғыны, Қайрат Байгереев деген орыс шіркеудің попы, Алматы облысының Қарасай аудандағы Үш қоңыр ауылында тұрады. Намысты болып, қазақша сөйлеп, балаларымызды қазақ мектептерге берсек, қазақ теледидарын, радиосын бала-шағамызбен бірге тыңдап рухымызды көтерсек, бірлік, ынтымақта болсақ, мұндайға жол белме едік.
Сол, бұрынғы КСРО республикаларында, жергілігті ұлт өкілдері өз тілін, дінің құрметтеуде. Басқа ұлт өкілдері ол елдерде: «Біздің тіл – ресми тіл болуы керек» деп ешқашан мәселе көтермейді. Ал, Қазақия жерінде Кремль біздің мәңгүрттерді пайдаланып, халықаралық құқықты, моральдық нормаларды аяққа таптап, Украинадағы сценарийді Қазақия жерінде қайталауға күш салуда. Тайшыбековтер сондай арам пиғылдың құралы ғана.
Саналы адамның ақылына қонымсыз дүниелерді көкіп жүрген оның көздеген мақсаты қандай сонда ? Не ойлағаны бар екен?
Ермек Тайшыбеков өзін орыс жақтаушысымын деп санайтын адам. Оның көздеген мақсаты – Қазақстанды Ресейге қосу, Қазақстанды Ресейдің губерниясына айналдыру. Ол ғаламтор парақшаларында жүктеген видеоларында «Орыс болмаса, қазақ күнін көре алмайды», «Орыс тілі – мемлекеттік тіл болуы тиіс», «Қазақтарда мемлекет болмаған, олар көшпелі халық. Жалпы, «қазақ» деген халық жоқ. Ол бар болғаны бірнеше рудан құралған топ. Қазақтардың қазіргі өмір сүріп жатқан территориясы орыстың жері. Егер әділеттілікке жүгінетін болсақ, бұл жерді Ресейдің өзіне қайтадан беруі керек. Қазақстан өздігімен жеке мемлекет бола алмайды» деп екі жарым жыл бойы әлеуметтік желілерде, , «Зона.кz» интернет порталында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Өзінің айтуынша, осы бір-екі жыл ішінде құзырлы органдардан адамдар келіп, әңгіме құрған. Яғни, ол алдын-ала істеп жүргенінің заңға қайшы екені туралы ескертілген. Менің ішім ашитыны «Республика» порталы Тайшыбеков сияқтыларды ұлтқа шынайы қызмет етіп жүрген Серікжан Мәмбеталин, Ермек Нарымбаев, Арон Атабек, Владимир Козловпен салыстырып, «режимнің құрбандары» қатарына қосып отыр.. Сычев деген тағы бір азамат ШҚО-да сотқа тартылып жатыр. Өйткені, ол «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде «Қазақстанның Ресейдің құрамына кіруін кім қолдайды?» деп дауыс жинаған. Мұны біздің «Әділ сөз» деген қоғамдық ұйым жақтап отыр.Демократия десек де, Заңды бұзуға ешкімнің де құқы жоқ, деп ойлаймын. Содан кейін, осы Е. Тайшыбеков сияқтылар елімізде тату-тәтті өмір сүріп жатқан көптеген этнос өкілдерінің арасына жік салады, қазақ пен орыс халқын бір-біріне қарсы қоюы мүмкін. Мұндай арандатушылықтарға біз жол бермеуіміз керек!

Жаз айларында сол Е. Тайшыбековті жындыханаға жауып тастапты деген де әңгіме шығып еді...
Иә, Е. Тайшыбеков ұсталып, жауап алу кезінде менімен беттестіру болған еді. . Сөйтіп, Алматыдағы «жындыханада» бір ай тексеруден өтті. Сараптаманың нәтижесінде оның дені сау болып шықты. Бірақ, сол кезде ресейшіл журналист Андрей Щербаков нақты айтар болсам, «Регнум», «Комсомольская правда» басылымдарында: «Ермек Тайчибековты еркінен тыс «жындыханаға тығып, түрлі дәрілер беріп, бұрынғы Кеңес Одағында болған жазалау психотерапияныпайдаланып жатыр», – деп шу көтерді.

Жалпы кез-келген адам тұтастай бір мемлекеттің конституциялық құрылымына, аумақтық тұтастығына қараптан-қарап қарсы шықпайды. Не ол адам, жоғарыда айтылғандай, психикалық тұрғыда науқас болуы керек, не артында күшті «тоқпақтары» болуы қажет. Мына Тайшыбековтің қолтығына су бүркіп жүрген сондай демеушілері бар шығар, бәлкім?

Жоққа шығаруға болмайды. Қазақстанда оны қолдайтын «Мир без нацизма» деген ұйым бар. Ұйым Украинада белсенді жұмыс істейді, Брюссельде кеңсесі бар деген мәліметтерді естиміз. . Және оның өкілдері–Украинаның бөлінуін аңсайтын сепаратистік пиғылдағылар. Оны олар «Новороссия» деп атап жүр. Мен де Киевте болдым. Мен де Киевте болдым. Ешқандай орыс ұлттының өкілдерін қысым жасау немесе құқыларын шектеуді көрген жоқпын. Ал, қазір «Мир без нацизма» ұйымының филиалы Қазақстанда да ашылды. Оның жетекшісі Андрей Щербаков деген жоғары айтылып кеткен қазақстандық журналист ол туралы кезінде «Адам бол» журналына да жазған, «Зона.кz» сайтында сол ұйымды басқаратынын мойындаған. Айтайын дегенім, біздің бар жазығымыз – жеріміздің тұтастығын, еліміздің тәуелсіздігін, өз ана тіліміздің шын мәнінде мемлекеттік тіл болуын, қазақ мектептерінің көбеюін ойлағанымыз ба?! Біз ешқашан диаспора өкілдерінің құқықтарын жоққа шығармаймыз, тек Қазақия елінің адал азаматы, арам ойы жоқ бір бөлшегі болсын дейміз. Біз арнайы бір қозғалыста немесе партияда жоқпыз. Бірақ уақыт өте келе, ол болады деп ойлаймын. Қазіргі Украинаның жағдайынан кейін Қазақстан үкіметі, халқы, құзырлы органдары бұдан сабақ алуы керек. Сол тұрғыдан қарағанда Жамбыл облысының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылары, қызметкерлері менің өтінішімді қабылдап, сегіз ай бойы тергеу жұмыстарын жүргізіп, бес томдық материал жинап, істі сотқа жеткізгеніне алғысымды білдіремін. Бұл - біздің елдігіміз, ауызбіршілігіміз, егемендікке деген құрметіміз сынға түсетін сәт.

Ботагөз ханым, күні кеше басталған Е. Тайшыбековтің сотына қайта оралсақ. Жалпы, сот барысы қалай өтуде? Судья солқылдақтық танытып, Е. Тайшыбеков жазадан құтылып кетеді деп ойламайсыз ба?
Жақында соттың бірінші отырысы өтті. Өкінішке орай, айыпталушының адвокаты: «Тайшыбеков бес томдық соттың материалдарымен танысқан жоқ. Танысуға уақыт беріңіз», – деді. Ал, негізінде ол іспен танысқан, құзырлы органдар қоғамда осындай резонанс тудырған істе қателік жасамайды деп ойлаймын. Бірақ, неге екенін білмеймін, сот отырысты кейінге қалдырды. Адвокаты: «Әлі соттың нәтижесі шыққан жоқ. Сондықтан, уақытша ұстау изоляторында емес, әзірге үйқамақта отырса бола ма?» деп өтініш жасаған еді, оған сот құрамымен бір сағаттай ақылдасып, «болмайды» деген шешім шығарды. Тайшыбеков екі айдан бері түрмеде отыр. Жоғарыда айтқандай оның Қазақияда, Ресейде қолдаушылары өте көп. Қазір олар: «Қазақстандық орыстардың құқығын қорғаушы адамды қорлап жатыр», – деп ақпарат құралдарында әртүрлі мақалалар жазып, шу көтеріп, шырылдап жүр. Тіпті Ресей президенті В. Путинге, Қазақстан президенті Н.Назарбаевқа қол жинап хат жазғандарын, Алматыдығы ресей консулымен де кездескендерін білемін.Сондықтан өзінің еліне, жеріне жаны ашитын әрбір қазақ азаматы дәл осы сын сағаттарда ауызбіршілік танытып, бірігуі керек. Әлеуметтік желілерде, ақпарат құралдарында болсын бір адамдай өз ой-пікірлерін жазып, тарату керек. Е. Тайшыбековтің сотының нәтижесі – еліміздегі сепаратизмге берілген баға болады. Егер, Е. Тайшыбеков кінәлі деп танылып, түрмеге жабылса, түрлі сепаратистік идеяларды насихаттаушыларға, еліміздің тұтастығына қарсы әрекет жасап жүргендерге ауыр соққы жасалады. Ал, ақталып шықса, Қазақияның егемендігіне қарсы топтар бұрынғысынан да қатты тайраңдайды дей беріңіз.

Ең бастысы, біздің құзырлы органдар Е.Тайшыбековтің жалғыз емес екенін түсінуі керек. Әлеуметтік желілерде оны жақтаушылардың пікірін оқысаңыз, шошисыз. Онда: «Сіз құқығы тапталған орыс халқы үшін күресудесіз!» деген ұрандар жазылған. Сондықтан, бұл – үлкен қоғамдық резонанс тудыратын іс. Қоғам да жай бір рақат қалмай, мәселенің өзектілігін, ауқымдылығын көтере беруі керек. Кейбіреулер: «Тайшыбековке рақмет айту керек. Ол ұйықтап жатқан қазақтың санасын оятып жатыр» деп те жүр. Бізге ол сияқты ұлтараздықты тудыратын адамдар керек емес. Енді ол заңды түрде жазасын алу керек. Елдің санасын оятатын, рухын көтеретін жол ол емес.
Тайшыбековтің қамауға алынуына оның жақтаушылары қалай жауап қатуда?
Оның жақтастары А.Ахметова, А. Шербаков, т.б. В.Путинге, Н.Назарбаевқа және Ресейдің елшілігіне хат жазуды ұйымдастырған. Бірақ, осыны біле тұра билік басындағылардың неге үнсіз отырғанына таң қаламын. Щербаковтың да, Ахметованың да атынан арызданып, ҰҚК-ге тағы хат жаздым.. Жақында Ресейдің шетелдегі отандастары Мәскеуде жиналған. Сонда РФ Сыртқы істер министрі С. Лавров: «Біз әрдайым өзге мемлекетте өмір сүріп жатқан орыстардың құқығын қорғаймыз»,– деді. Бұл – халықаралық заңға қайшы. Өйткені, олар орыс болса да, өзге мемлекеттің азаматтары. Мәселен, Ресей Украинаның Қырымын тартып алды. Кезінде Украина мен Қазақстан ядролық қаруын Мәскеуге тапсырғанда, Ресей тарапынан өздерінің тәуелсіздігі мен тұтастығына қол сұқпау туралы кепілдік алған болатын. Ал, Ресей болса енді сол қарумен бүгінде Украина мен АҚШ-қа, тұтастай әлемдік қауымдастыққа қыр көрсетуде. Сол дұрыс па? Ертең Қазақияға да осындай шабуыл жасамайды дегенге еш кепіл жоқ. Біздегі ресейшіл шовинистер осыған арқалануы мүмкін. Сондықтан, Ресей билігінің бүгінгі саясаты өте қорқынышты дер едім.

Кез-келген сот процесі қағазбастылығымен қоса, арлы-берлі жүрісті қажет ететін, әуре-сарсаңға толы жұмыс екенін білеміз. Сот Алматыда емес, Е. Тайшыбеков тұрақты тіркеуде тұрған Жамбыл облысы Қордай ауданында өтіп жатқандықтан жер алшақтығы да мәселені қиындата түседі. Қаржы мәселесі де бар дегендей. Осы ретте сізге материалдық жәрдем жасаған, моральдық тұрғыда дем беріп жүрген азаматтар бар ма?
Құдайға шүкір, ондай азаматтар бар. Мен танымал журналист, «Жұлдыздар отбасы» және «Аңыз адам» журналдарын шығарушы Жарылқап Қалыбайға уақытын бөліп, Қордайға сот отырысына арнайы барып қолдағаныны үшін ризашылығымды білдіремін. Ұлт жанашырлары Мұхтар Тайжан мен Әміржан Қосанов аға жұмыстарынан шыға алмаса да, қайта-қайта телефон шалып халымды біліп, сот барысын мұқият қадағалап жүр. Қазақ азаматтарының осындай ауызбіршілігі ғана бізді небір сұмдықтан аман алып қалады деп ойлаймын.



Е. Тайшыбековтен басқа мемлекет тұтастығына қарсы идеяларды насихаттаушы тағы қандай тұлғалардың немесе қоғамдық ұйымдардың жұмысына назар аудартқыңыз келеді?
Менің ішім ашитыны «Республика» порталы Тайшыбеков сияқтыларды ұлтқа шынайы қызмет етіп жүрген Серікжан Мәмбеталин, Ермек Нарымбаев, Арон Атабек, Владимир Козловпен салыстырып, «режимнің құрбандары» қатарына қосып отыр. Тіпті, Тайшыбековтің қамалуын «Адам» журналының жабылуымен бірдей қоюда. Сычов деген тағы бір азамат ШҚО-да сотқа тартылып жатыр. Өйткені, ол «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде «Қазақстанның Ресейдің құрамына кіруін кім қолдайды?» деп дауыс жинаған. Мұны біздің «Әділ сөз» деген қоғамдық ұйым жақтап отыр. «Бізде сөз бостандығы бар емес пе? Бұл ол жігіттің өз ойы, жеке пікірі» дейді. Міне, осындай сөз бостандығын, пікір еркіндігін анархияға айналдырғысы келетіндердің тірлігі алаңдатады.
Ал, әлеуметтік желілердегі сепаратистік идеяларды таратушы топтармен күрес бір сәтке де тыйылмау керек. Олар бірінің көзі құрыса, екіншісі пайда болып жатады. Мен өзім 2012 жылы «ВКонтакте» желісінде «Вернем Северный Казахстан России», «Северный Казахстан Российская земля» деген топтарды Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Бас прокуратураға хат жазып жүріп жаптыртқанмын. Қазақстанға НОД (Народно-освободительное движение) деген ұйым келген. Жетекшісі – шовинист Александр Дугин деген профессор. Олар логотипіне Бауыржан Момышұлының фотосын салып қойыпты. Бас прокуратураға, ҰҚК-ға жазып, Бауыржан Момышұлының немересімен хабарласып, бұлардың кім екенін айтып түсіндірдім. Олар Қазақстанда тіркелмеген екен. Сөйтіп, бұл ұйымды да жапқыздым. Сондықтан, қазір әлеуметтік желіні пайдаланбайтын қазақ жоқ. Солар айналасына мұқият қарап, осындай топтарды байқаса, заңға сай арнайы органдарға шағымданып, олардың көзін жоюға үлес қосуы керек.
Ботагөз ханым, ұлттық мәселелер ресми билік тарапынан көтеріле бермейтінін бәріміз білеміз. Мұндай даулы мәселелер көп жерде «жабулы қазан жабулы күйінде» қалып жатады. Сол қалыптасып қалған қасаң қағиданы бұзып, арам пиғылдылармен заң жолымен күрес ашқан сіздің ісіңіз көп жастарға үлгі. Оқырмандарымыз да біле жүрсін, әңгімеміздің соңында өзіңіз туралы да айта отырсаңыз.

Өзім Қарағанды облысының қазіргі Қарқаралы ауданы, киелі Егіндібұлақ ауылының тумасымын. Мамандығым – филолог, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімін. 1974 жылдан бастап Қарағанды қаласында тұрғанмын, қазір Алматыдамын. Қалың орыстың арасында өстік. Олардың қазақ халқына деген көзқарасының қандай екенін бізден артық білетін жан жоқ шығар. Анам ұлтшыл кісі еді. Мұғалім болды. Қазақ ауыз, жазба әдебиетін жақсы білетін. Шәкәрім мен Ахмет Байтұрсынұлы, Мыржақып Дұлатұлы, Мұстафа Шоқайды елдер Қазақстан тәуелсіздік алғаннан білген болса, біз совет одағы кезінен анамыздың аузынан еститінбіз. Анамыз – Әлиман Әмзе қызы Сүлеймен Қаз дауысты Қазыбек бабамыздың тікелей 6 ұрпағы. Әкем Зарқын Тайшыбай – ел білетін тарихшы, журналист, абылайтанушы, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры.
Ұзақ жыл мектепте жұмыс істедім. Қазір тәуелсіз «Трибуна. Саяси қалам» газетінде жұмыс істеймін. Қоғамдық негізде де біраз жұмыстар атқарғым келеді. Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Георгий лентасының бізге жат атрибут екенін мәселе етіп көтердік. Досым Нұрұл Рақымбекпен осы мәселеге байланысты қол жинап, бұл лентаға ел аумағында тыйым салу туралы Үкіметке үндеу жаздық. Ісіміз нәтижесіз болмады, жоғарыдан бұл лентаны қолданбау туралы қаулы келді, мемлекеттік символ нышандары, ұлттық ою-өрнекпен безендірілген лента нұсқасы жасалды. Алматы, Талғар қалаларында сол ұлттық нақыштағы ленталарды тарату акцияларын өткіздік. Мұның барлығын мақтану немесе жақсы аттану үшін емес, жастарға бағыт-бағдар болсын, солар аз да болса үлгі алсын деп айтып отырмын.
Сұхбаттасқан: Дархан Мұқан